Home » Жаңалықтар » Атыраулық оқушылар банан қабығының пайдасын анықтады

Атыраулық оқушылар банан қабығының пайдасын анықтады

 

Өңірдегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қос оқушысы банан қабығының пайдасын анықтады. Аталған оқу орынның 7 сынып оқушылары Димаш пен Бекзат өз ізденістерінің нәтижесінде банан қабығының ластанған суды тазалайтынын дәлелдеді.

«Өткен жылы металлургия саласында көш бастап отырған Қарағандыда көктемгі су тасқынынан кейін жүздеген балықтардың қырылғаны туралы естідік. Су маржандары мекен ететін тоғандарға ауыр металдардың түскені белгілі болды», — дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сыныптағы оқушысы Димаш ИТЕМГЕНОВ. Осылайша оқушы аталған проблеманы шешу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді бастаған. Оған көмекке сыныптасы Бекзат қосылып, екеуі ластанған суды тазалаудың тың амалдарын ойлап табады. Түрлі танымдық әдебиеттер мен ғаламтордағы ғылыми ресурстардан ақпарат жинаған жасөнерптапқыштар жемістердің арасында әсіресе бананның ауыр металдарға қарсы қасиетін кездестірген.

«Өзге жемістермен салыстырғанда бананның қабығында антиоксиданттар көбірек болады. Адсорбенттік қосылыстардың емдеу және тазалау қасиеті өте зор. Өйткені олар ауыр металдарды, залалды бактериаларды сіңіргіш келеді. Біз, бірнеше банан қабықтарын пайдалана отырып барлығы 12 сынақ жүргіздік. Оның 8-де банан қабықтары мыс, қорғасын, никель және мырыш иондарын сүзіп алғанына көз жетті», — дейді Бекзат ТІЛЕГЕН.

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бұл жаңалығын Астана қаласында өткен «Зерде» балалар шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-зерттеу байқауына ұсынды. Ондағы төрешілер зияткерлердің еңбегін оң бағалап жүлделі І орынға лайық деп таныды. Димаш пен Бекзаттың сөзіне сүйенсек, банан қалдықтары судағы ауыр металдарды өзіне сіңіріп алудан бөлек, метан газын бөле алады. 10 күн бойы топырақ астында шіритін тропикалық жемістің сыртқы қабатында пайдалы ферменттер өте көп. Сөз соңында оқушылар ғылыми-зерттеу жобасының аясында анықтаған тағы бір қызықты мәліметімен бөлісті.

«Жаңа піскен жасыл түсті бананға қарағанда, әбден қарайып босаған бананның құрамы ағзаға пайдалы. Сондықтан аптасына бір-екі мәрте банан жеген адамның көңіл күйі жоғары әрі күш қуаты мол болады», — дейді зияткер оқушылар.

 

Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,

Атырау қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.