Еліміздің қудалау, ашаршылық жылдарындағы оқиғаларды естіп, теледидар арқылы көріп те жүрміз. Өз өмірінде өшпес із қалдырған қаншама көзі ашық ақындар өз шығармашылығын өмірдің қыры мен сырын ашуға арнаған. Біздің бабамыз Мұстафа Шоқай да осындай асыл ниетті жан болғанын қазіргі таңда көпшілік біледі. Сондай- ақ бабамыздың немере інісі болып келетін менің қайын атам Нұртазаұлы Мадиярда қанша қиыншылықты басынан өткерсе де білім іздеуден тоқтамаған жан еді. Менің « Асылдың сынығы» деп айтпағымда осы қайын атам. Біздің арғы атамыз Торғай датқадан төрт ұл туған екен. Олар: Шоқай, Қалымбет, Әліш және Оспан. Шоқайдан — Сыздық, Мұстафа, Нұртаза дүниеге келген. Нұртазадан менің атам Мадияр мен екі қызы Мадина, Намина дүниеге келген. Мадина апамыз дүниеден өтті. Ал, Намина апамыз Сарыағаш ауданы «Келес» ауылында ұзақ жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарып, зейнетке шыққан ардагер ұстаз, ардақты ана. Нұртаза ұлы Мадияр 1927 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1950жылы халық жауы деп қудаланған соң, бір түнде жүк тасымалдайтын қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы жылы су ауылы әкімшілігіне қарасты «Байқоныс ауылына көшіп келген екен. Әрине ол уақытта жер атаулары өзгеше болған. Сол кезде атамыз бен Үржан енеміздің қолында екі жасар Ғалымжан ұлы және екі айлық қызы Ғалия есімді қызы болған. Осы ауылға қоныстанған жергілікті «Прогресс» мектебінде орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасқан екен.
Кейіннен «Прогресс» мектебі жаңа атаумен М.Әуезов деп аталады. Мадияр атамыз 40 жыл өзінің білімімен балаларға деген сүйіспеншілігімен осы мектепте оқу ісі меңгерушісі қызметін атқарған. Мектепте қызметте бола жүріп, Алматыдағы ҚАЗГУ-де сырттай жүрналист факультетін бітіреді. Мадияр атамыз бен Үржан апамыз 5 ұл, 5 қызды дүниеге әкеліп жақсы тәрбие берді. Қазіргі таңда 10 баладан 42 немере 61 шөбере болып тамырлары тереңге жайылған ел қызығарлықтай үлкен отбасы. Қарашаңырақта қалған екінші ұлы Нұртазаұлы Әлім 2003 жылдың қараша айының 28 жұлдызында дүниеден өтті. Жұбайы мен Нұртазаева Роза 3 ұл 1 қызды тәрбиелеп, жоғары оқу орындарында оқытып, елге елеулі азамат етіп, қызметтеріне жайғастырып, үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жайым бар. Қазіргі таңда Мадияр атамыздың есімі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбек сіңіргенін ескеріп, «Тыл ардагері» деп Қызылорда облысы Сырдария ауданы, «Бірқазан» ауылында құрмет тақтасына жазылды. Міне біз Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары аталарымыздың есімін ардақтап, құрметтеп әрі қарай тіршілігімізді жалғастыра бермекпіз.Ұлы бабаларымыздың, аталарымыздың рухына тағзым ете отырып, болашақ ұрапқтары да осындай бабаларының жолын жалғастыруына нық сенімдемін. Осындай Асылдың сынығы болып ел есінде жүрген ата- бабаларымызға басымызды иіп тағзым ете жүрейік деп аяқтағым келеді.
Роза Нұртазаева,
ОҚО, Мақтарал ауданы, Жылы су елді мекені,
«№ 114 жалпы орта мектебі КММ»
технология пәні мұғалімі