Home » Баяндамалар » Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың тәрбиесі

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың тәрбиесі

Ансатбаева Мира Айтөреқызы,
Қызылорда  политехникалық колледжінің
өндірістік оқыту шебері

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздегі жетім, тастанды, ата-анасының қарауынан айырылған балалардың көптігіне және балалар үйлері мен интернат мекемелерінің қазіргі жай-күйіне назар аударып отыр. Бұл әлемдегі бірінші орында тұрған мәселе. Дамыған елдерде жетім балалар мәселесі қоғамдық жобалар арқылы шешіліп келеді.

Қазақстан Республикасы Президенті — Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «2050 стратегиясы» Жолдауында: Осынау тыныш кезде бізде мыңдаған жетімдер бар – біздің балалар үйі мен жетім балалар үйі нық толы. Бұл, өкінішке орай, жалпы әлемдік беталыс және жаһандануға қарсы шығушылық. Бірақ біз осы беталысқа қарсы тұруымыз керек. Біздің мемлекетіміз және қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасылық типтегі балалар үйінің құрылысын салуды көтермелеу керек екендігі айтылған. Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Мұндай мекемелерде бала, бірінші кезекте, ата-анасының қамқорлығына зәру, бұл оның табиғи дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Интернат мекемелерінің қызметкерлері уақыттың шектеулілігіне және балалар санының көптігіне орай әр балаға тиісті көңіл бөлуге қабілетсіз. Сонымен қатар интернаттық мекеме жағдайларында баланың әлеуметтік дамуы біртекті қарым-қатынас ортасымен шектеулі және нақты шектелген тәрбиеленуші, оқушы сияқты өзіндік рольдік орындары бар. Ал балаға табиғи жағдайларда қажетті бағыт-бағдар алу үшін әлеуметтік рольдердің тұтас спектрін игеру қажет. Барлық балалар үйлерінде тұру жағдайлары ұқсас: ортақ жатын бөлмелер, ойын бөлмесі, асхана, ванна және т.б. Нормативтердің осындай ұқсастығы және ортасының біртектілігі жағдайларында баланың жеке-даралық танытып, өздігінен даму мүмкіндіктері жоқ.

Балалардың лайықты өмір сүруінің неғұрлым жайлы нысаны олардың табиғи жағдайларда, яғни отбасы жағдайларында дамуы болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды азаматтардың отбасыларына берудің әр түрлі нысандары бар. Осындай нысандардың ішінен тұру жағдайлары отбасылыққа неғұрлым жақын халықаралық және ұлттық бала асырап алуды, қамқоршылық пен қорғаншылықты, патронаттық отбасыларын, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін, балалар ауылдарын бөліп атауға болады.

Патронаттық тәрбиелеу – бұл балаға қатысты қамқоршы (қорғаншы) міндеттерінің бір бөлігін қамқоршылық және қорғаншылық органдарында сақтай отырып, мемлекеттік қорғауға зәру, патронат тәрбиешінің отбасына тәрбиелеуге берілген баланы орналастыру нысаны.

Қазіргі уақытта бұл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың енді дамып келе жатқан нысаны. Мемлекеттік деңгейде патронаттық орналастыру жөнінде заңнамалық база бар, 2004 жылы оны іске асырудың қаржылық тетігі әзірленді.

Патронат жүйесінде басқа қалған нысандарға қарағанда, баланың өзінің биологиялық ата-аналарымен байланыстарын сақтау және қалыпта ұстау бағдарламасы салынған. Баланы орналастырудың осы нысанын сондай-ақ отбасында тұру тәжірибесін дарыту, отбасы рольдерін және отбасындағы мінез-құлықтың гендерлік модельдерін түсіндіру арқылы оны әлеуметтендіруді және өз бетімен отбасылық өмір сүруге дайындауды қамтамасыз ету үшін пайдалануға болады. Бұл балалар үйлерінің түлектері үшін ерекше маңызды. Ұлттық заңнамаға сәйкес  әрбір баланың, егер бұл оның мүддесіне қайшы келмеген жағдайда, отбасында тұрып, тәрбиеленуге, өз ата-анасын білуге, олардың қамқорлығы мен тәрбиесін көруге құқығы бар. Бірақ, ҚР Заңнамасы әлеуметтік жетімдікті алдын алу шаралары бойынша, яғни баланың мүддесін, оның қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі дағдарыстық отбасын оңалту мен отбасы ішілік қарым-қатынастарды түзетуге қажетті  шараларды қарастырмайды.

Баланың, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ерігіне қарсы баланы ата-анасынан немесе басқа да заңды өкілдерінен айыруға тиым салынады. Айыру туралы шешімді тек айрықша жағдайда сот және тек баланы қорғау мақсатындағы керекті шамада ғана қабылдайды. Тәжірибеде, қиын-қыстау жағдайларда, бұл мәселе көбінесе ата-ана құқығынан айыруға шешіледі, бұл автоматты түрде баланың отбасынан түбегейлі және үзілді — кесілді айырылуына соқтырады, себебі ата-ана құқығын қалпына келтірілмейді. Ата-ана құқығынан айыру туралы іс ата-аналардың, кәмілетке толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша міндеттер жүктелген ұйымдар, ор- гандар немесе басқа да балалардың заңды өкілдерінің өтініші бойынша, сонымен қатар прокурор қаулысы бойынша қарастырылады. Балаға ата-ана құқығынан айыру туралы шешім сотпен қамқоршылық пен қорғаншылық бойынша қызметтерді атқаратын прокурор мен органның қатысуы арқылы жинастырылған құжаттардың негізінде қабылданады. Заңнамамен құқықтан айырудан басқа, ата-аналық құқықтан шектеу де қарастырылған.

Бала асырап алу (қыз асырап алу) – шығу тегі бойынша туысқандардың құқықтары мен міндеттеріне теңестірілетін балаға қатысты құқықтар мен міндеттерді туғызатын сот шешімі негізінде отбасына тәрбиелеуге баланы (балаларды) берудің құқықтық формасы. Баланы асырап алу тууы заңнамалық тәртіпте тіркелген, кәмілетке толмаған балаларға қатысты және тек солардың мүдделері үшін толық физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуын қамтамасыз ету мүмкіндігін ескере отырып рұқсат етіледі. Сонымен қатар баланың асырап алуға келісімі, жасы мен жетілу деңгейі де ескеріледі.

Патронат – ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиелеуге алуға ықылас білдірген тұлға (патронаттық тәрбиелеуші) мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиеленуге берілетін балаларды тәрбиелеу формасы болып табылады. Патронаттық тәрбие беру жүйесінде әлеуметтік бейімдеу ерекшелігі бала мен отбасын  сүйемелдеу қызметінің қатысуымен бала мен отбасының өзара әсерін ескере отырып, баланы жаңа отбасына бейімдеудің факторлары мен шарттарын анықтаудан тұруы тиіс. Жасалынған жағдай бірінші кезекте бейімдеу механизмін қамтамасыз етуге бала мен патронат тәрбиешілер арасында жаңадан жақсы көру сезімін қалыптастыру мен қабылдау қатынастарын орнатуға бағытталуы тиіс.   Бала өмірінің алғашқы жылдарында үй ішіндегі қарым — қатынас оның ойлау жүйесі мен сөйлеу тілінің дамуына зор үлес қосады. Баланың үлкендермен және айналасындағы адамдармен  тұрақты түрде қарым — қатынас жасап отыру қажеттігінің өмірлік мәні бар және оның психикасының дұрыс дамуына  да тікелей байланысты болмақ. Ата — аналардың балаға деген оң қатынасыда маңызды рөл атқарады. Эмоционалдық тұрғыдан сәтсіз балаларда интеллектуалдық және танымдық белсенділіктері төмен болады, ішкі қуаттың бәрі алаңдаушылықпен күреске, өзінде жетіспейтін эмоционалдық жылылықты іздеумен, бейімделумен кетеді. Патронат ата-ана қамқорлығына алған баласының жанының терең түкпіріне үңіле білсе, баланы тыңдай білсе, өзін де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді. Патронат ата-ананың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруға күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіре білуі керек. Балалармен  арадағы  қатынас  адамгершілік  негіздеріне  сүйенсе  ғана нәтижелі  болады.  Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын таңдауға өз құқы бар. Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын созсақ, сәттілік әкеледі. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз, баланы сыйлап қадірлеуіміз, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз маңызды.

Қамқоршылық отбасы баланың қамқоршысымен туыстық байланыстарын жорамалдайды. Қамқоршылыққа, әдетте, ата-анасының біреуінің тарапынан тікелей туысқандары бар балалар беріледі. Қамқоршының міндетіне баланы тәрбиелеу мен дамыту, оның құқықтарын қорғау кіреді. Қамқоршы кәмелетке толмаған баланың өз иелігіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сақтауын және пайдалануын бақылауды жүзеге асырады, бірақ өзінің осы мүлікке иелік етуіне құқығы жоқ.

Қорғаншылық ұғымы да қамқоршылыққа жақын. Олардың айырмашылығы мынада: қамқоршылық 14 жасқа дейінгі балалар санатына, ал қорғаншылық 14-18 жас аралығындағы балалар санатына белгіленеді. Балалар мен ересектердің неғұрлым көп саны қамқоршылыққа қарағанда, қорғаншылыққа алынады.

Отбасы үлгісіндегі балалар үйлері де қарқынды дамуда. Кемінде 8 баланы тәрбиесіне алған азаматтар тәрбиеші ата-аналар деп аталады; қабылдаушы отбасының тәрбиесіне берілген балалар асыралушы балалар деп, ал осындай отбасы асыраушы отбасы деп аталады.

Отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде қалыпты отбасы өміріне жақын жағдайлар жасалады. Отбасыларда 3-18 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Түлектер балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен бірдей жеңілдіктерді пайдаланады. Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің негізгі міндеттері балаларды тәрбиелеу, оқыту, сауықтыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және отбасы жағдайларында жеке-дара өмір сүруге дайындау болып табылады. Отбасылық тәрбие үлгісіндегі балалар үйлерінің ерекше түрі балалар жалпы адамзаттық адамгершілік құндылықтарына және белгілі бір дін шеңберінен тыс әрбір нақты елдің мәдени дәстүрлеріне сәйкес тәрбиеленетін балалар ауылдары болып табылады. Бүгінгі күні жетім балаларға арналған балалар ауылдары әлемнің 120 елінде жұмыс жасайды.

Бүкіл әлемдегі балалар ауылдары қызметінің негізінде мынадай негізгі қағидаттар жатыр:

  • балалар ауылындағы ана – отбасының басшысы. Бұл рольге конкурс бойынша бар сүйіспеншілігін қамқорлықсыз қалған балаларға беруге дайын жалғызбасты аналар іріктеледі. Сонымен қатар тәрбиеші аналар қажетті оқу бағдарламасын меңгереді;
  • балалар ауылында жас мөлшері әр түрлі балалар тәрбиеленеді, ағайынды және апалы-сіңлілі балаларды ешқашан бөлмейді;
  • әр отбасы шаруашылығын жеке-дара жүргізе отырып, жайлы жеке үйде тұрақты түрде тұрады. Балалар ауылы 12-15 отбасы үйлерінен тұрады;
  • дәстүрлі емес бала мекемесіне басшылықты әр отбасына белсене көмек көрсете отырып, өз отбасымен осы ауылда тұратын балалар ауылының директоры жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда бес отбасы үлгісіндегі балалар ауылы құрылған. Балалар ауылының неғұрлым кең тараған және белгілі нысаны SOS – ауылдар болып табылады. Баланың өзін қоршаған объективті нақтылықта өзін-өзі танытуы үшін тек отбасылық орта ғана мүмкіндік бере алады. Балалардың биологиялық немесе оның орнын алмастыратын отбасылық ортада орналасу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыс неғұрлым ерте, барынша түбегейлі және жүйелі жүргізілсе, балалардың объективті нақтылық жағдайларында өзін-өзі танытуына, жетім балалардың ашық қоғамда әлеуметтік бейімделуге және әлеуметтенуге қол жеткізуіне тиімді көмектесу соғұрлым ықтимал болып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы жылдары ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны қарқынды өсуде. Әсіресе, әлеуметтік жетімдер, яғни белгілі себептерге байланысты ата–аналары құқығынан айырылған балалар саны көбейіп келеді. Жетімдер үйіндегі балалардың 95% әлеуметтік жетімдерді құрайды. Осындай қиын жағдайға тап болған бүлдір- шіндер балалар үйлерінде, балалар ауылында, психологиялық – педагогикалық реабилитациялық орталықтарында, дағдарыс орталықтары және уақытша пана мекемелерінде тәрбиеленеді. Статистика аталған мекеме түлектерінің 40% — қылмыскер, 30% — маскүнем, нашақор, 10% — өз–өзіне қол салуға баратынын көрсетеді. Ал мемлекеттік жетім балалар мекемелерінде әр балаға айына отбасына асырандылыққа алынған балаларға қарағанда 10– 15 есе артық қаражат қаржы бөлінеді. Сонда бұл балалардың проблемалары материалдық шеңберінде емес, психологиялық сипатта екендігі айқын.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. – Егемен Қазақстан. – 2014. – 18 қаңтар.
  2. Патронаттық тәрбие қызметін дамыту. Қызылорда облысының Балалар құқықтарын қорғау департаментінің көмекші құралы.
  3. Жарықбаев К.Б., Қалиев С.К. Қазақ тәлім-тәрбиесі. — А., Санат, 1995. – 15-17 бб.
  4. Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары. — А., Рауан, 1991.
  5. Балалар үйі психологының іс-әрекеті — Мектеп психологы, 2006 ж., №3, 12 бет.
  6. Жетім балалармен әлеуметтік жұмыс – өзекті мәселе. – Алматы: Қазақстан жоғары мектебі, 2005. – № 4. – Б.233-235.
  7. Жетім балалардың әлеуметтенуінің кейбір ерекшеліктері //Мектепке дейінгі және бастауыш білім: даму тенденциялары мәселелері материалдары, Алматы, 2007, 118-123б.
  8. Қазақстанда жетім балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізу мәселесінің құқықтық негіздері. – Алматы: Ұлт тағлымы, 2005. – № 4. – Б.314-318.
  9. Жетім балалармен әлеуметтік жұмыс – өзекті мәселе. – Алматы: Қазақстан жоғары мектебі, 2005. – № 4. – Б.233-235.
  10. Жетім балалардың әлеуметтенуінің кейбір ерекшеліктері //Мектепке дейінгі және бастауыш білім: қазіргі жағдайы, даму тенденциялары және мәселелері халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2007. – Б.118-123.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.