Облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары өндірістен қалған қағаздарды тапсырып пайда тапты. Бұл жоба оқу орындағы «Green Clean» экологиялық клубының бастамасымен жүзеге асқан. Қазір әлемде макулатура арқылы экологиялық ахуалды оңалтып, пайда табуға болатын кәсіп түрлері қарқын алып келеді. Өңірдегі жас стартап кәсіпкерлер қолға алған макулатура (қағаз қалдықтарын тапсыру) жобасы қазір пилоттық режимде Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде енгізілген. Былтыр бұл оқу орынға макулатура қалдықтарына арналған бірнеше станциялар орнатылған. «Бұл өз кезегінде қоқысты сұрыптауға және табиғатқа келетін залалды азайтуға көмектеседі», — дейді экоклуб жетекшісі Әнуарбек Өтешқалиев. Оның айтуынша, пайдаға аспай қалған қағаздарды шикізат түрінде қайта өңдеп, кемінде 7 рет кәдеге жаратуға болады екен. Ал қолданылудан қалған қағазға қайта жан бітіру, одан өндіріске қажет жаңа құралдарды дайындау әдісі Қазақстанда енді жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде облыстағы белсенді жастардың экологиялық бастамаларын айтуға болады.
Арнаулы үлкен жәшіктерге оқушылар мен мектеп қызметкерлері күнделікті тұтынған және қажеттіліктен қалған қағаздарды жинайды. Нәтижесінде тоннадан астам макулатура шыққан екен. Оның нарықтағы бағасы 100 киллограмы 1 000 теңгеге тең. Ал 1 тонна қағаз қалдығы оң мың теңгеге шығыпты. Осылайша экоклуб мүшелері макулатура тапсырып өздерінің алғашқы табысына дәмді дастархан ұйымдастырыпты, одан қалған сомманы қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарған екен. «Бастапқыда бәріміз қажетсіз қағазды қоқысқа тастап, макулатура станциясының бар екеніне әлі үйренісе алмай жүрдік. Уақыт өте келе, клуб мүшелері қағаз қалдықтарына арналған контейнерлердің біртіндеп тола бастағанын аңғарды. Арада бірнеше айлар өткенде мектебіміздің оқушылары макулатура тапсыруды әдетке айналдырғанын ұқтық», — дейді әңгімесінде Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Ақерке Қамалова. Биыл мектеп түлегі атанатын оқушының уақыты аз. Жауапты емтихандарға дайындалудан бөлек, ол өзі жетекшілік ететін экологиялық клубының президенті. Құрамында оннан астам табиғат жанашырлары бар жасөрендермен жұмыс істейтін Ақерке бірнеше экологиялық жобалардың жеңімпазы. Жуырда кезекті макулатураларды «Atyrau ecology» ұйымына тапсырған оқушылар өз замандастарына осылайша үн тастайды. Аталған ұйымның жетекшісі, жас кәсіпкер Жасұлан Замзамовтың айтуынша жарамсыз қағаздарды қайта өңдеп олардан эко-мақта, шыны-мақта, үй жайлардың қабырғасына жылы қаптамаларды жасауда таптырмайды екен.
«Қазір біз макулатураны өңдеу жұмыстарын шетелдік компаниялармен бірлесіп жасап жатырмыз. Болашақта өзіміздің Қазақстанда осындай зауыттарды ашуды көздеп отырмыз. Әрине, оған әлі қыруар қаражат қажет. Десек те, соған қарап отырмай біз экологиялық проблемаларды шешудің жаңа амалдарын ойлап табуымыз керек. Елбасының тікелей қолдауымен Қазақстанда инновациялық өнеркәсіп саласы, нанотехнологияларды игеру, оларды өндірістің барлық салаларында дамыту тапсырмасы тұр», — дейді «Atyrau ecology» ұйымының жетекшісі Жасұлан Замзамов. Қоршаған ортаны қорғай отырып экономиканың қалыпты дамуына жағдай туғызу қашанда өзекті мәселе. Ал атыраулық жастардың игі істері өзгелерге үлгі.
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы