Еліміздің барлық мектептерінде 8 қыркүйек күні бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына, ал 9 қыркүйекте 10-11 сынып ата-аналарының қатысуымен «XXI ғасырдың ата-аналары: балаңызға үлгі болыңыз» атты тақырыпта біріңғай республикалық ата-аналар конференциясы өтетіндігі туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлаған болатын. Мұндай жиын Жамбыл облысы, Тараз қаласының мектептерінде де өтті.
«XXI ғасырдағы Қазақстандық ата-аналар: өз балаңа үлгі бол» ата-аналар конференциясының үлкен жиыны «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №13 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сәтті өтті. Отбасындағы барлық мәселеге – ата-аналар жауапты. Егер ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс, жанжал орын алса, бұл баланың психологиясына да әсер ететіндігі белгілі. Жаһандану орын алған қым-қуыт заманда бауыр етің балаңа қалай көмектесуге болады? Жалпы, отбасы мелекеттің негізгі бөлшегі деп қарастырсақ, еліміздің білім ордалары да ата-ана, бала мәселесіне бей-жай қарамайтындығы аян.
Үлгілі, білімді бала тәрбиелеу ата-ана мен ұстаз еңбегінің нәтижесі. Осыған орай Тараз қаласы №13 орта мектептің директоры Әмірова Жанат Қабылбекқызының бастамасымен ата-аналар конференциясы ұйымдастырылған еді. Іс-шарада аталмыш мектептің тәрбие-ісі жөніндегі директордың орынбасары Роза Тілеубердіқызы мен мұғалімдер қазақ-орыс тілдерінде баяндама оқыды. «Бірінші сынып оқушылары ата-аналарына психологиялық көмек» атты баяндаманы бірінші сыныптың ата-аналары ұйып тыңдады.
- Мен, Досматова Шарапат 1 «в» сыныбының оқушысы Досматова Розминаның анасы едім. Бүгінгі конференцияда қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, балалардың интернетпен жұмыс жасауы, теріс діни ағымдарға ілесіп кетпеуі мәселелері қарастырылды. Сондықтан да бұл жиын бізге және балаларымызға берері мол конференция, — деп ата-ана Ш.Досматова өз ойын нақты жеткізді.
Жалпы, отбасылық педагогика мен психология аясында фунционалдық сауаттылық және педагогикалық біліктілікті арттыру мәселесінде ата-аналар қоғамымен инновациялық ағартушылық жұмыс тәртібін Отбасылық Тәрбиелеу Институты ұсынады. Білім және ғылым министрлігі және Балалардың құқығын қорғау Комитетінің қолдауымен Институт осындай іс-шараларды қыркүйек-қазан айларында өткізеді. Яғни бұл шара өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық тәрбиелеу бойынша жаңа әдістемелер мен жаңаша біліммен ата-аналар қауымымен бірге барлық мүдделі жанды жабдықтауға бағытталған түрлі тақырыптарға толы болмақ.
Жансая Құрманғалиқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
«Білім айнасы»