Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнату — Зияткерлік мектептердің басты қағидаларының бірі. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде ортақ шешім қабылдап, байламды ойларды бір арнаға тоғыстыратын ұжым мен ата-ана арасындағы байланыс қоғамдық істерде де айқын көрініс беріп отыр. Олай дейтініміз, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдары ата-аналарының арасындағы әріптестікті тереңдете түсу мен олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған ауқымды шара жоғарыда айтқан сөзіміздің айқын дәлелі болса керек.
Жуырда көршілес Павлодар қаласында Зияткерлік мектеп оқушылары ата-аналары арасында І желілік спартакиада өтті. Спартакиадаға Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан командалар қатысты. Кілең ата-аналардан жасақталған команда мүшелері спартакиада ережесіне сәйкес, волейбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақтан сынға түсті. Семейдегі мектеп намысын қорғаған 10 ата-анамыз өздерінің спортқа деген ептіліктерін көрсетіп, жарыстың барлық түрлеріне белсене қатысты. Нәтижесінде жекелй жарыс түрлері бойынша біздің команда волейбол мен үстел теннисінен 2-ші орыннан көрінсе, шахматтан 1-орынға, тоғызқұмалақтан 3-орынға ие болды. Осылайша, жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте 2 орынға ие болып, Кереку жерінен абыройлы қайттық. Спартакиаданың бас жүлдесі жарыс қожайындарына бұйырды. Жеңімпаздар арнайы кубок, дипломдармен марапатталды.
Арна Тілеужан,
Ерлан Жакупов,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ
дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері