«Қазақ тілінде сөйлемейтін, ойламайтын, жыламайтын ұрпақтан қорқу»деген тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың отты жырлары бүгіннің ұрпағы, ертеңгі елдің болашағы жайлы көп ойға жетелейді. Отбасында бала тәрбиесінің орны бөлек болса да, күнінің көп бөлігін балабақшада өткізетін бүгінгі балғындардың тілдік мәселедегі жағдайы қалай? Адам көре келе өзгеріп, тани келе түсінетіні риясыз шындық екен.
Тәлім мен тәрибенің қайнар көзі балабақшаға басшы болып сайланар алдында ұлттық рухты, қазақы болмысты, әуенімен елітер ұлттық аспаптарға ұрпақты баулу деген ұлағатты ұғымды өз бойынан сіңіріп, басқарған ұжымына дәл осы бағытта жұмыс жасауға жағдай жасаса ғана- нағыз ұлт жанашыры.
Сусап келіп, шөліңді басар, іздеп келіп жанға азық алар білім ордаларын көрген сайын қуанам. Әттең-айы мен көрген тамашаны дұйым жұрттың көре алмағаны…
Балаңыз осындай ортада тәлім алып, мадақпен құрметке лайық білікті педагогтардан үлгі алып келе жатқанына мақтаныңыздар деп Астана қаласы әкімдігінің №69 «Еркем-ай» балабақшасының ата-анасына жар салғым келеді.
Іскерлігін ісімен дәлелдей білген аталған балабақшаның меңгерушісі Райымкулова Ақмарал Абдрасилқызы ұжымымен бірге ақпан айының 14 жұлдызында «Өнер» кластері бойынша «Ата-өнері –балаға мұра» атты семинар –коучинг өткізіп, әріптестерінен жылы лебіз естіп, көкейлеріне ой, шығармашылықтарына шабыт сыйлады.
Қонақтарға өзіне деген сенім сыйлауға мүмкіндік беріп, тамаша бір танысудың үлгісін көрсеткен психолог Айдана Қарабековадан соң өнері кәсіби бишілерден кем емес қос сұлуды қасына ерткен домбыра үйірмесінің жетекшісі Жакесов Қайрат Бөлекбайұлы сазды сәлемін жолдады.
Ғылыми жетекшінің жолымен бағыт-бағдарларын айқындап отыруды жөн санайтын бұл ұжымның әр ісіне баға беріп, бұрысын дұрыстаудан жалықпайтын педагогика ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Бәделқызы «Балаларды ұлттық өнерге баулудағы ұлттық ойындардың рөлі» жайлы кеңінен түсіндіріп семинарға келген тәрбиешілер арасында асық ойынынан жарыс, айтыс өнерімен шабыттарын шыңдай түсті. Міне нағыз алма-кезек тәжірибе алмасу алаңы, білмегенді үйренер орта.
«Күміс құмған-ай» музыкалық хореографиялық композиция аясында өз өнерлерін көрсеткен балғындар музыка жетекшісі Оразова Раушан Аштайқызы мен хореограф Медиева Жанар Рысбекқызы,Сугирова Айнұрдың талантты шәкірттері екендіктерін көрсетті.
«Өнер –өмір өрнегі» деген тақырыппен шеберлікті шыңдауға шақырған тәрбиешілер А.Ж.Балабекова мен Ш.К.Абдразахова ою түрлерін қосып күнделікті қолданатын бұйымдар жасауды киіз басып, ою оюды көрсетті. Ал №38 «Шаттық», № 88 «Баян сұлу» балабақшаларының тәрбиешілері өздерінде өткен таңдамалы шеберлік сабақтарын осы ұжымдағы әріптестеріне көрсетті.
Барлығын қамтып, жан-жақтылықтарын көрсетуге келгенде «асылын» соңына сақтаған ұжым семинардың екінші бөлімінде ата өнердің шыңына бойлай түсті.
Өз мамандығына деген сүйіспеншілік болғанда ғана қолға алған ісінен нәтиже шағып, қиялына қанат байланары сөзсіз. Міне дәл осы күні мағыналы мәнге ие қойылымға келгенде шегініп кететіндерге сабақ болардай тамаша бір актерлік топтың жұмысын көрдік «Жетігеннің жеті сыры» атты қойылыммен әкесі берген жеті асықты дәлдеп тигізер мерген боп өскен қарияның жеті ұлы ел үшін оққа ұшып, жеті асыққа керілген жеті ішектің әуенінен төгілген зарлы үн ғана кең даланы керзеді.
Ел амандығы үшін жеті ұлын жау қолына берген қайратты әке, ұлын жоқтаған ананың зарлы үнін, қайратты ұлдардың болмысын айнытпай салып, көзге жас ұялатқан педагогтардың шынайы өнеріне айтып тіл жетпес.
Өнерді ұрпақ тәрбиелеудің өзегі етіп алған Гүлзада Белекова, Алмагүл Альжанова, Салтанат Бейімбетова, Ару Балабекова, Асия Мухамедьярова, Камшат Алимбекова, Ақдидар Бастарбек, Гүлбақыт Мұқатаева, Перизат Өтепбай, Айдана Карабекова мен дауысы теледидар жұлдыздары дикторлардан кем емес таза үнді Динара Жақсылықова көрермендерін сендіре алды.
Қойылым соңында жетіген көтерген қалалық № 1 музыкалық өнер мектебінің шәкірттері «Кербез қыздар» ансамблі «Ақбаян», «Алтын қаз» халық күйлерін орындады. Музыка мектебінің жетекшісі М.Османовамың шәкірттерін орындаған күйге тамсанбаған жан қалмады.
Ата өнерін ұжыммен шырқаған халық әндерінен попурримен жалғаған өнерлі ұжымның әріптестеріне сыйлаған тамаша күні өз бағасын жоғары деңгейде алды. Оған дәлел касстердің жетекшісі №38 «Шаттық» балабақшасының меңгерушісі Сәуле Нұрғалиқызымен №87,№33 балабақшаларының меңгерушілері Ләйла Мұратбекқызы мен Айсұлу Егізбаеваның жылы лебіздері.
Ұлттық өнерді балабақша тәрбиеленушісінің әжесі он саусағынан өнер тамған ісмер жан С.Т.Сейтмагамбетовадан тәлім алып үйреніп, ұлттық өнердің аясына ұлттық ойын асықтың киесімен жасалған жетіген үніне ұластырған ұжымдық жұмыста қос әдіскер Мухажанова Гулжахан Шахмурадовна мен Сарсекеева Ғалия Сапаровнаның ізденістері мен қабілеттіліктері байқалып тұрды. Ішкі толқыныс басым болған бұл басқосуда жиналған көпшілік ән құдіретімен сусындап, сөз құдіретінен ой түйді.
Тағаны қаланған бес жылдың ішінде 12 топқа бөлінген балғындарға екі тілде тағылым-тәрбие беріп келе жатқан білім ордасы өнерге құлшынысы бар бүлдіршіндерді жетелеу мақсатында ашқан үйірмелерімен де алдыңғы қатарда.
Талай ұл-мен қыздың шырағын жаққан Ақмарал Абдрасилқызы басқарған педагогтар ұжымына тек шығармашылық шабыт тілейміз. Егемен елдің ұрпағы сіздердей білікті мамандардан тәлім алғанда тілімізде, өнерімізде бала жадында жатталып, ұлттық рухымыз көтеріле түсерін ұмытпайық.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы» Астана қаласы.