Home » Балабақша »        Ата-анамен балабақша арасындағы қарым-қатынас  

       Ата-анамен балабақша арасындағы қарым-қатынас  

Қазіргі заман талабында отбасы баланың оқу- тәрбиесіне араласу қажеттілігі айтылған. Сондықтан ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты дамыту өзекті мәселе болып отыр. Ата-ана мен балабақша ынтымақтастығы баланы оқыту мен тәрбиелеудегі –баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да мақсат-мүддесі біреу- ол болашақ ұрпақ тәрбиесі.Болашақ азамат тәрбиеленетін алғашқы ұя — отбасы, ата-ана құшағы. Жас сәбидің алғашқы еститіні анасының мейірбан сөзі; көретіні анасының аялы алақаны. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» немесе «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген де осының айғағы.Яғни, ата-анасының өнегесі, өнері балаға үлгі болатыны, бала үйде қандай игі істерге тәрбиеленсе, ұядан ұшқанда да сол өнеге- өсиет оған сарқылмас қазына болары сөзсіз. Ғ.Мұстафин айтқандай «ата-ана қадірін білген бала халық қадірін біледі, халық қадірін білген бала ата-ананың да қадірін біледі. Ол үшін өз халқының дәстүрін, мәдениетін, өнерін,тілін қадірлеуді ата-ана және ұстаз болып үйрету керек». Ендеше «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, отбасы балабақша бірлесе, ынтымақтаса отырып, оқу-тәрбие жұмысын мақсатты жүргізсе, елдің, халқының дәстүрін сыйлайтын ұлтжанды жеткіншек өсіру мақсатымыз еселі өтелері сөзсіз.

Болашақ ұрпақ тәрбиесін іске асырып отырған кез-келген мекеме үшін отбасымен жұмысты тиісті дәрежеде ұйымдастырудың маңызы өте зор. Себебі, отбасы баланың түпкі тамыры , болмысын қалайтын мекен. Сондықтан да балабақшаның оқу-тәрбие жұмысында ата-аналармен жұмысқа үлкен көңіл бөлемін. Көздеген мақсатым: балабақша мен отбасындағы ынтымақтастықты біріктіре отырып оқу және тәрбиелеу жүйесін ұйымдастырып, әр баланы жеке тұлға терінде қазіргі заман талабына сай рухани жан дүниесін байытып, бойындағы құндылықтарды дамыту. Балабақша мен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты құру.

Алдыма қойған міндеттерім:

  • Ата-аналарға балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес беру.
  • Балабақшадағы іс-шараларға ата-аналарды қатыстыру.
  • Ата-аналарды балабақша өмірімен қызықтыру.
  • Үлгілі ата-аналарды насихаттау.
  • Ата-аналар бұрышын жасау.
  • Ата-аналармен бірге отырып құрылған оқу-тәрбие жоспарын жасау.
  • Балаларды дамытудың диагностикасын жасау.
  • Күнделік оқу-тәрбие жұмысына ата-аналарды тарту.

Алдыма қойған міндеттерімді іске асыруда мынадай іс-әрекеттерді балабақшада ұйымдастырдым.

Тәрбиешінің жүргізген жұмысынан хабарлы болу үшін ата-аналарға топтарда «Сіздер үшін ата-ана» бұрышы жасалды. Онда ата-аналар «Бізбен бірге оқыңыз» айдарынан күнделікті жүргізілген тәрбие жұмыстары бойынша толық мағлұматтар алады. Сонымен қатар балабақша күн тәртібімен танысады.

Балабақшада ұйымдастырылған ашық есік күндері ата-ана баласының жетістіктерін немесе қиындықтарын көреді, балада қиындық тудыратын мәселелерді, үйде ұйымдастыру бойынша тәрбиешіден әдістемелік нұсқаулар, дидактикалық ойындар пайдаланатын әдебиеттер секілді кепілдемелер алады.

Қазіргі кезде мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие ісін ары қарай жетілдіру отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмысын дамыта және нығайта түсу арқылы жүзеге асады.

Балабақшамызда ата-аналармен  бірлесе ұйымдастырылған «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасайды.Бұл үйірмеде ата-аналар оқыту-тәрбиелеу жұмыстарына декорация жасауға, атрибуттар, түрлі жаңаша технологиямен дайындалған көрнекіліктер жасауға ат салысады.

Бұл үйірмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз: балабақшаның оқу-тәрбие іс-әрекеті мәселесіне ата-аналар көңілін аудару. Педагогикалық үрдісті жабдықтауға, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін танып-білуге белсенді қатысуын дамыту.

Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп,жаңарып, толығып отыр.Әр түрлі жаңа технологияларды бала тәрбиесінде қолданып, заман талабына сай бала тәрбиелеу үшін ата-ананың да сол заманға сай жаңаша технологияларды меңгеруі шарт. Балалармен заман талабына сай ата-аналарға көмек көрсету мақсатында балабақшамызда «Заманауи  аналар» клубы жұмыс жасайды. Бұл клубта аналармен бала тәрбиесіне байланысты түрлі әдіс-тәсілдер ортаға салынып, талқыланып, бала тәрбиесіне қолданылады.

Жоспарға сай ата-аналар жиналыстары, ақыл-кеңестер мен дөңгелек үстелдер жыл бойы жүргізіліп отырады.

Әр мерекелік ертеңгілік ата-аналардың қатысуымен өткізіледі. Атап өтер болсақ «Жаңа жыл» ертеңгілігінде ата-аналар түрлі кейіпкерлер рөліне еніп ертеңгілікте балалармен бірге өнер көрсетсе, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Ана көрген тон пішер», «Үлгілі ана-2018» байқауына аналарымыз қатысып, «Ұлыстың ұлы күні –Наурыз» мерекесі қарсаңында «Ақ жаулықты әжеміз» әжелер байқауында әжелер өз өнерлерін көрсетсе, «Ақыл сұра үлкеннен» атты дөңгелек үстелде әжелеріміз жастарға үлгі –өнеге, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Ертеңгіліктерде «Шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» салт-дәстүрлері сахналанып көрсетілді. Бұл ұйымдастырылған шаралар әр отбасында қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, рухани жаңғыруына жұмылдырылған.

Балабақшаның негізгі міндеті –баланың жеке басының бастапқы қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл жас баланың ақыл-ойының дамуы мен даярлығы үшін қолайлы кезең. Сол үшін ата-аналар қауымын балабақша жұмысымен таныстыру, бала тәрбиесіне белсендіре араластыру болып табылады.

Ата-ана мен балабақша бірлесе отырып, балаларды оқу мен тәрбиеге баулуда жаңа заманның тұлғасы етіп тәрбиелеп шығару үшін әлі де тығыз байланыста, шығармашылықпен жұмыс жасаймыз.

 

Байкубекова Перуза Смағұлқызы,
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті.
№ 4 «Күн нұры» балабақшасының
І-санатты әдіскері.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.