Ұлан аудандық орталық кітапхана «Отбасылық оқу антропологиясы» атты зерттеу жобасына қатысып, өз зерттеулерін халықаралық XII-ші Санкт-Петербургтік кітаптар салонында онлайн қорғады.
Жыл басынан бері Ұлан аудандық орталық кітапхана Ресей еліндегі Ленинград облыстық балалар кітапханасы мен А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ұйымдастырған «Отбасылық оқу антропологиясы» атты зерттеу жобасына қатысып, үздіктердің қатарынан көрінеді. Нәтижесінде аудандық кітапхана қызметкері жүргізген зерттеу 2017 жылдың 25-28 мамыр аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен XII-ші Санкт-Петербургтік кітаптар салонына қатысуға мүмкіндік алды. Кітапхана қызметкері Бақытгүл Ахмадиева 27 мамыр күні «Отбасылық оқу дәстүрі» атты зерттеу жұмысының нәтижелері бойынша «Отбасындағы кітап тарихы» атты онлайн-семинарға қатысты.
Ресей мен Қазақстанның отбасыларындағы кітап оқуға деген қызығушылық 2 жыл шамасында зерттеліп келеді. Біз бұл зерттеу жұмыстарына биыл бірінші рет қатыстық. Біздің жобамызға Қасым Қайсенов кентіндегі Әбілмажиновтар әулеті қатысты. Оларға осындай сараптамалық жұмысқа қатысуға келісім бергендері үшін алғыс білдіреміз,- деді зерттеу жұмысын жүргізген кітапхана қызметкері Бақытгүл Ахмадиева.
Зерттеу барысында отбасындағы кітапқа деген қарым-қатынас, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр, оқуға деген қызығушылықтың барлығы сарапқа алынды.
Мен үйдің үлкендері мен балаларынан кітап оқудағы дәстүрлері жайлы, кітап оқуға деген қызығушылық ата немесе ана қанымен дарып келе жатырма, отбасылық кітапхана қорын кім жинақтады, кітапты қалай сақтап, қалай бір-біріне мұра етіп қалдырып отырғандарын сұрап, сұхбат жүргізіп, артынан бұл ақпараттарды зерттеу жұмысымның өзегі етіп алдым,- деп атап өтті Бақытгүл Айдарбекқызы. Әбілмажиновтар әулетінде ақпараттық-технология заманның дамып отырғанына қарамастан, отбасылық кітап оқу дәстүрі 3 ұрпақ бойы сақталып келеді. Олар адамның жан-жақты дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне мүмкіндік беріп, тәрбиелейтінін біледі. Мен олардың осы дәстүрді қалай сақтап келе жатқанын зерттеп, балалардың кітапқа деген қызығушылығын отбасы қалыптастыратынына көзімді жеткіздім. Өйткені отбасыда балалардың рухани байлық, адамгершілік қасиеттері, тәлім-тәрбиесі қалыптасады. Әр жанұяда осындай дәстүр сақталып, жалғасын тапса келер ұрпақтың болашағы жарқын болатынына сенімдімін.
Зерттеу жұмысы қорғалып қойғанымен, оның қорытындысы әзірге ғалым, жазушылармен талданып жатыр және нақты шешімі жуық арада белгілі болмақ.
Ақерке Рагызбаева
Ұлан аудандық «Ұлан таңы» газетінің журналисті
Қасым Қайсенов кенті
Шығыс Қазақстан облысы