Home » Мақалалар » Ахмет Байтұрсынов және латын әліпбиі

Ахмет Байтұрсынов және латын әліпбиі

Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін ақтық демі біткенше күрескен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мәңгі сақталуы тегін емес. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің алғашқы авторы және ұлт мақтанышы. Оның қазақ халқына арнап «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектер мен түрлі хрестоматияларды жазған. Әдістемелік құралдары әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдардың қолданысына ие.

Қазақ сөзінің қисынын (теориясын) қиыстырып, көркем сөйлеу тілін ғылым тіліне айналдырып, тіл-құрал етіп әдептеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінде де көшбасшы болып, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің негізін қалады. Әлем қаншалықты дамыса, Қазақстан республикасы көштен қалмай іргелесіп соншалықты дамып келеді. Еліміздің алға қояр мәселелерінің бірден–бірі ол тіл. Осы орайда айтар болса, барлығымызға мәлім латын әрпіне ауысу еді. Күні кеше еліміздің тарихы мен мәдениетінде елеулі оқиға орын алды. 2018 жылдың 26 қазан күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы №569 Жарлығын жариялады. Бұл – тарихи шешім. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «…Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты…»,– деп атап көрсетті. Жаңа әліпбиге көшу арқылы тәуелсіздікті баянды етуге, өркениетті елдердің қатарына қосылуға ұмтылуы еліміздің рухани жаңғыруға елдің дайын екенін танытты. Осылайша жаңа қазақ тілі әліпбиіне көшу — әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын негізгі жол, бүкіл түрік әлемімен бұрынғыдан да жақындаса түсудің басты факторы. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарымқатынас жасауларын жеңілдетеді. Ұлы ағартушымыз: «Біздің заманымыз–жазу заманы»,– деген. Академик  Өмірзақ Айтбайұлы «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» деген баяндамасында  жаңа әліпби жасаудың оңай шаруа емес екенін айта келіп, бір дыбысқа бір таңба бекітуді ұсынды. «Ахмет Байтұрсынұлы тілдің заңдылығын терең зерттеп, әрбір таңба мен дыбысты жүйеге келтірген. Қазіргі қолға алынған латын әліпбиін осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен әліпбиге негіздеп жасау керек» деген ойын білдірді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы «Ұлттық әдебиет – рухани жаңғыру мәйегі» тақырыбында сөз қозғап, латын әліпбиіне көшу–ділі, ой-санасы, дәстүрі бір әлем қазақтарын бір-біріне жақындастырып қана қоймай, қазақтың әлемдік кеңістікке еркін енуіне мүмкіндік тудыратынын айтты.

«Білім ғылымнан кенже қалған, мал бағып марғау жатқан қазақ халқын сол қаранғылықтан маса болып ызыңдап оятып, алып шығуды күрес жолының мақсаты етіп қояды. Ахмет Байтұрсыновтың ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терминдерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты. Сонымен, А. Байтұрсынов 1910 жылдардан бастап қазақ жазуымен (графикасымен) айналыса бастайды. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттеріне білдіре бастайды. Қазақ жазуына, тіліне ыңғайлысы ол «Арап» әріптері еді. А.Байтұрсынов араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір талассыз қабылдады, себебі А. Байтұрсыновтын реформасы қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын. Сонымен қатар оның 1912 жылдардан бастап ұсынған, осы алвафитті негізге алған жаңа жазуы (ол «Жаңа емле» деп аталады) іс жүзінде қолданыла басталды. 1915 жылдың бір өзінде осы емлемен (жазумен) 15-тей қазақ кітабы басылып шығыпты және бұл жазуды («Жаңа емлені») 1912 жылдардан бастап мұсылман медреселері мен қазақ – орыс мектептері де қолдана бастапты. 1924 жылы Орынборда маусымның 15-сіндегі мәжілісінде А. Байтұрсынов «Әліпби тақырыпты» деген баяндама жасайды. Ол түркі халықтарының қолданып келе жатқан жазуы бар екендігін, оны тастап, басқа графикаға көшу оңай емес деген пікірін осы съезде дәлелдейді. Әліпби (графика) қандай қасиеттерге ие болу керек деп, қазақ халқы қолданып отырған, икемделіп, өңделген (реформаланған) араб алфавитінің он сипаттарын (қасиеттерін) көрсетеді де, латынға көшкенде, латын алфавитін қолданушы Еуропа халықтары тіліне түркі жұрттарының қатысы жоқ дей келіп, «латын әліпбиін тұтынған (еуропалық) жұрттар орыстың орнында болып, аузына қарап… Онда алуға мағына бар дер едік» деп ойын орнықтыра түседі.      А.Байтұрсыновтың осы баяндамасын және латын таңбаларын алуды қостаған Алаш арысы, біртуар мемлекеттік қайраткер Нәзір Төреқұловтың баяндамасын талқылап, екі алфавиттің оң – теріс жақтарын сарапқа салып қарағаннан кейін, съезд: «Қазақ тұтынып отырған түрк (араб таңбалы) әліпбиінің баспа түрін дара болмауы баспа ісіне де, үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылу үшін түрк әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрк әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек» деп А.Байтұрсынов реформалаған және баспа түрінің де вариантын ұсынған араб жазу негізіндегі қазақ алфавитін қабылдау керек» деген қара ұсынды. (Қазақ білімпаздарының  тұңғыш съезі.Орынбор).1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкіл Одақтық Түркологиялық съезде барынша дәлелдеп, қазақтардың латынға көшуіне қарсы болды. Бұрыннан пайдаланып келген, әрі нақтылы бір ұлт тіліне лайықталып, реформаланған араб (мысалы, қазақтардікі сияақты), не орыс (мысалы, сол кезде чуваштар қолданып отырған) графикасын латыншаға ауыстырудың ешкандай не саяси – идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісінде де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір – бірінен артық–кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мұрадан, жазба дәстүрден қол үздіреді дегенді айтты. Ахмет Байтұрсыновты жау етіп тануға күш салғандардың оған тағатын айыптарының бірі–«Байтұрсынов термин жасауда пуристік бағыт ұстады, яғни қазақ тіліне орыс сөздері мен интернационалдық терминдерді жолатпауға тырысты» деген пікір болатын. Сөйтіп, ұлы ағартушы, педагог 1929 жылы ұсталып кеткені байқалады. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ мәдениеті, жазба тілі үшін графика (әліпби) мәселесі мен қазақ жазуы емлесі жайындағы әңгіме баспасөз беттеріндегі пікірталастар түрінде әлеуметтік үнге ие болды. Бұл–қазақ рухани-мәдени дүниесінің едәуір көтерілгенін, ұлттық проблемаларға бара алатын зиялы топтың, мәдени күштің жетіле бастағанын танытты. Қазақ жазбасы сан ғасыр бойы қолданылып келген, ХХ ғасырдың басында реформаланып, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталған, кезінде үлкен ғалымдар (Поливанов, Яковлев т. б.) «Байтұрсынов жазуы» деп, ал А. Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Бұл қарекет, әрине, жеке-дара қазақ мәдениетінде емес, түріктер мен әзірбайжандарда басталып, Ресей қол астындағы түркі халықтарының (татар, қазақ, өзбек, қырғыз, ноғай т. т.) барлығының саяси-мәдени өмірінде белсенді түрде орын алғаны белгілі. Бұл құбылыстың алдыңғы кезеңдердегі алфавит, соған сәйкес жазу тәртібі–орфография мәселелерінің қойылуынан өзгешелігі сол–бұл кезеңде (1924 – 1929 жылдары) графика мен орфография үлкен саяси-әлеуметтік үн алды. Конференция, жиындар өткізілді. Бұл проблемаларға арналған ғылыми-практикалық негіздерге сүйенген баяндамалар жасалып, үлкен пікірталастар орын алды, қазақ ағартушылары мен ғалымдары арабшылар–латыншылар болып айқын екі жікті құрады. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар бастаған «арабшылар» (реформаланған араб жазуын ұсынушылар) азшылық болды. Сол кезеңнің саясатына қарай өзге түркі халықтары өкілдерінің көпшілігі латын жазуын жақтап, Кеңес Одағына қараған түркі халықтары үшін латын жазуына көшу ұйғарылды. Міне, осымен тарихымызда, А.Байтұрсыновтың қазақ халқына, қазақ тіліне үйлестіріп қайта сұрыптап жасаған, өзінің алфавиті мен бірге халқының сауат ашып, қара тануына зор еңбегін сіңіріпқана қоймай осы жолда бар ғұмырын сарп етті десек артық болмас.  Ал қазіргі заман «Ақпараттық технология заманы». Кім не істеп, не үйренемін десе жолы ашық. Мектеп қабырғасындағы оқушыдан зейнеткер қарияға дейін латын алфавитін (толық болмасада ішінара) танымайтын адам шамалы. Өйткені заман талабына сәйкес, экспорт, импорт, тауар жазбалары, телефон сөздіктері, электрондық почтамен хабарласу, интернет сайттары, кейбір шетел тілін үйрену үшін осы латын алфавитін қолданады. Расындай қолайлы жағдай сәтін пайдаланып, мемлекетіміз латын алфавитіне ресми түрде көшкені тиімді.

 

Айзакова Алима Жолмуратовна,
№34 орта мектебінің
Жоғары санатты
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
гуманитарлық ғылым магистрі
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы

 

Пайдаланған әдебиеттер

  1. «Тіл тағлымы», Ахмет Байтұрсынов Алматы «Ана тілі» 1992
  2. Р.Сыздықова Ахмет Байтұрсынов  Алматы «Білім» 1990
  3. А.Байтұрсынов Ақ жол Алматы Жалын 1991
  4. «ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕН ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫ НЕГІЗІ» ғылыми материалдар жинағы «Тараз университеті» баспасы Тараз , 2018

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.