Home » Поэзия » АСТАНА — МЕРЕЙІ ҮСТЕМ, АРМАН ҚАЛА

АСТАНА — МЕРЕЙІ ҮСТЕМ, АРМАН ҚАЛА

Армысың, өлең құмар арда халқым,

Қадірлеп, бағамдайтын сөздің парқын.

Ақыныңды әспеттеп, төрге оздырдың,

Шөліркеп жеткенің бе, жырға жақын.

Алаштың атын атап, жоғын жоқтар,

Қайрат бер, перзентіңе, Жаратқаным!

 

Ұштаған қарымды етіп, қыл қаламын,

Қаламгер қызың болам, зор талабым.

Болғанда әкем — Тұрсын, анам — Сайран,

Ақының боп алдыңда жыр арнадым.

Ұлы Абай басып өткен топырақтан,

Жаралған Найман қызың мен боламын.

 

Уа, халқым, бақыт құсың келіп қонсын,

Қадамың берекелі іске толсын!

Астананың бүгінгі туған күні,

Қуаныш пен шаттықтың басы болсын!

Рамазанның айында қасиетті,

Шашуыңның жалғасы бәйге болсын!

 

Астана — мерейі үстем, арман қала,

Бас қосқан төскейінде небір дана.

Жастарға жалындаған жігер беріп,

«Болашақпен» көш бастап, шыққан дара.

Төрткүл дүние көз тігіп Елордама,

Төрелігін тыңдаған ұйып қана.

 

Ырысың еселесең, қамбаң толар,

Дөңгеленіп, әп-сәтте-ақ ісің оңар.

Болар елдің баласы батыр болса,

Бақытты елдің патшасы дана болар.

Егеменді елімнің тұтқасындай,

Дана ханым – Нұрсұлтан аман болғай!

 

Елбасым бейбіт күнді уағыз етіп,

Сан ұлттың сәуле шашқан санасына.

Дүрдараз, есер елге басу айтып,

Бітімгер бола білген арасына.

Айналдырды елімнің бас шаһарын

Бірлік пен ынтымақтың қаласына.

 

Сәні мен салтанаты ерек құрған,

Жас қалам жаралғандай шағыл нұрдан.

Аспан түстес Көк туым айбат беріп,

Көгімде қыран бүркіт қалықтаған.

Қазақы бітіміңнен айналайын,

Жаһанды жас баладай табындырған.

 

Кез емес, еңбегіңді ескермейтін,

Сәулетің ешбір елге дес бермейтін.

Бәйтерек – шежіреңе нұсқа болса,

Ханшатыр – жәдігерің мәңгі өлмейтін.

Тәуелсіздік белгісі – алтын қазық,

Мақсатыңдай ешқашан өзгермейтін.

 

Құлаш керіп, Астанам алға бастың,

Талай сыннан мұқалмай ілгері астың.

КО мен ДСҰ-ға мүше болып,

Терезеңді әлемге айқара аштың.

Табиғаттың тұнығын сақтаймын деп,

Көрмесін ЭКСПО-ның жасап жатсың.

 

Па, шіркін, биыл неткен мерейлі жыл,

Ата Заң күшіне еніп, есейген жыл.

Бабалар дәл 5 жарым ғасыр бұрын,

Қарашаңырақ қазығын қадаған жыл.

Бәрекелді, халайық, құтты болсын,

Елдігіңді мойындатқан елеулі жыл!

 

Дәуірім өткенімен табысқандай,

Бәс тігіп, уақытпенен жарысқандай.

Тұғырында желбіреп Көкбайрағым,

«Мәңгілік ел» мұратын танытқандай.

Көк түріктің ұрпағы аман болсын,

Азаттыққа ұмтылған арыстандай!

Айгүл Молдаш

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.