Сабақтың мақсаты: Малды бекіту, тексеру әдістерін меңгеру, теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру.
Құралдар мен жабдықтар: Ауыз кергіштер, сыналар, Гармс танау қысқыштары термометрлер, фонендоскоп, плессиметрлер, перкуссиялық балғашықтар, троакарлар, резина бөтелкелер, зондтар, арқан, бұраулар.
1 – тапсырма: Малды бекіту әдістері.
а) Мүйізді ірі қараның, қойдың, жылқының басын бекіту техникасы. Танау қысқыштары, бұрауларды қолдану, сиырдың мүйізінен, танауынан бекіту.
ә) Мүйізді ірі қараның, жылқының аяқтарына фиксация жасау техникасы – тізеден бүгіп көтеру, артқы аяқтарын арқанмен тарту, бұрау салу, ағашпен көтеру, құйрығымен бекіту.
2 – тапсырма: Малды жалпы клиникалық тексеру.
а) Анамнез жинау және габитусты анықтау. Малдың еріксіз жату не тұру себептері, қоңдылығы, мінез – құлқының ерекшеліктері анықталады.
ә) Терісі мен түгін зерттеу – қарау және пальпациямен жасалады – түгінің теріге жабысуы, жылтырлығы, терінің тартып, жіберіп созылмалық қасиетін, құлақтың, мүйіздің түбінен, танауынан, аяқтарын ұстап температурасын анықтауға болады.
б) лимфа бездерін зерттеу. Негізінен пальпация жасап бездердің көлемін, формасын, қоз,алмалылығын, ауырсынуын анықтайды. Күйіс қайыратын малдарды жауырын алды, түзе үсті, ал ісінгенде алқым, құлақ түбі бездері зерттеледі.
в) Кілегей қабықтарды зерттеу – көздің, ауыздың, танаудың кілегей қабықтары зерттеледі. Кілегей қабықтардың түсіне, тұтастығына, жылтырлығына, ойық, уытты жаралардың, қанталаған жерлердің болуына мән беріледі.
г) Термометрия жасау – тік ішек арқылы анықталады. Вазелин жағылған термометрді жайлап бұрап тік ішекке енгізеді, 10 минутқа қалдырады сонан соң суырып, мақтамен сүртіп көрсеткішін жазып алады.
3 – тапсырма: Жүрек – тамыр және тыныс ал жүйелерін зерттеу.
а) қарау және пальпация арқылы жүректің соғысын анықтау, 1 минуттағы жүрек серпінін санау. Қарау кезінде малды жарық көзіне сол жағымен қойып бекітеді де, алдыңғы сол аяқты алға жылжытады. Сосын артқы аяқтың тұсына барып жүрек тұсындағы жүннің, терінің қозғалысына зер салады.
ә) Жүрекке перкуссия және аускультация жасау техникасы.
Перкуссия жауырынның артқы ұшынан жоғарыдан төмен дыбыс көмескіленгенше асалады.
Аускультация тікелей құлақпен, не фонендоскоппен жасалады, иық буыны сызығынан 2-3 см төменнен жасалады.
б) пульсті анықтау: мүйізді ірі қарада сыртқы бет, сафен және орталық құйрық артериясынан анықтайды.
Жылқыда пульсті самай, орталық құйрық, иық артерияларынан зерттейді.
Аускультация жасау үшін көкірек клеткасы ойша 5-ке бөлінеді: жоғарғы, ортаңғы, төменгі, сосын жоғарғы мен ортаңғы тағы 2 тіке бөліктерге бөлініп, әуелі ортаңғы бөліктер, сосын жоғарғы, соңынан төменгі бөліктер тыңдалады. Өкпеден шығатын дыбыс пен шулар анықталады
4-ші тапсырма: Ас қорыту және зәр шығару жүйелерін зерттеу
а) Ауыз кергіштерді, сыналарды қолдану техникасын меңгеру. Ауыздың кілегей қабығын тексеру.
ә) Жұтқыншаққа ауызды ашып қарау және сыртқы пальпация жасау техникасы.
б) Мүйізді ірі қараға мүмкіндікке қарай зонд енгізу.
в) Күйіс қайыратын малдардың мес қарнын сол жақ аш бүйірден жұдырықпен пальпация жасап зерттеуге болады. Қалыпты жағдайда ірі қараның қарны екі минутта 2-5 рет, қойда 6-12 рет жиырылады.
Перкуссиямен дыбыстың өзгерісіне қарай қарындағы газ жиналуды, не атония белгілерін анықтайды.
Аскультациямен мес қарынның жұмыс деңгейін анықтайды.
Жұмыршақ қарынды ірі малдарда төс сүйегінің арт жағынан жұдырықпен терең пальпация жасап зерттейді. Жүрелеп отырып, шынақты тізеге қойып, итереді. Сонымен қатар, шоқтығының терісін жинап зақымдануды анықтайды. Қатпаршаққа оң жақтан иық буыны тұсынан 7-10 қабырға аймағынан аскультация жасайды.
Ұлтабар оң жақта қабырға доғасының астында орналасқан, оны пальпация және аскультация әдістерімен зерттейді.
г) Ішектерді зерттеу. Күйіс қайыратын малдардың ішектері құрсақ қуысының оң жағында, жоғарыда тоқ ішек; төменінде аш ішек орналасқан.
д) Бауырды зерттеу. Мүйізді ірі қарада бауыр оң жақта 10-12 қабырға аралығында орналасқан, перкуссия жасалады.
Жылқының бауыры тексеруге қолайсыз.
е) Бүйректі зерттеу. Ірі малдарда ішкі және сыртқы терең пальпация қолданылады.
Сыртқы терең пальпация үшін малдың бүйрек тұсына сол қолды алақанымен қойып, сыртынан оң қолдың жұдырығымен соққылар береді.
Ішкі пальпация тік ішек арқылы жасалады.
Ұсақ малдарда бүйректі екі қолдың бас бармағымен малдың беліне қойып, қалған саусақтармен басып көреді.
ж) Қуықты зерттеу. Ұсақ малдарда қуықты сыртқы пальпация, ал ірі малдарда тік ішек арқылы зерттейді.
Оқулықтар:
Малдарды зерттеу әдістерін меңгеру З.С Абдукаримова “Клиникалық диагностика” Алматы, 2014
Ертілеуова Мөлдір Сансызбайқызы
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі
«Ветеринария» мамандығының арнайы пән оқытушысы