Біздің бүгінгі ЖЖА («Жаныңда жүр жақсы адам») жобасының кейіпкері — Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылы «Кәусар-Інжу»ЖШС балабақшасының меңгерушісі Қарқабатова Айнұр Тоқтасынқызы.
— Құрметті Айнұр ханым, сұхбатымызды өзіңіздің қысқаша өмір жолыңыздан бастасақ…
— Мен 1984 жылы 18 ақпанда Райымбек ауданы Кеген ауылында дүниеге келдім. Сол жердегі Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте білім алдым. Мектепте үздік атануыма ұстаздарымыздың да озық тәжірибесі ықпал етті. Сынып жетекшіміз Смағұлов Айдос деген кісі өте білімді, жоғары талапты, қатал кісі болды. Осындай қаталдықтың арқасында сыныбымызбен тәртіпті, білімге ғана ден қойып тәрбие алдық. Мен оқушы кезімде мектептің белсенді оқушысы болдым. Қабырға газеттерін шығаратынмын, әр түрлі шаралардан қалмай қатысатынмын. Би биле десе би билеп, ән сал десе ән салып кететінмін. Көпшіліктің алдында өнер көрсеткенді ұнататынмын. Оқушы кезімде көп армандайтынмын. Суретті жақсы салатындықтан дизайнер болам дейтінмін. Дәрігер болудыда армандайтынмын.
— Міне, ғажап! Ал, сол армандарыңыз орындалды ма?
— Иә, орындалды деп ойлаймын. 2001 жылы мектеп бітірген соң Талғар медицина колледжіне түсіп фельдшер мамандығын алып шықтым. 2005 жылы Орталық Азия Университетіне түсіп биология мамандығын бітірдім. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін «Бастауыш-оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алдым.
— Медицина саласымен меңгерушіліктің арасы жер мен көктей. Дегенмен, екеуін де қатар алып жан-жақты жұмыс істеген боларсыз?
— Әрине. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген орталық ауруханасында жедел жәрдем бөлімшесінде фельдшер болып 5 жыл жұмыс істедім. 2010 жылы Райымбек ауданы Кіші Жалаңаш ауылында Нүсіпбеков атындағы орта мектепте мейірбике қызметін атқардым. 2015 жылы атам Құтел Ермек құрылтайшылықпен Жалаңаш ауылынан жеке балабақша ашты. 2015 жылы өмірім түбегейлі өзгеріп, медицина жолынан педагогикаға бет бұрдым. Бүгінгі таңда жекеменшік «Кәусар-Інжу балабақшасы» ЖШС меңгерушісімін.
— Тамаша. Әңгіменің басында дизайнер болғым келді деп қалдыңыз…
— Иә, бала күнімде көп армандайтынмын. Дизайнер болғым келетін. Бұл сурет сызу мен сурет салуды бөбекжайда жалғастыруға болады. Дегенмен бұйырған нәсібім де кәсібімде осы болып тұр. Арман ешқашан таусылған емес. Қазіргі таңда балабақшамыздың ауқымын кеңейтіп, үлкен балабақша ашқым келеді. Ауылым үшін еңбек етіп, балабақша тәрбиеленушілері арқылы ауылымның атын шығарғым келеді.
— Әйел адамға басшы болу қиын емес пе?
— Әр маманның өзіндік қиыншылығы бар. Мысалы, медицинада жүргенде небір ауруларды көріп жаным қиналатын. Үйге келгенде сондай адамдарды уайымдап, еш ойымнан кетпейтін. Ал біреуге жәрдемдесіп, септігімді тигізсем жаным рахат табатын. Қазіргі мамандығымның да қиыншылығына қарағанда қызығы мол мамандық. Балалармен жұмыс істеген өте керемет. Солардың әр қылығын, қуанышын көргенде барлығын ұмытып кетесің. Мамандығымның басқа мамандықтан ерекшелігі баланың алдында әртіс бола білу, психолог бола білу яғни сан қырлы болуды талап етеді. Өте қызықты да жауапты мамандық. Егер уақытты кері айналдырса қайтадан педагогиканы таңдар едім.
— Алпыс екі тамырды соққызып тұрған тұла-бойыңыздағы қасиеттерге тоқталайықшы.
— Бойымдағы жақсы қасиетім жұмысыма өте талапшылмын. Әр нәрсе уақытымен орындалғанын қалаймын. Өтірік айтқан адамды жек көремін. Жаман қасиетім қаталмын.
— Алға қойған мақсатыңызбен ұстанымызды да айта отырыңыз.
— Алға қойған мақсатым балабақшаны көркейту, балабақшада тәрбиеленіп жатқан балаларды талабына қарай биікке шығару. Басқа округтерден де жекеменшік балабақша ашу. Ұстанымым ауылыма адал қызмет ету. Алға қойған мақсатыма жету. Ұрпағымды саналы, білімді, иманды етіп тәрбиелеу.
— Бала десе ішкен асын жерге қоятын көрінесіз…
— Бәлкім солай болар.Өйткені балалармен қарым-қатынасым жақсы. Періштелерді кім жек көрсін? Балабақшамызда екі топ бар. Әр топқа кіріп солардың былдырына тоймай бөгеліп қалатыным бар. Біздің балабақшада барлық балаларды мақтан тұта аламыз. Әр қайсысының өзіндік өнерге деген ұмтылысы жетерлік. Атап айтқанда: Нұрболат Нұриман, Оразбек Азат, Жұмали Азиз, Жекен Алихан, Ермек Інжу, Ерғали Нұрай, Жұмағожа Аяла, Әбдіманап Калиманұр, Сәкен Абзал, Еркінбек Ақзере, Ербол Аяулым, Ренатқызы Айсұлу есімді бүлдіршіндер.
— Сонда сіз үшін тәрбиеші, басшы болу деген…
— Мен үшін тәрбиеші болу балаларға өмірлік үлгілі тұлға болу. Ал басшылық қызметте, жауапты бола білу бірінші талап етіледі.
— Мінекей, соңғы сұраққа да кезек келді. Балабақшадағы бүлдіршіндердің бал қылығымен сұқбаттымызды қызықтығып аяқтасақ…
— Ондай қызық оқиға өте көп қой. Дегенме,н есіме түскен ең ерекшесін айтып берейін. Кіші топ тәрбиеленушісі 1 жарым жастағы Төлеген Заңғар музыка жетекшісі Айгүл апайды көрсе, алдына түсіп алып қуанғаннан билей жөнеледі. Екінші топ тәрбиеленушілері бірін бірі ренжіткен сәтте, «Біз бәріміз бір отбасымыз», — деп ренжіген баланы жұбатады. Екі топтында балалары таңғы асты батасыз бастамайды. Айта берсең балалардың күнделікті қызықтары таусылмайды.
— Сөз жоқ. Сүйсінбеу мүмкін емес. Сұқбат барында түсінгенім сіздің мамандығыңыз жауапты жұмыс ғана емес,сонымен қатар сауапты іс. Ізгі істеріңіз жақсылықтардың игі бастамасы болсын! Іске сәт!
Жадыра Бағашар,
«Білім айнасы»,
Алматы облысы,
Райымбек ауданы