Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен Алматы қаласында болып қайтты. Сапар барысында министр «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына барды. Министр білім беру-сауықтыру орталығының қызметімен, сондай-ақ «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасымен танысты.
— «Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде балалардың ішкі әлеміне назар аудару өте маңызды. Ендігі кезекте оқушының алған білімді қалай пайдаланатыны өте маңызды: адамдарға зиянын келтіре ме әлде қоғам игілігі үшін жұмсалады ма? Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәні өте маңызды рөл атқарады. Бұл пәннің адамгершілік қасиеттері жоғары адамды, өз елінің азаматы мен патриотын тәрбиелеудегі маңызын бағалау қиын», — деп атап өтті министр. Сонымен қатар, А.Қ.Аймағамбетов «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту сапасы бойынша білім басқармаларының жауапкершіліктерін арттыру қажеттілігін атап өтті.
Жұмыс сапары аясында министр Асхат Аймағамбетов Үкіметтік емес ұйымдар және қалалық білім беру басқармасының өкілдерімен кездесіп, балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды мәселелерді талқылады. Жиын барысында Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер мен оларды шешу жөніндегі нақты ұсыныстар жасалды. Асхат Аймағамбетов балалар үйлерінің жағдайы және оларды трансформациялау, мектептердегі буллинг мәселесі, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, қамқоршылық органдарының қызметін күшейту, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсарту іспеттес бірқатар мәселелерді талқылауға шығарды. Кездесуге қатысушылар бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің қызметін қолдау және олардың рөлін күшейту қажет деген ортақ пікірге келді.
Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде инклюзивті оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттің негізгі міндеті — ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта жасау. Ал, тьюторлар мен психологиялық-педагогикалық түзету саласы мамандарының жетіспеушілігі мәселесін министрлік жан басына қаржыландыру арқылы шешуді ұсынып отыр.
Бұл күні Білім және ғылым министрі жас ғалымдармен де кездесті. Кездесуде Асхат Аймағамбетов ғылым саласында болып жатқан негізгі өзгерістерге тоқталып өтті.
Біріншіден, ғылыми жобалар бойынша байқау өткізу жиілігі өзгерді. Енді гранттар жыл сайын бөлінетін болады, бірақ жобаны іске асырудың бұрынғы үш жылдық мерзімі сақталады.
Екіншіден, ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, 64 мүшесі ауыстырылды.
Үшіншіден, ғылыми жобаларды іріктеу жүйесі өзгертілді.
Төртіншіден, жобаны қаржыландыру үрдісі жетілдірілді. Ендігі кезекте ғылыми жұмыс баға мен мақсаттарды негізге ала отырып экономикалық сараптамадан өтеді.
Бұдан басқа, министрлік диплом және диссертациялық жұмыстардың антиплагиаты бойынша жүйені әзірлейтін болады. Аталған жүйе тек Қазақстан бойынша ғана емес, бүкіл әлем бойынша да жұмыс істейтін болады деп күтілуде. Сондай-ақ, жас ғалымдарды қолдау үшін биыл ҚИИК-пен ынтымақтастық шеңберінде пәтер беру бағдарламасы іске асырылады деп күтілуде. Өткен жылы 120 ғалым қоныс тойларын атап өткен болатын.
Асхат Аймағамбетов сондай-ақ, ЖОО ректорларына білім беру бағдарламаларын жаңартуды тапсырды. Бұл мәселе Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесуі кезінде айтылды.
Жұмыс сапарының соңында Білім және ғылым министрі ғылыми саланы дамыту жөніндегі ұсыныстарды бірлесіп талқылау үшін ғылыми зерттеу институттарының басшыларымен және ғалымдармен кездесті. Кездесу барысында Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін білім және ғылым жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлады. Осыған байланысты Министр ғалымдардың осы маңызды мәселе бойынша өз ұсыныстарын енгізулері қажет екендігін айтты.
«Білім айнасы»
Нұр-Сұлтан қаласы