Жаухар Кабдоллақызы Алтаева,
«Нұрбалапан» бөбекжайының
ІІ санатты педагог-психологы,
Қазталов ауданы, БҚО
Кіріспе
- Танысу (тренинг)
Мақсаты: Ата-аналармен жақын танысып, қарым-қатынас орнату.
Барысы: Құрметті ата-аналар, шеңбер болып тұрамыз. Өзімізді және балаларымызды таныстырамыз.
- Ата-анасының есімі, мағынасын түсіндіру.
- Баласының туған жылы, есімі, мағынасын түсіндіру арқылы барлық ата-аналар жалғасып айтып шығады.
«Жүректен – жүрекке» жаттығуы.
Ата-аналар, енді біз мына жүрекшені сыйға беріп, жүрегімізден – жүрегімізге жақсы жылы лебіздер айтамыз. «Бала – өмірдің гүлі» демекші, «Нұрбалапан» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндеріне тілектерімізді тілейік.
- Балабақша гүлдене берсін!
- Сәбилердің күлкісі шексіз болсын!
- Балалар аман болсын!
- Баяндама «Балалардың психологиялық жас ерекшеліктері»
Ой бөлісу. Сұрақ-жауап.
- Қол маторикасын дамытуға арналған ойын-жаттығулар.
Мақсаты: Балалардың қолын жазуға дағдыландыру, дұрыс сөйлеу мәнерін, есті, зейінді дамытуды түсіндіру. Оның ерекшеліктерін саусақ жаттығуы, психологиялық жаттығу арқылы көрсету.
«Баланы бірге дамытайық»
Ерте кезең балалық шақтан баланың миы, денесі бірінен-бірі бөлек дамымайды. Баланың ақыл-ойы, дене дамуы тығыз байланыста. Баланың кішкене кезінен бастап қимылына бостандық беру, бірге көп жаттығуларды жасап, қозғалу әрекетіне, белсенділігіне себепші болу керек. Ерте кезеңнен бастап баланың денесін дамытсақ, келешекте оның интеллектуалдық нәтижелерін қамтамасыз ете аламыз. Психологтардың ғылыми-зерттеуі бойынша қаншалықты ата-ана баланың дамуы үшін көңіл бөлсе, соншалықты баланың ойлау потенциалы жоғары болады.
Адамның қолы өзі туралы мәлімет береді, осы қасиетті ғалымдар пайдаланған. Өйткені бала қолының шеберлігінен ерекшелік жүйке жүйесі, миының даму қорытындысын жасайды. «Қол – бұл алға шығып тұрған ми» деп ғалымдар бекер айтпаған. Зерттеу бойынша бала тек заттық әрекеттерді меңгереді, егер онымен жеке қатынаста болсаңыз, ол қызығушылықпен, белсенділікпен қатысады және қасында анасы болса. Сурет арқылы баланың қол маторикасы дамиды, бірден-бір басты міндет – қолды жазуға дайындайды, сонымен қатар балада коррекциялық жұмыс өтіп жатады. Мысалы: бала тұйық болса, мінезі өзгеріп ашылады. Тынымсыз, мазасыз-ыждағатты бала орнықты боп түзеледі, ал агрессивті бала сабырлылыққа үйренеді. Балаға қойылған міндеттер орындалу үшін, оны сурет әрекетіне ойын, ертегі арқылы қызықтыру керек. Мысалы: қылқаламмен таныстырғанда және оны пайдалану, қолдану ережелерімен таныстырғанда «Патша қылқалам» ертегісін ұсынуға болады.
«Патша қылқалам»
Ертеде патша қылқалам тұрыпты, оның патшалығында өте көп қылқалам қыздары болыпты. Қылқалам қыздар сурет салғысы келді, сонда олар балабақшаға балалармен көп, әдемі сурет саламыз деп барды. Бірақ үш қылқалам қыз жылап келді. Қылқалам патшаның «Неге жылап жүрсіңдер?» деген сұрағына, бірінші қылқалам былай жауап беріпті: мені бала судың ішіне тастап кетті, мен тұншыға жаздадым. Екінші қылқалам: Ал мені таза суға жуған жоқ, менің шашымда бояу кеуіп қалды, шаштарым жұлынып түсті. Үшінші қылқалам: ал мені шашыммен төмен қаратып стақанның ішіне қойды, барлық шаштарым майысып қалды. Қылқаламды судың ішіне тастап қалдыруға болмайды, бояумен бояп болғанда, қылқаламды таза сумен жуып қою керек және стақанның ішіне шашын жоғары қаратып қою керек. Сен балам осы ережелерді сақтасаң, саған қылқалам ренжімейді, суреттерің әдемі болып шығады. Осындай ертегі айтып, әрбір суретке сюжет құрастырсаңыз, балаңыз сурет салуды ұнатады. Сурет әрекеті арқылы сіз қол маторикасын, әлеуметтік көзқарасын, тіл байлығын дамытасыз. Атақты И.П.Павлов айтқандай, «Қол басын үйретеді, сосын ақыл толған басы қолын үйретеді, ал шеберлі қолы миын дамытады».
«Мен және менің досымның қолы»
Бір-бірімен сұқ саусағымен «амандасу».
Саусақтар сәлемдеседі!
(Шардың үстінен басып, оң және сол қол саусақтарын допқа саусақ басын тигізіп амандасады)
Бас бармақтар амандасады, сәлем!
Балаң үйректер амандасады, сәлем!
Ортан теректер амандасады, сәлем!
Шылдыр шүмектер амандасады,сәлем!
Титтей бөбек амандасады, сәлем!
Қол саусақтарын дамытуға арналған гимнастика.
- Алақанды үстел үстіне қоямыз. Балалар бірінші оң, содан кейін сол қолдың саусақтарын бір-бірден көтереді.
- Үстел үстінде 10-15 қарындаш жатыр. Оларды бір-бірден алып жинау керек. Содан кейін тура солай қайтадан қою керек.
«Салат» жаттығуы
Сәбізді тазалаймыз (оң қолды жұдырыққа түйіп, сол қолдың алақанына ысқылайды).
Үккішпен үгіп майдалаймыз (екі қолды жұдырыққа түйіп кеудеге ұстап, жоғары-төмен қозғайды).
Қант сеуіп дәмдейміз (саусақтардың ұшымен қант себеді).
Міне, дайын нәр тағам (екі қолын алдына жайып көрсетеді).
Дәруменге байыған (алақанымен іштерін сипалап, тойғанын көрсетеді).
«Кірпі» жаттығуы
Момақанмын алайда (үш саусақтарын түйістіріп, кірпінің жүрісін салады),
Тікенім көп абайла.
Кіріп кетсе қолыңа,
Өкпелеме жарай ма?
«Кішкентай піл»
Орта саусақ алға қарай шығыңқы – тұмсығы, ал сұқ саусақ пен аты жоқ саусақ – аяқтар (үстел үстімен жүреді).
«Ағаштардың тамырлары» қолдардың білезіктерімен, тарбиған саусақтар төменге түсіріледі.
«Ағаштар» екі қолдың алақанын өзіне қаратып, көтеру керек, саусақтарды кеңінен ашу керек.
«Көзілдірік» қолдардың бас бармақ, сұқ саусақтарынан дөңгелек жасап, оларды қосу керек.
«Бір үйде біз нешеуміз?»
Кел санайық екеуміз.
Бас бармағым – атам,
Балаң үйрек – атам.
Ортан терек – ағам,
Шылдыр шүмек – мен.
Титей бөбек – сен,
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз – бесеуміз.
«Санамақ»
Кел санайық санамақ,
Кел санайық санамақ.
Саусақтарды даралап,
Бас бармағым – алғашқы,
Балан үйрек – жалғасы,
Ортан терек – кезекші,
Шылдыр шүмек – көмекші,
Шынашағым – балапан,
Бәріне ортақ – алақан.
«Доп» жаттығуы
Айналдырған добыңды,
Қытықтасын қолыңды.
(бұдыр кішкентай доптарды үстелге қойып, екі алақанмен айналдыр)
Енді көтер партадан,
Жаса енді қайтадан.
Қол маторикасы жаттығулары арқылы:
- Ұсақ саусақ маторикасы дамиды.
- Сөздік қоры молаяды, тіл мүкістігі жойылады.
- Ойынға қызығушылығы артып, дүниетанымы оянады.
«Жұдырық» ойыны
Қазір барлығымыз бір тапсырманы орындайық. Көршілер бір-біріңізге қарсы қарап, біреуіміз жұдырық түйіп, екіншіміз жұмылған жұдырықты ашуымыз керек. Жұдырық түйген кісі жұдырығын аштырмау керек. Ал екінші кісі ашуға тырысады. Ал енді осыны қарама-қарсы қайталау керек.
Талдау:
Сіз жұдырық түйген кезде қандай сезімде болдыңыз?
Сіз аша алмай жатқанда қандай күйде болдыңыз?
Сіз күштедіңіз, сіз ашпаймын деп тырмыстыңыз.
Қорытынды: Біз әбден күш көрсетіп, адам жанын қинауға құмармыз. Жай сөйлессек, жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығаруға болады. Ал осыны біз күштемей-ақ, жай ғана «қолыңызды аша салыңызшы» деп айтуға да болар еді!