Адамзат тарихындағы талай жанның басын жұтқан сұрапыл соғыстың болып өткеніне 73 жыл болды. Бірақ, ешкім де ұмытылмайды, ұмыт қалмайды. Ардагер бабаларымыздың жан аямай, бар күшін салған ұлы жеңіс күні де келіп қалды.
9 мамыр – мен үшін ерекше мереке. Неге дейсіз бе?
Мен замандастарыма ата-бабам туралы ауыз толтыра мақтанышпен айтамын. Менің нағашы бабам — Бердібеков Мұздыбай 1905 жылы Шымкент облысы Сайрам ауданы Шапырашты аулында туған, 1980 жылы қайтыс болған. Балуан денелі, өткір тілді, тепсе темір үзетін жігіт болған. Бабам 1941 жылы неміс-фашист соғысына аттанып, 1947 жылы жапон соғысынан соң елге оралған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Сталиннен хат алған. Биыл бабамның туғанына — 110 жыл. Менің бабам туралы Шапырашты аулында осы уақытқа дейін тамсана әңгімелеп отырады. Жас кезінде ауылға көшпелі цирк келіп, аюмен кім алысады деп жар салғанда, Мұздыбай бабам аюмен алысып, жеңген екен, содан палуан атанып кеткен. Ұлы Отан соғысына аттанған ел азаматтары 1945 жылы қайтып келеді, содан 1 жыл өтеді, бабам жоқ. Екі баламен қалған Әжем Бибісараға бабамның құрдасы Боранбаев Бабаш деген кісі келіп: «Бибісара, енді Мұздыбай келмейді, соғыстың біткені қашан, сен маған тұрмысқа шық» — деген екен, сонда әжем тұмсығынан бір соғып, тапшаннан ұшырып түсіргенде, Бабаш ата: «5 жыл соғыста немістен жұдырық көрмеген басым Мұздыбайдың қатынынан таяқ жедім-ау», — деген екен. 1947 жылы бабам оралады. Бабам өмірінің соңғы жылдарына дейін аттан түспеген. Көзі тірісінде, ауылға келін түскенде, беташарда ауылдың асабалары:
«Еңбек десе, қайнаған, Көкпар десе, жайнаған, Палуан атаға бір сәлем» — деп сәлем бергізеді екен. Мұздыбай бабамның 6 баласынан қазіргі күнде 50 немере, 158 шөбере бар. Менің әкем, ата-бабам, нағашыларымның барлығы — еліне адал қызмет еткен азаматтар. Мен оларды мақтаныш етемін. Ұлы Отан соғысына келер болсақ, Ресей мемлекетінің неміс-фашистердің бодандауында қалмай, тәуелсіз мемлекет болып отырғанына менің Мұздыбай бабамның, жас үлкендігіне қарай, соғысқа бара алмай Қарағанды шахтасында ерен еңбек атқарып, «Тылдағы Еңбек ардагері» атанған Жұмабеков Жағыпардың және достарымның ата-бабаларының сіңірген ерліктерінің арқасында деп білемін. Соғыстың қара тастай ауыр зардабын апа-әжелеріміз де тартқан. Біздің ата-бабаларымыз, тарихқа үңіліп отырсақ, ел басына күн түскенде көрші мемлекет Ресейге әрдайым көмектесіп отырған. Мен бабаларымыздың қажырлығын, батырлығын, еңбекқорлығын, елжандылығын үлгі ете отырып, соғыс болмасын деймін. Достарым, Ұлы Жеңістің 73 жылдығы құтты болсын!
Алматы қаласы
Әуезов ауданы №173 мектеп-лицей оқушысы: Серібайұлы Байсұлтан
Жетекші мұғалімі: Шатемірқызы Ақмарал