Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деңгейінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама «Тілдер және мәдениет фестивалі» атты тақырыпта өтті.
«Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін нәрсе – білім», — деп заңғар жазушы М.Әуезов айтқандай, жер жүзінің әр түкпірінен келген жүздері, тілдері басқа болғанымен білім мен өнерге құштар, тілектері бір жастар осы қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алып жатыр.
Бұл шараның мақсаты – жаңалыққа толы, инновациялық дамудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатқан ұстаздар еңбегін елге таныту. Шетелдік студенттерге тіл үйретіп, білім беру үшін оқытушы алдымен оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін жетік меңгеруі керек, педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелік қажет. Олар әлемнің әр елінен келген ұлт өкілдеріне тіл меңгертіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, ата тарихын үйретуде. Шетелден келген студенттер білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтерілуде.
Міне, осындай кәсіби әрі білім беру әлемінде жоғары деңгейде аянбай еңбек етіп білім беретін орта – кафедра. Осы уақытқа дейін кафедраның ғылыми базасы дамып, көптеген шетелдік азаматтардың білімін көтеріп, қияға самғатты. Бұл ашық есік күні кафедра жұмысының нәтижесін көпшілікке кеңінен таныстыруға зор мүмкіндік берді.
Аталған мазмұнды шараға Испания, ҚХР, Түркия, Вьетнам елдерінің және түрлі фирмалардың арнайы өкілдері, осы факультетті бітіріп кеткен бұрынғы бітірушілер қонаққа шақырылды.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы Ж.Е.Жаппасов, шетелдіктерлің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі Г.Қ.Ихсангалиева ашық есік күніне арналған кіріспе сөз сөйледі.
Кафедраның «Ашық есік күнінің» өтілуіне орай Испания, ҚХР, Түркия, Вьетнам елдерінің арнайы өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Шара барысында өткен жылдарда факультетте оқып кеткен тыңдаушылар шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары атына жылы лебіздерін білдіріп, шексіз алғыстарын жеткізді.
Концерттік бағдарламаға Қытай, Корея, Ауғанстан, Түркия, Филиппин, Германия, Испания, Швейцария, Жапония, Вьетнам және басқа да елдерден қазақ және орыс тілдерін оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік студенттер қатысты. Бұл концерттік іс-шарада шетелдік студенттер ән орындап, би билеп, қазақтың және орыстың атақты ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқи отырып, қазақ және орыс тілдерін меңгерген деңгейлерін, өз білімдерін, өнерлерін көрсете білді.
Сонымен қатар, факультет туралы, нақтылап айтқанда, Қазақстандағы шетелдік азаматтарға арналған ең алғашқы факультет туралы бейне түсірілім көрермендердің назарына ұсынылды.
Кафедраның және факультеттің тарихы туралы, факультеттегі өздерінің білім алу үдерісі туралы айтылатын бейне түсірілімді шетелдік студенттер дайындаған.
Кафедраның оқытушылары да ән орындай отырып, өздерінің студенттеріне тосын сый жасады.
Дәстүр бойынша іс-шара соңында кафедраның мұражайында сақталу үшін әрі тарих үшін жалпы фотосуретке түсті. Шетелдік студенттер мен оқытушылар дайындаған концерттік нөмірлер жиналған жұртшылық көңілінен шықты. Шара соңында келген қонақтар факультеттің көп жылдық тарихынан сыр шертетін мұражайды аралап, қонақтарға арналған қолтаңба журналына өз лебіздері мен алғыстарын жазып қалдырды.
А.Е.Саденова, Р.К.Дюсетаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары