Home » Жаңалықтар » Астаналық оқушылар «MOSTRATEC» халықаралық ғылыми жобалар және технологиялар олимпиадасында 7 алтын медальға ие болды

Астаналық оқушылар «MOSTRATEC» халықаралық ғылыми жобалар және технологиялар олимпиадасында 7 алтын медальға ие болды

24-28 қазан күндері елордалық мектептердің жоғары сынып оқушылары Бразилияның Порту-Алегри және Нову Гамбург қалаларында өткен халықаралық ғылыми жұмыстар байқауында бақ сынады.

Байқау 31-ші «Mostra Internacional de Ciência e Tecnologia» (Mostratec) халықаралық білім беру жәрмеңкесі аясында ұйымдастырылды. Оның бағдарламасына сәйкес техникалық білім беру семинары, роботехника фестивалі, өңірлік кітап көрмесі және бірқатар мәдени, спорттық шаралар өткізілді. Білім бәсекесіне еліміздің, Бразилияның, АҚШ, Қытайдың, Аргентинаның, Босния мен Герцеговинаның, Чилидің, Колумбияның, Данияның, Голландияның, Үндістанның, Индонезияның, Италияның, Мексиканың, Парагвайдың, Перудің, Португалияның, Тунистің, Түркияның және Уругвайдың оқушылары қатысты.

Халықаралық шараны 1967 жылы құрылған «Liberato» бразилиялық қоры ұйымдастырды. Қоғамдық институт ғылым мен технологияларды дамытуға білікті мамандарды даярлауға қолғабыс етеді.

Mostratec көрмесінің мақсаты — оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын ынталандыру, ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы шығармашылық қызметке тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсету және оқушылармен жұмысқа мамандарды тарту.

Көрменің қаржыландырылуы жеке кәсіпорындардың, оның ішінде «Іntel» IT-компаниясы және ірі бразилиялық химиялық «Braskem» компаниясы арқылы қамтамасыз етіледі.

Елордалық оқушылар қазылар алқасының назарына математика, физика, химия және информатикадан зерттеу жұмыстарын ұсынды. Ғылыми еңбектерді университеттердің профессорлары мен оқытушылары, ғылыми институттардың және бейінді компаниялардың қызметкерлері бағалады.

Астана қаласындағы білім беру мекемелерінде оқитын оқушылардың 10 жұмысы байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алды. Оның ішінде озонның жердегі өсімдіктерге зиянды әсерінің дәлелдері, айналмалы цилиндрлері бар жел қозғалтқышының аэродинамикалық сипаттамалары, кейбір әлеуметтік процестерде иерархия талдауын қолдану және т.б. бар.

Халықаралық байқау-жәрмеңке қорытындысы бойынша елордалық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медальға ие болды.

Үздік жұмыстардың авторлары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және білім гранттарымен марапатталды. Шараны ұйымдастырушылар қазақстандық оқушылардың дайындығы жоғары екендігін атап өтіп, Қазақстандағы білім деңгейіне жоғары баға берді.

%d0%bc%d0%be%d1%81%d1%82%d1%80%d0%b0%d1%82%d0%b5%d0%ba-2 %d0%bc%d0%be%d1%81%d1%82%d1%80%d0%b0%d1%82%d0%b5%d0%ba-4 %d0%bc%d0%be%d1%81%d1%82%d1%80%d0%b0%d1%82%d0%b5%d0%ba

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.