Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы елімізбен түбі бір түркі әлемі Ұлы даланы мекен етіп, өркениет көшін басынан өткізген көшпенділер тарихын танып білуде үлкен сілкініс туғызды. Мақалада бірінен-бірін бөліп болмайтын мазмұндардың бір қыры «атқа міну мәдениеті» қазақ тарихындағы жауға қарсы соғыстарда қол жеткен жеңістеріміздің бәрі аттың жеңісімен байланысты. Ел басы мақаласында «автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенді, бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған Ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» — деді. Ат көшпенділердің өмір тіршілігінің тірегі саналды. Атсыздың күні қаран болды. Бүгінгі моторлы автотехника шыққанға дейін ат дала двигателі саналды. Батырлар жырында: «қарсы келген таулардан қарғый басып жөнелді, сеңгір-сеңгір таулардан секірте басып жөнелді» делінсе Махамбет батыр:
Ереуіл атқа ер салмай
Еңку-еңку жер шалмай
Ерлердің ісі бітерме – деді.
Ақтамберді жырау:
Күлдір-күлдір кісінетіп
Күреңді мінер ме екенбіз?
Күдеріден бау тағып
Қамқапты киер ме екенбіз?– деп төгілді. Туған жерімен ұлы даланы қорғауда ер мен ат егіз ұғым болды. Аспан асты табиғат аясын мекен еткен дана халқымыз. «Ұл туғанға күн туады» – деп 3-4 жастағы баласына арнайы ашамай жасап атқа мінгізді. 9-10 жастағы баласын бәйге атқа мінгізіп күндікке шапқызып Желтақым етіп тәрбиеледі. 13-14 жасында айсыз қараңғы ақ жауын қарлы боранда жылқы табын күзетіне салып қайсарлық пен ерлікке баулыды. 15-16 жасында елін қорғайтын қалың топқа қолына найза беріп жауға шапқызып «бала батыр» атандырды. Жылқы мен біте қайнасқан ұлттық өнер мектебіміз, ойынымыз шауып келе жатып, ат бауырына түсіп, жерден күміс теңгені сыпырып іліп алу шеберлігі, көкпар ойыны арқылы атты да, ерді де сынақтан өткізіп апай төс азаматтарды білек күшті жетілдірсе аударыспақ ойны арқылы ат үстіндегі ашық сайыста, аяқтарын үзеңгіге тіреп айыл, ердің мықты жасалуы бәрі сыннан өтеді. Үзеңгіден аяқ кетсе ердің құйрығы көтеріліп қарсыласынан жеңіліп аударылып жерге түседі. Аударыспақта ерлермен бірге ат жотасының қабырғалы, мықтылығы да басты шешуші жеңіс болады. Қыз қуу ойыны, қызбен жігіттің ат үстіндегі өнер сайысы болса мұнда да аттың ұшқан құсты шалатын ұшқырлығы сарапқа түседі. Қазақ халқы ұлы дала саханасында қызыққа бату үшін, қыз балаға қуып жетіп жігітті жондатып шаңын шығарып қамшының астынан алатын басы жеңіл, ұшқыр аттарды таңдап мінгізіп, көрермендердің «соқ, соқ, соқ» — деген делебесін қозғап дауыстары шығуын қызықтайды. Біздің қазақ жүйріктерді «бәйге болар құлын желіде бұлқынады, батыр болар бала бесікте бұлқынады» — деп құлын мүшесінен танып, қалауына екі бесті ат беріп алатын жол болған. Қазақ баласы жылқының жалында, түйенің қомында өсті. Бие байланған желі басында, жылқыға құрық салып, шалма тастап бие сауғызды. Сауылған ағаш күбіден саумалдың көбігін жалап өссе үлкен күміс піспекті тері қарасабаны күрпілдетіп пісіп, иісіне құмартып өсті. Қазақ арасында ру мен ру ара жер, жесір дауы үшін болған қақтығыста, сойылға жығылып кісі өлімі болғанда, ердің құнын дала заңы бойынша жылқы санымен «ердің құны 100 жылқы» кесік болған, сондықтан қазақта «ердің құны 100 жылқы болса, ары 1000 жылқы» — десіп ердің арын бәрінен биік қойған. Көшпенділер тарихында жаугершілікте жеңілген елдер жеңілісін мойындап енді тарихтан құрып кетпеуі үшін, жеңген жақтың қатысуымен жоңғарлар женілгенде, қазақ батырлары мен халқы алдында Аякөз өзені бойында Мамырсуда (Батпақсу) 1757 жылы (сиыр жылы) Манжу(Қытай) әскер басшылары кепілдік етіп қолдауымен жоңғардың бұдан кейін бас көтермей жауыздық ниетінен қайтқан келісім болады. Осында көкқасқа айғыр, Қарабас Қошқар сойылып қазақпен моңғолдың ежелгі жосындары жасалып, бұдан кейін тату-тәтті өтетін болып, қанға қол батырылып, тәңір аруаққа ант-серттері берілген. Тарбағатайлық Қазақстан жазушылар одағының мүшесі ақын Ерғазы Рахимов, Аякөзге Мұқағали Мақатаевты шақырып бірнеше күн бірге болады. Ел, жер, суымен танысқан нар ақын қайтарында «Аякөз деген аядай бұлақ деседі, жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді» деген өлеңін жазса керек. Жазушының туған бауыры композитор тамаша дәстүрлі әнші Мұқағали Мақатаевтың қырық өлеңіне ән жазып Мұқағали атындағы силықтың иегері марқұм Рахимов Тұрсынғазы «Аякөз деген аядай бұлақ» десетіні елдің сүйікті әніне айландырып жіберді. Ұлы Мұқаң (М.Әуезов) «Жер шежіреші, жер шежіресі болған соң ел шежіреші» — дейді. Қасиетті жер атауында ел тарихы бар ел басының «рухани жаңғыру бағдарламасы» , «ұлы даланың жеті қыры» мақаласы біздің тарихи санамыздың жаңғыруына ұлы даламыздың осындай бой тұмарларын танып білуге жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелейді. Бұл күнде мамырсуға тарихи ескерктіш белгі қойылған. Бұл халқымыздың тарихи жеңісінің басылған мөрі. Біздің қазақ жақсы атты жанына бағалаған, жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы – деген ұғым қалыптасқан. Жақсы аттың басын ерекше құрметтеп, биік жартастың басына орнатып қоятын. Қаракерей Қабанбайдың мінген аты Қубастың қартайып өлген жері Тарбағатай тауының Қызылкесікке асар биігі. Осы жер күні бүгінге дейін «Қубастың кезеңі» аталады.
«Қабанбай қартайып науқастаныпты» дегенді естіген қалмақтар кектерін оңай қайтару үшін шабуылға аттанса керек. Сонда адамнан да есті Қубас сонау дүбірін сезіп, Қабанбай жатқан іргеден тарпып дыбыс береді. Орнынан ұшып тұрған Қабекең:
О, Қубасым, Қубасым
78 ге мен келдім.
38 ге сен келдің,
Сенен басқа ат мінсем.
Мінгендей болам өгізге
Қабанбай жаяу дегізбе.-деп қайраттанады.
Ерейментауды дүбірлеткен Ақан Серінің де құлагеріне ескерткіш қойылса бұл күнде елін жаудан қорғаған батырлардың бәрі тұлпар үстінде бес қаруын асынып тұрған жоқ па?Біздің қазақтың салтында бұрын қайтыс болған адамға «ой, бауырымдап шауып жылап келіп көрісіп көңіл айтатын құрмет болған.Өмірден қайтқан адам дәулетті болса, мінген атының кекілі мен жал құйрығынан түптеп кесіп бір жылға дейін мінбей құр жіберіп, «Тұлдап» келер жыл асына соятын болған. Бұл салт табаны төрт мың жылдан ажырамаған Ғұн, сақ, ата тегімізден жалғасқан үрдіс болса керек. Бүгінгі «Берел қорғаны, Шілікті» Тарбағатайдағы «Елеке сазы» қорғандарынан археологиялық қазу барысында табылған атымен, Тұрманымен киімдері, қаруымен жерленген мүрделер жалғасы айқындалуда. Атқа мінерде үзеңгінің орны ерекше. Бұл жайында «аттан түссе де, үзеңгіден түскен жоқ» — деген тәмсілмен мансаптан төмендесе де әлі одан қол үзе қоймаған адамды аңғартады. Не болмаса жұмбақтап «Тептім терекке шықтым, ұштым ұшпаққа шықтым» — дейді ерін бауырына алып мөңкіді» — деп адамның нашар міңездісін асау жылқыға теңейді.«Ат кекілін кесістік» — десіп өкпе мен көріспестей болуды аңғартады. Ұлы Абай аттың сыны «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» деген өлеңі арқылы жақсы атқа баға берген, бірақ өзінің жақсы ат тақымына түспей кеткенінде :
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкең желіс
Ызақылдың қолыма бір тигізбей– деп өкінеді. Ауыл мен қалада біздің қазақ аттан ажырап барады. Бұрын тайға мініп өсетін ауыл баласы, өзіндік ортадан айырылды. Қалада бәйге алаңдары талаптан шыға бермейді. Бәйге аттарға берілетін жүлде аттың терімен шапқан баланың еңбегіне татымайды. Қазақ тарихында ең қызығы да, құндысы да ат жарысы. Бұдан жаман күнде де тойға барғамыз дегендей, ертедегі бәйгенің жүлдесі бүгін ат жаратып жүрген қалталы байларды неше орап кетеді, бірақ мысал арқаны күңіренткен Сағынайдың асындағы бас бәйге. Оның алдындағы құлагердің жүлдесін еске алайықшы, бас бәйге тоғыз бастатқан болып келмеушіме еді? Ілияс Жансүгіровтің Құлагер поэмасына жүгінсек:
Құлагер құнанында тайым едің,
Аспанда ұшып жүрген ғайып едің.
Алғашқы бас бәйгеге қосқанымда,
Үш жүз-үй бәрі кедей байып едің.
– дейді.Біздегі бәйгенің жүлдесі көп жағдайда аттың тері, шапқан баланың құйрығы терге малшынған еңбегіне татымайды. Сабиін ерте атқа мінгізуі, денсаулығының дұрыс болуы үшін жер мен елің қорғау үшін де маңызды болса, әрі ата кәсібі мал бағып күн көріс үшінде бейімді болуын ескерген. Қала мен ауданда мектеп оқушылары үшін ұлттық ойындар мен қатар, ат мініп жаттығатын алаңдардың болғаны пайдалы болар еді. Жылқы жайлы жыр, дастан, әдебиеттерден мектепте тәрбие сағатымен жарыстар өткізіліп тұрса, жылқыға деген ұлттық таным-сезімдері артып:
Жанына халқымыздың жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, жесең қазы, ішсең қымыз,
Қашанда қазақ халқы жылқы баққан.-деп, Ілияс ақын жеткізе айтқан. Ердің даңқын, елдің атын шығарған тұлпарлар ел басының мақаласы арқылы ұлттық болмысымызбен ұлттық сипатымызды санаға түсіндірді. Мұндай игі бастамаға қызу араласу әрбіріміздің абройлы міндетіміз, ұлттық мұратымыз.
Бейімбет Мұхамедиев
Нұр-Сұлтан қаласы №23 мектептің директоры.