Home » Мақалалар » АУЫЛ МЕКТЕБІН БАСҚАРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

АУЫЛ МЕКТЕБІН БАСҚАРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

Бүгінгі таңда ауыл мектептері болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы, ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын мекемелер болып табылады. Қазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде өнегелілік өлшемінен айрылған адамның ақыл-ойы, бағыт-бағдары санасының адасуынан зорлыққа, қатыгездікке ұрындырады. Оған қоса центризм, рационализм дәстүрлеріне бағдарланған қазіргі мектептерді шығыстық діл мен мәдениетіне бағыттап, озық адамгершілікті тәжірибелерді меңгеруіміз қажет. Оқушы жастарға жалпы білім негіздерін терең меңгертіп, белгілі кәсіби мамандықтарға баулуға ерекше назар аударумен қатар, жасөспірімдердің бойына  өнегелілік сапаларды, рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, халықтық этномәдени мінез-құлыққа тәрбиелеуге және жалпыадамзаттық құндылықтарды, игі мұраттарды ұстанатын, салауатты өмір сүретін тұлғаны қалыптастыруымыз қажет.

Қазақстан Республикасының «базалық білім беру» ұғым мазмұнын толықтыратын «Бүкіл әлемдік білім беру» декларациясы мен «Бала құқықтары туралы» конвенцияның  бағдарламалық ережелерін ұстана отырып, ауыл мектептерінде жасөспірімдердің бойына өнегелілік қасиеттерді, яғни адамгершілікке, инабаттылыққа, қайырымдылыққа, мейірбандыққа, әділдікке, еңбексүйгіштікке, өтірік айтпауға, сөзінде тұруға, зорлық-зомбылық жасамауға, бақытты өмір сүруге тәрбиелеуімізді талап етеді.

Ал әлеуметтік құрылымның бағыты – ауыл, аудан, облыс, мемлекеттік деңгейді қамтитын жүйеден тұрады. Осыған сәйкес, Ә.Т. Өтебаева өзінің «Ауыл мектебі оқушыларын рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің педагогикалық шарттары» атты зерттеу жұмысында: «Ауыл мектептерінің жағдайы және оқушыларының білім алуы мен тәрбиеленуі ауылдың әлеуметтік жағынан дамуына, ұлттық сезімнің дамуына, ауыл жастарының тұрақтануына, тұрғындардың мәден деңгейінің артуына, демографиялық мәселелерді шешуіне әсері мол», деп баяндай келе, «ауыл мектебі» туралы мынадай анықтама береді: «Ауыл мектебі дегеніміз – жас ұрпақтың ой-өрісін жан-жақты дамытып, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және халық педагогикасының негізінде мол мұраларын пайдалана отырып, рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің орталығы».

Ал зерттеуші Г.Е. Нұрмұханова: «Қазіргі кезеңде ауыл мектептерінде оқушылардың шығармашылық дербестігін қалыптастыру» деген еңбегінде ауыл мектебінің дамуы әлеуметтік-экономикалық, тарихи, демографиялық, территориялық, әлеуметтік-психологиялық факторлардың өзара әрекеттесуі нәтижесінде жүретіндігін көрсеткен. Сонымен қатар ол: «Оқушылардың оқыту және тәрбиелеу жұмысын ұйымдастырудың ерекшелігі ауыл өмірі мен халық тұрмысының ерекшелігімен сипатталады», — деп түсінік береді. Соған сәйкес ауыл мен қала мектебін басқарудың өзіндік педагогикалық-психологиялық ерекшеліктері бар екендігін айқындаймыз.

Кесте – 1. Қала мен ауыл мектептерінің айырмашылықтары

Ауыл мектебіҚала мектебі
Әлеуметтікгеографиялық ерекшелігі
Халық саны азХалық саны көп
Әлеуметтік орта шектеуліӘлеуметтік орта кең
Тірі табиғатқа жақынТірі табиғаттан алшақ
Толық (көп балалы) отбасыТолық және жартылай толық отбасы
Әлеуметтік топқа бөлінудің қатаң жіктелмеуіҚатаң әлеуметтік топқа бөлінушілік
Жергілікті  ұлт өкілдерінің басымдылығыБірнеше ұлт өкілдерінің ортасы
Психологиялық ерекшеліктер
Оқушылардың бойында ұлттық менталитеттің толық сақталуыОқушыларда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардың араласуы
Ауыл шаруашылығы мен тарихи-мәдени игіліктерді  игеруіӨркениет пен техникалық игіліктерді игеру
Педагогикалық ерекшелігі
Тәрбиеленуге бейім, әдептіЕркін тәрбиеленеді
Білім алуға ақпараттың шектелуіБілім алуға ақпараттың көптігі
Жаңа технологияға баяу енуіЖаңа технологияның жылдам енуі
Педагог мамандардың қамтамасыз етілуінің мүмкіндігінің аздығыМамандардың толық қамтамасыз етілу мүмкіндігі зор

 

Ауылдық жерлердің спецификасын білім беру мен ағарту ісіне тиімді пайдаланудың маңызы зор. Ондағы табиғи-географиялық ортамен біте қайнау, сыртқы әлеммен тікелей байланыста болу баланың психо-физиологиялық дамуының шарты, фантазиясы мен шығармашылық қиялын қалыптастырудың негізі, әсемдік пен қоршаған ортаны құрметтей білудің эстетикалық және экологиялық тәрбиесінің мазмұны екендігін байыптап, іс-тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Оған қоса тамаша табиғат аясы, әсіресе, әсем су айдыны бала қиялын тербеп, асқақ армандарға жетелеп жатқандай. Ауыл мектебінің оңы да, солы да орман және егіс алқаптарымен шектеледі. Мұның бәрі баланың табиғатты сүйіп, оның қадірін біліп, кітаптан оқығанын табиғаттан көріп, араласып өсуіне толық мүмкіндігін туғызады. Сонымен қатар оқушылардың бойында шынайы отансүйгіштік, табиғатты құрметтеушілік сапаларының қалыптасуына әсер етеді. Мұның дәлелі ретінде профессор Г.Н. Волков: «В сельской местности существование личности продолжает традиционно находиться в большой зависимости от природных, предметных, социальных и ценностно-символических реалии»,-деп сипаттайды.

Ауылдық жерлерде оқушылардың мектептен тыс шаруашылық жұмыстары, кәсіби бағдар беру, еңбекке баулу т.б. күнделікті іс-әрекетпен тікелей байланысты. Яғни: «Кәсіптік бағдар беру – жеке адамның ғана проблемасы емес, жалпы мемлекеттік мәселе. Әрбір жеткіншек ұрпақтың қызығушылығы мен мүмкіндігі мен қабілетін ескере отырып, белгілі бір кәсіпті таңдауға байланысты жасалынған жалпы мемлекеттік тұғырнама».

Ауылдық мектепті басқару ісіндегі кәсіптік бағдар беру ағарту сатысының тиімді тұстарындағы физикалық еңбекке үйрену шарттарының объективті жағдайлары туралы халық мұғалімі Қ. Айтқалиев: «Ауыл балалары көзін ашқаннан еңбекпен нанның құнын ерте біледі. Олар үйдегі ұсақ-түйек шаруашылықтан бастап, екі-үш қара малдың күтімі, үй іргесіндегі шағын бау-бақшаның бапталуы т.б. жұмыстарды тұтас қамтиды…» деп сипаттайды. Яғни ауыл мектебінің оқушысы арнайы еңбек алаңында күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ауыл шаруашылығы істерін өздігінен қадағалап, танып-біліп, игеріп отыруына мүмкіндік алады. Бұл еңбекке баулу мен еңбек туралы мәліметтерді оқушылар ата-анасынан, достарынан т.б. сыртқы әлеуметтік ортадан да қабылдай алады дегенді білдіреді. Мектеп оларға ұсыныстар беруге, олардың әрқайсысына кәсіптік таңдау жолын көрсетуі тиіс. Оқушылардың таңдауы бойынша оқу пәндері жөніндегі практикумдар мен факультативтік сабақтар оқушылардың қалаған мүдделерін, бейімділіктерін және қабілеттерін анықтауға жәрдем ететіндігі сөзсіз. Мектеп олардың кәсіптік бағыты жөніндегі жұмысты жеңілдете түседі.

Ауыл мектебінің оқушылары үшін кәсіп пен мамандықтар туралы алғашқы білімді игеріп алу да маңызды. Осыған орай жоғарғы оқу орындарының жетекші мамандарымен пікір алмасып, мектеп шәкірттеріне қажетті мамандықтар жөнінде тиімді кеңестер мен ұсыныстар берген орынды. Мұндай мәселелерді директор бастауыш сынып оқушыларынан бастап, ата-аналарына дейін оларға арнайы түрде кәсіпті игеру бағдарламасын беретін лекциялар ұйымдастыруды қолға алу қажет. Ауылшауашылық еңбек тәрбиесіне байланысты қызметтері агроэкологиялық аспектілермен де тығыз байланысты. Зерттеуші Ш.Абеуова өзінің «Ауыл мектебі оқушыларының агроэкологиялық мәдениетін қалыптастыру» атты еңбегінде: «Ауыл мектептерінің өзіндік ерекшеліктерінің бірі – оның табиғаты мен шаруашылығы болса, онда ауыл шаруашылығына байланысты оқушылардың экологиялық тәрбиесінің педагогикалық негіздерін агроэкологиялық тәрбие қарастырады. Агроэкологиялық мәдениет дегеніміз – өмір сүріп отырған аймақтың, ауылдың табиғат құндылықтарына, жеріне, дала шаруашылығына деген қызығушылығы, оны құрметпен түсінуі, табиғатты тани білуі, ауыл шаруашылығын экологияландыру мақсатындағы білімі, іскерлік дағдысы және іс-әрекет мәдениеті»,-деп келтіреді.

Балаларды тәрбиелейтін ата-аналар мен ұстаздар экологиялық тәрбие туралы өте сауатты, білімді болуы керек. Одан кейінгі экологиялық тәрбиенің қалыптасуы қоғамның қатысуымен болуы керек. Бұл көбіне елдің басшыларына, олардың экологиялық мәдениетінің деңгейіне, қоршаған табиғи ортаны қорғау мақсаттарына қаншалықты көңіл бөлініп жатқанына байланысты. Қайта қалпына келмейтін табиғи ресурстарды оңды-солды шашамыз, суды, ауаны ластаймыз, көптеген тұрмыстық қоқыстар шығарып жатырмыз. Табиғатты қорғауды өз үйіңнен бастауға болады, бұл – суды үнемдеп жұмсау, оның ластануын төмендету, ауаны ластайтын зиянды заттары жоқ нәрселерді қолдану т.б. экологиялық мәдениет түрлері.

Ауыл мектебін басқарудың педагогикалық-психологиялық негіздері, ауыл мектебінің ерекшеліктері, оқу-тәрбие үдерісіндегі басшылықтың ролі, тәрбиеленуші мен тәрбиелеуші арасындағы қарым-қатынасы туралы зерттеулер әлі де болса өз жалғасын табады.

Дүйсенбаев Абай Қабақбайұлы

Ақтөбе қаласы

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.