Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » Атымды Көкбай ақынның қызының құрметіне қойған

Атымды Көкбай ақынның қызының құрметіне қойған

Қоғамда өзінің сүйікті ісіне ғұмыр бойы адал жандар кездесіп тұрады. Оларға заманның аумалы-төкпелі болуы, болмаса  қызмет барысында бетпе-бет келетін қиындықтардың өзі кедергі бола алмайды. Бұл өзі қалаған, ұнатқан мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасы. Кәсібін нәсіп қана емес, өмірінің мәні деп білетіндердің бірі – Қалжан Төкенқызы Омарбаева. 28 жылдық еңбек өтілінде тек қана ұстаздық жолда келе жатқан кейіпкеріміз Қазақстанның жарқын болашағына баланатын білімді жастарды тәрбиелеу басты мақсатым деп біледі.

Ерке Ертістің жағасындағы шағын ауылда Төкен мен Бәтиманың шаңырағында 8 –ші бала болып дүниеге келген Қалжан болашағынан мол үміт күттірген ұрпақ болып өскен екен. Отбасының тірегі әкесінің ерекше жақсы көретін балаларының бірі болған оның есімінің қойылуында да бір тарих бар.

— Әкем Абайдың талантты шәкірттерінің бірі әйгілі Көкбай Жанатайұлының жиені. Ақынның Қалжан деген тұңғыш қызынан туған. Әжеміз жастайынан өзі ерке, өзі өжет, өзі ақынжанды болған екен. Тіптен тарихта «Қалжан қыздың әкесін жоқтауы» деген жоқтау да кездеседі. Әкесі дүние салғанда ауыл арасы шалғай  Балтарақ пен Тақырдың арасында 40 ауыз жоқтау айтып барған деседі. Міне осындай өнері бар әжемнің аты ұмытылмасын деді ме әкем менің есімімді сол кісінің құрметіне қойыпты, -дейді сұхбаттасымыз.

Әке ақылы мен ана тәлімін аяқасты етпей ұстаздық мамандықты таңдаған Қалжан Төкенқызы алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған. Бородулиха ауданына қарасты Новопокровка елді-мекеніндегі білім ошағында орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріп, өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілде сауатын ашқан. Табысты еңбегінің арқасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін қызметі өскен.

— Алғашқы жоғары білімді Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында алдым. Сол жерде 4 жыл оқып, музыка мамандығын меңгеріп, баянды еркін тарта алатын дәрежеге жеттім. Музыкаға деген қызығушылығымды тудырған әкем болатын. Ол кісі жас күнінде консерваторияда оқып жүргенінде соғыс басталып кетіпті де, ел қатарлы майданға аттанған екен. Оқуын толық аяқтай алмаса да, фортепиано, үрмелі аспаптарда керемет ойнайтын. Бала күннің әуезді әуеннің ырғағында өскен мен үшін музыкаға құмартпау мүмкін емес еді. Бірақ бәрібір де мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу ісі мені қатты қызықтырды. Мен сол жолды таңдадым. Өйткені, ана бастауыш сыныбының мұғалімі еді. Жанұямыз көпбалалы болған соң, анам бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Олардың әрқайсының дұрыс тәрбие алып, қоғамға пайдалы адам болып өсуіне күш салды. Қолының ісмерлігі бар еді. Үстімізге киер киімді де өзі тігіп, қыздарына өмірлік азық болар аналық ақылын айтудан жалықпайтын. Ана тәрбиесі мен үшін үлкен мектеп болды, — дейді Қалжан Төкенқызы.

20 жылға жуық ауыл мектебінде табысты еңбек ете келіп, тәжірибесі толысқан шағында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысады. Мектептің кәсіби бағдарлау кеңесшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы болып еңбек ете жүріп, зияткер оқушыларды ғана емес ұстаздық жолын енді бастаған жас мамандарға да қажетті ақыл-кеңесін аяған емес.

— Мұғалім өзінің оқуын тоқтатқанда, мұғалімдігін жоғалтады деген ұлылар сөзін есімнен шығарған емеспін. Сол үшін біліктілікті көтеретін түрлі курстар, семинарларға қатысып, іс-тәжірибе алмасуды жөн көрем. Бұл жағынан келгенде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ көп қолдау білдіріп отырады. Соның арқасында 2013 жылы Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та, еліміздің әр қаласында өткізілген жиындарға қатысып, «Заманауи мектептердегі тәрбие жұмысы бағдарламасы мен жүйесі», «Кәсіби бағдарлау кеңесшісінің жұмысын жобалау», «Мектептерде кураторлық қызметтерді ұйымдастыру» тақырыптарындағы семинарларда білім қорын молайта түскен.

Бүгінде мектеп жатақханасының меңгерушісі болып қызмет жасайтын Қалжан Төкенқызы ұжымда абыройлы әріптес, шәкірттері үшін білікті ұстаз.

— Жатақхана жұмысы өз алдына бір әлем. Мектебімізге білім алуға келген 120 оқушының оқу маусымы кезіндегі тұрағы бізде. Сабақтан тыс уақытта олардың қауіпсіздігі, денсаулығы, оқу үлгерімі, өз қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қатынасуы, жеке басының дамуы, тамақтануы, тіптен уақытымен дем алуына дейін біздің бақылауымызда. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі балалар ақпаратты тез қабылдағыш, жаңашылдыққа құмар болып келеді. Сол үшін жатақхана тәрбиешілері соған лайықты болу үшін әркез іздену үстінде жүреміз, -деп өз ойын ортаға салған кейіпкеріміз жатақхана жұмысының жандануына қатысты семинарларға жай ғана қатысып қоймай өзі де баяндама жасап, іс-тәжірибесімен бөліскен. 2018 жылы «Жаңа дәуірдің мектебі» тақырыбымен өткен Х халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасындағы оқушылардың өмірін зерттеу жұмысы арқылы тиімді ұйымдастыру» тақырыбымен баяндамасы жоғары бағаланып, арнайы жинаққа енген.

Өз ісіне жауапты ұстаздың еңбегі ескерусіз қалмай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басшылары атынан Алғыс хаттар мен білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған.

-Мен қызметімдегі жетістігімді шәкірттеріммен есептеймін. Солардың әр жеңісі менің жеңісім. Мәселен, 2012 жылы ауыл мектебінде ұстаздық ете жүріп, Иван Воронин  есімді оқушымды республикалық олимпиадаға дайындаған еңбегім текке кеткен жоқ. Иван «Жарқын болашақ» олимпиадасында қазақ тілінен бас жүлдені жеңіп алып, мемлекеттік тілге деген құрметін көрсете білді. Кейіннен оның зияткерлік мектепте білім алуына себепші болып, үлкен өмірге қанат қақтырғанымды мақтанышпен айта аламын. Сонымен қатар, өткен жылы жатақханамыздан түлеп ұшқан 20 түлегіміздің барлығы бірдей әлемнің және отандық  көшбасшы оқу орындарына грантқа түсуі біздің тәрбиеміздің дұрыс бағытта екенін көрсетеді, -дейді жатақхана меңгерушісі.

Бақытын ұстаздықтан тапқан, әр оқушысының жеңісін жемісім деп білетін жанның «Педагог» атына лайықты ісі көпке үлгі бола бермек.

 

 

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.