Home » Жаңалықтар » АТЫРАУДА ҮЗДІК СПОРТТЫҚ ҰЖЫМ АНЫҚТАЛДЫ

АТЫРАУДА ҮЗДІК СПОРТТЫҚ ҰЖЫМ АНЫҚТАЛДЫ

Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері өңірдегі ең үздік спорттық ұжым атағына ие болды. Аталған өндірістік мекеменің құрама командасы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «Аялы алақан» қайырымдылық спартакиадасында жалпы командалық есепте І орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға мектеп директоры Айдарбек Айтбөкешев арнайы диплом мен ауыспалы кубокты табыстады. 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өңірдегі мекемелер арасында спорттың төрт түрінен қайырымдылық спартакиадасы өтті. Спорттық шараға қатысушылар үстел теннисінен үш дүркін параолимпиада ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына үміткер Жұлдыз Ерубаеваға қолдау көрсетуге ниет білдірген. «Шарадан түскен барлық қаражат жас спортшының денсаулығын оңалтуға және спорт тұғырында жаңа биіктерді бағындыруға жұмсалатын болады»,- деді параолимпиадашының анасы Гүлмира Асанова. Спартакиада қорытындысында екінші орынға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамасы табан тіресе, үшінші орынды Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұжымы місе тұтты.

«Аялы алақан» қайырымдылық шарасына тек өңірдегі ұжымдар емес, сондай-ақ зияткерлік мектептің оқушылары да замандасына барынша қолдау көрсетуге атсалысты. Олар екі күн бойы спартакиадаға келген қатысушылар мен көрермендерге тәттілерден жәрмеңке ұйымдастырды. Шаңырақ оқушылар қауымдастығы жәрмеңкеде түрлі тағамдар мен сусындарды қол жетімді бағада сатып келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Осылайша облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мемлекеттік мерекені денсаулыққа пайдалы әрі «Қоғамға қызмет ету» жобасымен ұштастырып өзгелерге үлгі болуға тырысты. Өйткені Зияткерлік мектебі құндылықтарының ең маңыздысы — оқушылардың бойында жауапты азаматтық позицияны қалыптастыру, ұжым мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға және сақтауға үлес қосуды меңзейді.
«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» — деген екен данышпан халқымыз. Қазіргі жастар тәрбиесінде жүректі ізгілендіру, нұрландыру әр қазақстандықтың парызы екендігін ұмытпаған абзал!

 

Ануар ДЖАМАНКУЛОВ,
Атырау қ. ХББ-ы НЗМ-ң баспасөз хатшысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.