Home » Балабақша » Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге

Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», — деген ұлы қаламгер М.Әуезов. Қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый-құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға әрекет етуде. Олай болса салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді.

Отбасындағы тәрбие, үлкендердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер, салт-дәстүрге байланысты ұйымдастырылған шаралар – баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғы шарттар деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды. «Адам еш уақытта өзімен-өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін – жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақыл-ойы мен тірнектеп жинаған тәрбиесі. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзатта прогресс те болмақ емес. Сол тарихи-мәдени тәрбиені танып білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды».

Қазақ халқы – қандай да болсын қуанышын жеке отбасы болып ғана емес, көрші-қолаңын, туған-туысын, ел-жұртын жинап атап өтетін дархан халық. Той-думанның, қуанышты хабардың жаршысы ретінде «Сүйінші» айтылады. Сүйіншіні жеткізуші адамның көңіл-күйі көтеріңкі, ерекше қуанышты жағдайда болады. «Сүйінші – қуанышты хабар жеткізушінің сөзі. Мысалы, «Сүйінші, сүйінші! Келініңіз ат ұстар (ұл) тапты» деп хабар әкелген адамға «Қалағаныңды ал» деп, аяғын қуанышты қонақасыға айналдырып жібереді. Сүйіншіні жеткізетін адам – бір отбасын қуантып, жақсы хабар әкелетін дәнекер. Оның қалағанын, сұрағанын беруге той иесі міндетті. Сүйінші дәстүрін «Шілдехана» жалғастырады. «Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын той. Дастархан жайылып, жастар ән салып, домбыра тартып, ұлттық ойындар ойналады».  Жаңа туған нәрестеге азан шақырылып ат қойылып, жөн-жоралғысы жасалады. Бір ескертетін жайт, салт-дәстүрлерді үлгі-өнеге етудің басы-қасында балалар да болу керек. Бала – отбасы тірегі, елінің ертеңі, шаңырақ иесі. «Бесікке салу» рәсімінде әжелердің бесік жыры тыңдалады. «Бесікке салу: халқымызда бесік – қасиетті, киелі,  құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Мұны «Туған жер – алтын бесік» деген сөз дәлелдей түседі. Бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бұл – халқымыздың елеулі үлкен дәстүрі. Бесікке салу жолы, жасы үлкен немесе елдің құрметті, өнегелі адамына жүктеледі. Бесіктің үстіне жеті бағалы заттар жабылады. Ол заттардың әрқайсының, мысалы, ел қорғайтын батыр болсын деген сияқты тілек-жоралары бар. Мерекелік дастархан жасалып, бесікке салған адамға кәде беріледі».

Ретімен, сәнімен келетін салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшелігін, рухани құндылығын көріп, тыңдап отырған балаға қайталанбастай әсер қалдырады. Өсіп келе жатқан ұрпақ салт-сананы көру арқылы ата-бабасының қалдырып кеткен бай мұрасын бойына сіңіреді, қоғамның жеке тұлғасы, отбасының бір мүшесі ретінде жауапкершілігін сезінеді.

«Тұсау кесу – сәби қаз тұра бастағанда тез жүріп кетсін деп, ала жіп есіп (бұл – біреудің ала жібін аттамасын дегені), екі аяғын тұсап, сүрінбей ширақ жүретін адамға  тұсауын кестіріп, баланы қолынан ұстап тез-тез жүгіртеді. Оған қуанып, шашу шашылып, дастарқан жасалып, «тұсаукесер» кәдесі беріледі».

Үлкендер мен балалардың қатысуымен болатын салт-дәстүрлердің мағынасы терең. Сәбидің тұсауын кесетін адам да еліне танымал, сыйлы, өз ортасында беделді адам болуы тиіс. Бала аяғынан тұрып, есін білгеннен кейін әке-шешесі, туған-туыстары «сенің тұсауыңды сол адам кескен, сен соған тартып ширақ болдың, ол білімді, ақылды адам», — деп өсіп келе жатқан балаға үлгі-өнеге көретеді. Өркениетті елдер қатарына ілесуді мұрат еткен қонақжай, бауырмал, жомарт қазақ халқы ата-баба дәстүрін жалғастырып келеді. Баланы бағып-қағып, тәрбиелеу, өсіру – ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігі, отбасындағы міндеті.

Мақсаты

— Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық негізінде тәрбиелеу үшін ұлттық нақыштағы жұмыстарды жинақтау;

— Тәрбиешілерге бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда әдістемелік көмек көрсету;

— Осы бағытта халықтық педагогиканы кеңінен насихаттау;

— Балабақшаның өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие берудегі маңызын көтеру;

Ал енді ұлттық ойындар жайында сөз қозғайтын болсақ: қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» — деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Бала ойын барысында өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті байқалады. Бала қабілетін дамытуда ерекше орын алатын факторларға ұлттық ойынды айтуға болады. Ұлттық ойын ақылы болашақ ұрпақтың әлжуаз, денсаулығы нашар, білімсіз болуына жол берілмейді. Өйткені ойын баланың шығармашылық қабілетін, тілін, білімін дамытып, бүкіл өміріне ұштасады. Ұлттық ойын арқылы ақыл-ойын, қиалын, тапқырлығын, дербестігін дамытуына болады.

Бала өзін қоршаған ортаны, айналадағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп, ұғады. Қазақ халқының ұлттық ойындары баланың адамгершілік қасиеттерді игеруде, ақыл-ойын жетілдіруде, отансүйгіштікке баулуда басты құрал болады.

Ағартушыларымыз А. Құнанбайұлы, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин халық ойындарының балаға білім беруде тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, ұлтының дәстүрі мен салтын құрметтеп, адамдардың эстетикалық-адамгершілік ойының өсуіне ықпалына көңіл бөлген.

«Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану» дегеніміз – ойынды тек ойын сағаттарында ғана емес, сабақтан тыс кезде де жүзеге асыру керек. Үзіліс кезінде, ертеңгіліктер мен кештерде пайдалану керек, ойынды үйреніп қана қоймай, оның шығу тарихын, ата-бабамыз қалай ойнағаны жөнінде мағлұмат беру керек.

Ұлттық ойындар – тот баспайтын ескермейтін нәрсе, өйткені балалардың киялын қозғап, сезімдерін аялайды, денеге қуат, жанға саулық береді. Біз ұлттық ойындарды балабақшада пайдалану үшін бағдарламаның мазмұнын жете меңгеруіміз керек. Мектепке дейінгі мекемелерде білім беру стандартындағы бес білім беру саласы бойынша ұлттық ойындарды пайдаланудың маңызы зор.

Балаларды мектепке даярлауда ұлттық ойындарды пайдалану бағдарламада көрсетілген білім мен дағдыларды қалыптастырып, берік меңгертіп, сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін арттырып, сапасын көтереді.

Балабақшада тәрбие мен білім берудің отбасымен сабақтастықта жүргізілуіне баланың қимыл-қозғалыс әрекетін жетілдіріп, спорттық жаттығулар мен ойындарды үйрету, үйренгендерін өз ортасында – ауласында жасауға, сол арқылы баланы епті, шапшаң, сергек, төзімді, тәртіпті сақтауға, шымыр, ұстамды болуға тәрбиелеу жатады. Тәрбиеші қарапайым қимылды ойындардан бастап күрделі ойындарға дейін күрделендіреді. Спорттық ойындар мен ұлттық ойындар деп бөле отырып, ойын ережесіне сәйкес өз беттерінше бірлесіп ойнауға үйретеді және өз ортасында қалай өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Тәрбиеші ұсынған ойынның шартын түсіндіре отырып, өзі балалармен бірге ойнап көрсетеді. Балабақшада тәрбиеші өз тобының материалын терең меңгертіп, дұрыс ұйымдастырғанда ғана әр бала терең меңгере алады.

Ойын дегеніміз – баланың ақыл-ойын дамытып қызықтыра отырып ойдан ойға жетелейтін, алысқа меңзейтін қиял мен қанат беретін ғажайып нәрсе.

Ойын баланың жан серігі, бала ойнап өседі. Сол үшін тәрбиеші ойынға қызығушылығын арттыру керек сонда ғана мақсатына жетеді. Баланың әдепті, көргенді, қарапайым болуы үлкендерге байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды.

Ұлттық ойындарды ойнату арқылы өз салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сүйіспеншілігі, қызығушылығы артып, дүниетанымы кеңейеді, сөздік қоры дамиды.

Ұлттық ойындарды жүйелі қолдана отырып, бірде жаңа тақырып бекіту үшін, бірде білім қабылдау, бірде тақырып мазмұнын ашу сияқты ситуацияларды пайдалану баланың сабаққа деген құштарлығын арттырып, қуанышқа бөлейді.

Осыған орай баланы мектепке даярлауда ұлттық ойындарды пайдалануға болады.

Ұлттық ойындар арқылы балаларды тәрбиелеу жұмыстарының бағыттары:

  1. Ұлттық ойындар арқылы балалардың интеллектуалдық қасиеттерін, логикалық ойлауын жетілдіріп, әңгімелей білуге дағдыландыру.
  2. Балаларға ізгілікті тәрбие беру – оқыту үрдісінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайдалана отырып, оларға ізгілік, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіру, сипаттап айтуға төселдіру.
  3. Түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, балаларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу.
  4. Балалардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.Ұлттық ойындарды тәрбие жұмыстарында мазмұнына сай іріктеп дұрыс таңдап алып, қолданғанда жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.
  5. Балалар ойын үстінде тәрбие алып қоймай, мінез-құлқы қалыптасады. Халық әндері мен жырларын орындап, күмбірлеген күйлерін естіп, ізгі қасиеттерін бойларына сіңіреді.

Оқу әдістемелік құралды жазар алдында мен өзімнің алдыма мынадай мақсат қойдым: ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық ойындар арқылы балаларға жұмбақтарды, мақал-мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет шешендік сөздерді үйретіп, олардың тіл мәдениетін жетілдіруді дамыту.

       Қазақтың қонақ күту дәстүрі

Қазақ халқы – қонағын құдайындай сыйлаған дархан халық. Қазақ бар тәттісін қонағына сақтаған. Қуанышында да, жай уақытта да қонағына құрмет көрсетіп, сыйлық беріп күткен.

Қазақ «Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар?»-деп бекер айтпаған болуы керек. Қазақтың қонақ күту дәстүрінің өзі ерекше.

Қонақ күту дәстүрлері

Сабақтың мақсаты: Балалардың қонақ күту жайлы білімдерін тиянақтап, әдептілікке, адамгершілік қасиеттерге баулу, тілдерін дамыту, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу.

Керекті құралдар: жапсыруға арналған желім, түрлі-түсті қағаздар, қайшылар, қылқаламдар, таяқшалар, ақ және көк мата қиындылары

Сабақтың барысы:

  1. Саз сүйемелдеуімен балалар залға еніп, жарты айшық жасап тұрады. Сәлемдеседі.
  2. Ән: «Қазақтың дәстүрлері-ай».

Тәрбиеші :- Балалар, біз қандай ән тындадық?

  • Қазақтың дәстүрлері туралы.

Тәрбиеші: — Біз қандай дәстүрлерді білеміз?

  • Бесікке салу, ат қою, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет той.

Тәрбиеші: — Осы дәстүрлердің, осы тойлардың ең кұрметті, ең сыйлы адамдары, бұл кімдер?

  • Қонақтар!Тәрбиеші: Енді есімізге түсірейікші, қонақтарды қалай қарсы алу керек?
  • Тәрбиеші: — Қазақта қонақ күтудің сан алуан түрлі себептері бар екен, олар туралы не білеміз ?
  • Сырттан келген мейманға біріншіден:

Тәрбиеші: Қонақ келгенде өздігінен-өзі орындалып жататын ережелер бар, енді осы жайлы айтсақ.

  • Қонақ келгенде…
  • Бұдан кейін…
  • Қонаққа дастархан жайып…
  • Дастархан басында…

Тәрбиеші: — Балалар, «Қонақ кәде жасау» дегенді біз қалай түсінеміз?

  • Қонақ кәде жасау дегеніміз…
  • Тәрбиеші: — Сонымен балалар, қонақ күту туралы жақсы әңгімелесіп алдық, енді айтындаршы, қонақ келгенде үй иесі бірінші немен айналысады?
  • Дастархан жайып, үстіне нан қояды.

Тәрбиеші: — Олай болса қыздардың орындауында «Қазақы дастарханым» әнін тындайық. Ән «Қазақы дастарханым».

Дастарханға нан әкеліп қойылады.

Тәрбиеші: — Ал, балалар, бізде қонақ күтуге дастарханымыз дайын, ал қонақты шығарып салу кезінде жол-жоралғы ретінде қонаққа сыйлық ұсынуымыз керек, енді сол сыйлығымызды әкелейік.

Камшы, айырқалпақ, тақия, орамалдар, қамзол.

Тәрбиеші: — Енді балалар қонақтарға қолдан жасаған зергерлік бұйымдарымызды дайындап сыйлайық. Ою-өрнек қиып, зергерлік өнермен айналысамыз. Балалар саз сүйемелдеуімен еңбекке кірісіп кетеді. Еңбектеніп болған соң балалар сыйлықтарын қонақтарға дайындап, еңбек туралы мақал-мәтелдер айтады (3-4 бала). Еңбек туралы әндер айтылады. Балалар еңбегін мақтау, мадақтау. «Біз осындай баламыз» әні орындалады.

Балалар киіз үйге келіп жайғасады. Осы кезде күткен қонақтар келеді. Балалар қонақтарды қарсы алып, төрге шығуға шақырады. Тәрбиеші: — Ата, көктемнің жауын-шашынды ауа райына қарамастан бүгінгі сабағамызға қонаққа келіпсіз, қараңызшы, балаларыңыз сізге өте қуанышты.

Бала: — Апай, мен көктем туралы тақпақ білемін.

Тәрбиеші: — Айта ғой (3-4 бала көктем туралы тақпақ айтады).

Тәрбиеші: — Қазір бізде қай мезгіл?

  • Көктем.

Тәрбиеші: — Көктем айларын айтайықшы.

  • Наурыз, Сәуір, Мамыр.

Тәрбиеші: — Жыл мезгілдерін кім атап береді?

  • Қыс, көктем, жаз, күз.

Тәрбиеші: — Қанша жыл мезгілдері бар екен?

— Төрт жыл мезгілі.

— Тәрбиеші: — Олай болса жыл мезгілдері туралы «Жыл он екі ай» тақпағын айтайық. Балалар тақпақ айтады.

Ата: — Жарайсындар, бұлар жақсы балалар екен ғой.

Тәрбиеші: — Ата, балаларға «Жақсы деген немене, жаман деген немене» осы жайлы айтып берсеңіз.

Ата: — Е, қарақтарым, жаман деген мақтану, жақсы деген шаттану дегендей, мақтаншақ болу жаман қасиет. Халық даналығында:

«Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай,

Батырмын деп баптанба, барып қайтпай»- деген сөз бар.

Тәрбиеші: — Ата, енді осы жақсы мен жаман тақырыбында мына балаларыңызды тындап көрсек.

(3 бала жақсы, 2 бала жаман туралы тақпақтар айтады).

Тәрбиеші: — Балалар осы жақсы мен жаман туралы қандай тыйым сөздер білеміз?

(Балалар тыйым сөздер айтады).

Тәрбиеші: — Біз қандай болғымыз келеді?

  • Тәртіпті, білімді, әдепті.

Тәрбиеші: — Олай болса «Әдептілік әліппесін» айтып берейік.

(Одан соң балалар «Бес ешкі» ертегісін сахналап көрсетеді).

Ата: — Бәрекелді, балалар, енді сендерге менің немерелерім Жансая мен Темірбек тақпақтар айтып береді.

(Балалар тақпақ айтады).

Тәрбиеші: — Балалар, және өздерің айттындар ғой: келген қонаққа қонақ кәде жасалады деп, енді мына отырған қонақтарға қонақ кәде ретінде «Сәукелелі қыздар» әнін айтып берейік. Қыздар әнді орындайды.

Қорытындылау

Ата: — Ал, балаларым, енді біз қайтайық.

Балалар айырқалпақ, қамзол, т.б сыйлықтарын қонақтарға табыс етеді. Ата рахметін айтып қоштасады. Одан соң тәрбиеші балалармен Қазақ елі туралы әңгімелесіп, сабақты аяқтайды.

Жагапарова Кумускуль Шалабаевна

«Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасы,

қазақ тілі мұғалімі

 Степногорск қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.