(«Жеті ата» турасында танымдық сайыс)
Мақсаты: Ұлдарға шежіре туралы түсінік бере отырып, жеті аталарын танып білуге, ел тарихын жете түсіне білуге ықпал ету. Оқушылардың бойына туысқандық қасиеттерін қалыптастырып, рухани қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік жасау.
1-жүргізуші: Армысыздар! Бүгін бізде жеті атасын тани білер, бойында өршіл рухы бар шежіретанушылар сайысы өтпекші.
2-жүргізуші: «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген мақалға сүйене отырып, сайысымызды бастаймыз!
1 – жүргізуші:
Уа, армысың, сөз түсінер жақсыларым,
Жиналса егер бұл жерге жасы-кәрің.
Сөзге шешен қазақтың ұрпағымыз,
Сөз бергенде алқада тосылар кім?!
Ортаға байқауға қатысушы сайыпқырандарымызды шақырайық! Қарсы алыңыздар!
2-жүргізуші:
Топ жар қане сабаздар ортасында,
Өнеріңді өрлеткін құз басына.
Тура айтар талғаммен төрелігін,
Кезек бердік қазылар алқасына. (әділ қазылар алқасымен таныстыру)
Енді шежіретанушыларға аз да болса серпіліс берсін деген оймен қазақтың рухымен үндескен домбыраға кезек берейік (күй ойналады, жайлау, көшпенді халық, салт-дәстүрмен байланысты бейнебаян көрсетіледі).
1-жүргізуші: «Қариясы бар елдің – қазынасы бар». «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ел көгерер» деген даналық ой айтқан бабалар жолымен сайыскерлерге ақ батасын беру үшін қонағымызды шақырамыз.
2-жүргізуші: Бүгінгі сайысымыз алты бөлімнен тұрады:
- «Тегімді менің сұрасаң…» өзін таныстыру.
2. «Жігітке жетпіс өнер де аз» өнер сайысы.
3. «»Қазақ рудан құралады» өзінің руы жайлы сұраққа жауап береді . - «Жеті атасын білмеген – жетесіз» адам есімдері жазылған аттардың ішінен жеті атасын тауып жазып, дұрыс нұсқасымен салыстырады.
- «Сөздің көркі – мақал» мақал-мәтелдің жалғасын табу.
- «Рулық мүддеден ұлттық мүддеге» пікір сайысы, өз көзқарасын тарихи деректермен бекітеді.
1-жүргізуші:
Өзіңді таны, өзгеден күтсең сый-құрмет,
Өзіңе аян сырыңды сенің кім білмек?!
Өзгені емес өзіңді танып, таныстыр,
Білдірсін саған көрерменің де қошемет. Сайысымыздың бірінші бөлімі «Тегімді менің сұрасаң. . .» (қатысушылар кезекпен өздерін таныстырады).
Әділ қазылар алқасы «Тегімді менің сұрасаң…» шартының бағасын берсеңіздер.
2- жүргізуші:
Кеңітсе өнердің де көкжиегін,
Ақтаса өр ұлдарым ел тілегін.
Шабыттанып шырқаса әнді бірі,
Арнайды басқасы да бар білерін. «Жігітке жетпіс өнер де аз» атты өнер бөлімін бастаймыз. Бұл шартта жігіттеріміз өз өнерлерін көрсетеді.
Әділ қазылар алқасы «Жігітке жетпіс өнер де аз» шартының бағасын берсеңіздер.
1-жүргізуші: 3-бөлім «Қазақ рудан құралады» сұраққа жауап беру.
- Ру сөзінің мағынасы мен мәні неде?
- Не үшін үлкен кісілер балаға жас кезінен жеті атасын жаттатқызған?
- «Жеті ата» дегеніміз не? «Жеті» сөзінің қасиетті болуының сыры неде?
- Өз өлкемізден бір рулы аталастар тұрған ауылды мысалға келтір?
- «Руыңды танығаның, рухыңды танығаның» мағынасын ашып бер?
Әділ қазылар алқасы «Қазақ рудан құралады» шартының бағасын берсеңіздер.
2-жүргізуші: 4-бөлім «Жеті атасын білмеген жетесіз» сайысының шартымен таныс болайық. Қатысушыға адам есімдері жазылған парақ беріледі. Берілген уақыт ішінде қатысушы өзінің жеті атасын тауып, ретімен жазу керек. Дұрыс нұсқамен салыстырады.
5-бөлім «Сөздің көркі мақал» мақал-мәтелдің жалғасын табу.
1-оқушыға:
- Досы жоқ адам – (Тұзы жоқ тағам).
- Тазалық – (денсаулық кепілі).
- Отан (оттан да ыстық).
- Кісі елінде сұлтан болғанша, (Өз елінде ұлтан бол).
- Жат елдің жаксысы болғанша, (Өз еліңнің сакшысы бол).
- Бірлік болмай, (Тірлік болмас).
- Ерді намыс өлтірер, (Қоянды камыс өлтірер).
1-жүргізуші:
2-оқушыға:
- Ер жігіт елі үшін туады, (Елі үшін өледі).
- Корыққанға (қос көрінер).
- Ақыл көпке жеткізер, (Өнер көкке жеткізер).
- Ата көрген оқ жонар, (Ана көрген тон пішер).
- Қына тастан шығады, (Өнер-білім жастан шығады).
- Қарға баласын «аппағым» дейді, (Кірпі баласын «жұмсағым» дейді).
- Арпа, бидай – ас екен, (Алтын, күміс – тас екен).
2-жүргізуші:
3-оқушыға:
- Аттан тай озады, (Атадан бала озады).
- Ырыс алды – (ынтымақ).
- Өз елім – (өлең-төсегім).
- Ер жігіт елі үшін туады, (Елі үшін өледі).
- Ер үмітін ер ақтар, (Ер атағын ел сақтар).
- Отан үшін күрес – (Ерге тиген үлес).
- Туған жердің қадірін (Шетте жүрсең білерсің).
1-жүргізуші:
4-оқушыға:
- Егілмеген жер жетім, (Елінен айырылған ер жетім).
- Шөлдің қамысы болмайды, (Жаманның намысы болмайды).
- Күтімі жаман ағаштың (Бітімі жаман).
- Сұңқар қиясын сағынады, (Торғай ұясын сағынады).
- Еңбек адамның көркі, (Адам заманның көркі).
- Ер үмітін ер ақтар, (Ер атағын ел сақтар).
- Қорқақтың көзі үлкен, (Ақымақтың сөзі үлкен).
2-жүргізуші:
5-оқушыға:
- Жау жоқта батыр көп, (Дау жоқта ақыл көп).
- Сақтықта қорлық жоқ, (Салемде зорлық жоқ).
- Ер айтса ел айтқаны, (Елдің қамын жеп айтқаны).
- Қырықтың бірі – (қыдыр).
- Тау мен тасты су бұзар, (Ер арасын қу бұзар).
- Балық іздесең, көлге бар, (Береке іздесең, елге бар).
- Түйе ботасымен жарасты, (Тамақ батасымен жарасты).
1-жүргізуші:
6-оқушыға:
- Ас – адамның (арқауы).
- Кісінің кісілігі (Киімінде емес, Білімінде).
- Ақыл көпке жеткізер, (Өнер көкке жеткізер).
- Білекті бірді жығады, (Білімді мыңды жығады).
- Күш – білімде, (Білім кітапта).
- Тіл тас жарады, (Тас жармаса, Бас жарады).
- Жақсы байқап сөйлер, (Жаман шайқап сөйлер).
2-жүргізуші:
7-оқушыға:
- Ана сүтін ақтамағанды (Ешкім мақтамайды).
- Ерте тұрған жігіттің бір ісі артық, (Ерте тұрған әйелдің ырысы артық).
- Еңбек етсең (емерсің).
- Акылсыз атқа мінсе, (Атасын басып кете жаздайды).
- Бітер істің басына, (Жақсы келер қасына).
- Біреуге ор қазба, (өзің түсерсің).
- Жақсы жігіт ағайынның басын қосады, (Жаман жігіт жақсы ағаның жолын тосады).
1-жүргізуші:
8-оқушыға:
- Дос жылатып айтады, (Дұшпан күлдіріп айтады).
- Жақсыны арман оздырар, (Жаманды құлқын тоздырар).
- Үйдін жылы-суығын, қыс түскенде білерсің, (Ағайынның алыс-жақынын іс түскенде білерсің).
- Атаңа не қылсаң, (Алдыңа сол келер).
- Жақсы сөз (жарым ырыс).
- Қырықтың бірі – (қыдыр).
- Іргесі берік елді жау ала алмас, (Ауызы бір елді дау ала алмас).
Әділ қазылар алқасы «Сөздің көркі мақал» бөлімінің бағасын берсеңіздер.
2-жүргізуші:
Ұлтыңды сүйсең ұлағат сөзден тәлім ал,
Қаныңда болсын қасиет сіңген намыс,ар.
Басыңда бағың орнасын десең беу, жігіт?!,
Ұлт қамы жолда тәуекелменен жаныңды сал, – деп, сайысымыздың соңғы бөлімі «Рулық мүддеден ұлттық мүддеге» пікір сайысына кезек береміз (тақырыпқа сай қатысушылар өз көзқарастарын қорғап шығуы қажет).
Әділ қазылар алқасы «Рулық мүддеден ұлттық мүддеге » шартының бағасын берсеңіздер.
Сайыстың қорытындысы
2-жүргізуші.
Келтірме жігіт еліңе мына жаман ат,
Жарасар сірә ерлерге шүкір, қанағат.
Қазақ боп туған екендігің рас болса,
Қазаққа лайық нәрсенің бәрі – аманат.
Еліміздің еңсесі биік, тұғыры мықты болсын!
Абзал Серікқалиұлы Есенгазиев,
БҚО, Қазталов ауданы,
Қазталов ОЖББ мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәндерінің мұғалімі