Бүгін, 27 Қыркүйек күні, Астанадағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасында» сәндік-қолданбалы өнер иелері Жұбаниязовтар отбасының «Дала әуені» шығармашылық көрмесі ашылды. Көрмеге өнерлі отбасының кескіндеме, мүсін және сәндік өнер бойынша 50-ден аса туындылары қойылды.
Дарынды жанұяның туындыларын көруге келген астаналықтар оң пікірлері мен лебіздерін білдіріп, отбасы мүшелеріне алғыстарын айтты. Әр еңбектің өз тарихы мен ерекшелігін айтып өткен Күлипа Есімқызы өзінің өнерге деген құштарлығымен бөлісті. Сонау 1970 жылдары Қуандық пен Күлипа Жұбаниязовтар өнер жолын бірге бастаған екен. Жылдар бойы жасаған еңбек, төккен тер текке кетпеген. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері деген атақтары бар. Қуандық Жұбаниязов осыдан 10 жыл бұрын өмірден өтіп кетсе де, артына өшпес мұра қалдырыпты.
«Жылдар бойы жинаған еңбектеріміз өз жемісін беріп жатыр. Чехия, Италия, Франция, Мексика, Дания, Словакия елдерінде көрме өткіздік. Қай көрмеге барсақ та, өзіміз жасаған қазақтың киіз үйінінің шағын макетін алып жүреміз. Марқұм жолдасым өнерге берілген адам еді. Орыс мектебін аяқтаса да, қазақтың қолөнері үшін аянбайтын. Творчестволық жұмыстармен бірге қолөнерде де, кескіндемеде де бірлескен туындыларымыз жетерлік. Жұбайым тірісінде суретшімін деп қана отырмайтын. Он саусағынан бал тамған керемет өнерлі адам еді», — дейді Күлипа Есімқызы.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Күлайша Ақтаева көрменің бір айға жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, Жұбаниязовтар отбасының көрмесінің орыны ерекше, маңызы өте зор.
«Бүгін біздің ортамызға келіп отырған Күлипа апамызға зор алғысымды білдіргім келеді. Қуандық ағамыз бен Күлипа апамыздың балалары да өнерімен, қылқалам туындыларымен елімізді тамсандырып келеді. Осындай өнерлі отбасының қолынан шыққан ғажайып өнер туындыларына қарап, менің ойыма Елбасымыздың «Ұлы өнерде шектеу де, шекара да жоқ» деген ұлағатты сөзі оралады. Әрине, ұрпақ жалғастығы деген осы. Бүгінгі көрменің иелеріне Елорда тұрғындарына керемет көңіл сыйлап жатқанына алғысымды білдіремін», — дейді Күлайша Ақтаева.
Көрмеге өнерлі отбасының сурет пен қылқалам, сәндік-қолданбалы өнер әулетінің туындылары қойылған. Отбасының қызы Гүлнар Жұбаниязова мен ұлы Нұрсұлтан Жұбаниязов та тың туындыларымен қуантып отыр.
«Қазіргі таңда осындай жанұялық көрмелер сәнге айналуда. Солардың ішінде Жұбаниязовтар әулетінің көрмесі ерекше бағаланады. Әр туындыларында үлкен еңбек пен қажырлы күш жатыр. Өнерлі әулетті бұрыннан танимын. Олардың шығармашылығы алда да Астана халқын қуанта береді деген сенімдемін», — дейді көрме қонағы, профессор Исмаил Ачилов.
Лаура Көкше
Білім айнасы