Қызылжар өңірі – ән мен жырға бөленген киелі мекен. Қазақ әдебиетінің алыптары шыққан қасиетті елге ақын келмеу үлкен сын. Көкшетау қаласынан ат терлетіп елімізге жас ақын Мерген Тоқсанбай келіп, «Сағындым деші» деген тақырыпта жыр сүйер қауыммен кездесіп, поэзия кешін өткізді.
Кешті Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қазақ бөлімі ұйымдастырды. Бүгінгі таңда жас ақын Мерген Тоқсанбай «Ассалаумағалейкүм», «Ностальгия» сияқты жыр жинақтарының авторы. Поэзия кешіне қаламызда жаңадан бой көтеріп жатқан ақындар мектебінің тыңдаушылары мен студент жастар қатысты. Кеш барысында Мерген Тоқсанбай өз оқырмандарына өлең оқып, рухани дем берді.
Бір өлең оқып берейін!
Осы жерге кеп
Анау да сөйлеп кетті ғой,
Мынау да сөйлеп…
Бүлкілдеп алып көмейім,
Көсілерде тек,
Анау да «қой»,– деп айтпасын,
Мынау да «қой»,– деп! — деген поэзиядан басталды.
Ал, кешке келген жастар да қалыс қалмай өлең оқып, жырдан шашу шашты.
Қызылжар өңірінде өткізіліп жатқан тәрбиелік мәні зор, жастарды Отансүйгіштікке, тілін құрметтеп, әдебиетін қастерлейтін іс-шараның көбеюі көңілге қонады.
Көкбасқызы Жазира,
Білім айнасы,
Қызылжар қаласы