Ар дегеніміз не? Ұждан дегеніміз не? Бұл сөздердің мағынасын кітаптарды парақтай «Ар — ұждан адамдық өлшем » деген тақырыптан бастап, әр сөзге үңіліп және «Өзін-өзі тану» сабағында мұғалімнің үйреткен сөздерінің мағынасын түсінуге тырысамын. Кітапта «ар» дегеніміз жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғымы деп жазылса, «ұждан» — ақиқатты тану дегенді білдіреді. Бұл сөздерді ішкі сезімім түсінсе де, бірақ қағаз бетіне толық мағынада білдіре алмаймын.
Менің ойымша, ар-ұждан әрбір адамның бойында бар. Бірақ қоршаған орта және ата-ананың тәрбиесіне байланысты кейбір адамдарда ғана ар-ұждандық сезім оянады. Оянса да келесі бір жағынан басқа ойлар пайда болады. Мысалға алатын болсақ, адам бір шындықты жасырып өзінің жақынына өтірік айтты делік. Алайда «Өтіріктің арты — бір тұтам» деген мақал бар емес пе?! Сол өтіріктің бәрі бір күні ашылады да, «түймедей» болған нәрсе «түйедей» болуы мүмкін. Сол себепті де ащы болса да шындықты айту керек деп ойлаймын. Ал егер ол өтірік ашылмаса немесе айтқанға дейін сені өмір бойы ішкі жан-даусың, ар-ұжданың жегідей жеп жүреді. Негізі, өмір деген қызық, шытырманға толы. Бұл нәрселердің бәрін түсінсек те, олай істеуге болмайтынын білсек те, кейде бұл ұстанымдарға сүйенеміз. Әрине, мен әлі небәрі он алтыдамын, әлі өмірдің қиын соқпақтарынан өтуге тиісті боламын. Бірақ осы небәрі он алты жасымда аз да болса да көп нәрсе көргендеймін. Адамдарға қанша сеңгің келмесе де, көп алдана беремін, достарың қанша ренжітсе де, ренжуге дәтім бармайды, қанша сүрінсем де, тік тұруға талпынамын. Қанша қиын болса да, шындықты айтуға тырысамын. Бірақ бұл шындықты көбі қабылдай алмайды, сол үшін қатты қынжыламын. Мүмкін бұл ата — анамның өзімді осылай тәрбиелегеннен болар. Ар — ұжданым осылай қалыптасқан болар. Қазір мен өзімді мақтап тұрған жоқпын. Мені осылай тәрбиелеген ата — анамды мақтан тұтамын. Осылай адамгершілікке үйреткен ата -анама алғысым шексіз. Және ар -ұжданым мен намысымды әрдайым жоғары ұстаймын.
Ынсап, ұят, ар — намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсектен жүндей сабап, — деп, ішкі жан толғанысымды Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста»- деген нақыл сөздерімен аяқтағым келеді.
Қабен Қымбат,
Ш. Айманов атындағы мектеп-интернаты,
11 сынып оқушысы,
Павлодар облысы, Баянауыл ауылы