Соңғы жылдары республикамызда оқыту үрдісін жетілдіру, оның практикалық бағыттылығын күшейту мақсатында біраз шаралар жасалды. Оларды инновациялық процесс немесе педагогикалық жаңалықтарды енгізу деп атайды. «Инновация» ұғымының мәні латынның (in-novus) деген сөзінен шыққан, «жаңарту, өзгерту» мағынасын береді. Білім сапасын арттыру мақсатында педагогикада жаңа әдістер, тәсілдер, құралдар, оқулықтар, бағдарламаларды пайдалануды білдіреді, яғни оқыту мен тәрбиелеуге өзгерістер енгізу болып табылады. Заман талабына сай, арнайы білім беру үрдісінде заманауи педагогикалық технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып келеді. Себебі, тиімді пайдаланған педагогикалық технологиялар зиятында ауытқуы бар балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, оқу-тәрбие үрдісін шығармашылықпен ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру саласындағы педагогикалық жаңалықтарды француз ғалымы Э.Брансуик үш топқа бөлген:
- Мүлдем жаңа нәрсе, бұрын еш жерде, еш уақытта қолданылмаған білімдік идеялар мен әрекеттер. Практикада ондай жаңалық өте сирек кездеседі;
- Белгілі бір кезде, белгілі бір ортада көкейкестілігімен ерекшеленген, қайта орын алып отырған, жаңа жағдайға бейімделген идеялар. Бұл қазіргі педагогакалық жаңалықтардың көп бөлігін құрайды;
- Практикада бұрын болған, тек максатын өзгертіп пайдалану жаңа нәтижелер беретін жаңалықтар. Арнайы білім беру саласында көп қолданатын педагогикалық технологиялардан төмендегілерін бөле жарып көрсетуге болады:
- ойын арқылы оқыту технологиясы;
- проблемалық оқыту технологиясы;
- тірек сигналдары арқылы оқыту;
- деңгейлік саралап оқыту;
- бағдарламалап оқыту технологиясы;
- оқытудың компьютерлік технологиясы;
- дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы;
- дамыта оқыту технологиясы;
- модульдік тоқыту.
Арнайы (түзету) мектебінде оқу және тіл дамыту пәнін оқыту міндеттері:
оқушының жеке танымдық қабілеттерін дамыту;
- көркем шығармалардың идеялық мазмұның ұғындыру;
- оқуға деген қызығушылықтарын арттыру;
- жазу мәдениетін, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру тіл байлығы молайту;
- адамгершілік, патриоттық тәрбие беру.
Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістемесінің шығармашылықпен жүзеге асырылуына, мұғалім мен оқушының бірігіп жұмыс атқаруына байланысты. Осы бағытта педагогикалық технологияларды зерттеп, ең тиімділерін өз іс-тәжірибемде қолданып жүрмін. Зиятында ауытқуы бар балалардың таным ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, деңгейлеп-саралап оқыту әдісін пайдаланамын. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың ойлау қабілетіне қарай өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, әр баланы өз деңгейіне, қабілетіне қарай бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдістің негізі – қарапайымнан күрделіге жету.
Деңгейлеп оқытудың маңыздылығы – оқушының шығармашылық пен белсенді жұмыс атқаруын дамытады, әр оқушыны өздігінен үйренуге баулиды, өйткені грамматикалық тақырыптарды жүйелі игеруге дағдыландырады. Бұл әдістің тағы бір ұтымды жағы – оқушы өзінің нені білетініне, ал нені білмейтініне көзі жетіп, өзі ізденіп, оқып келеді, және бұл ізденіп оқығаны есінде қалады. Сабақ кезінде деңгейлік тапсырмалар арқылы бірнеше деңгейдегі тапсырманы орындап, өз қабілетін көрсете алады. Егер оқушы берілген тапсырманы орындап, күрделіге талпынса, мұғалім оның білімін, қабілетін анықтай алады. Оқушылардың сөйлесу әрекетінің түрлеріне (тыңдауға, сөйлеуге, оқуға) үйреткенде, жеке және жас еркшеліктерін ескере отырып, оқыту үдерісінде саралап және даралап оқытуға көп көңіл бөлемін. Психологиялық ерекшеліктеріне сай шамадан тыс күш түсірмеу жағдайын ескеремін. Себебі, көмекші мектепте оқитын әрбір оқушының өзіне ғана тән табиғи қаблеттері бар.
Әр оқушының меңгерген білімінің нәтижесін көру мақсатында дамыта оқыту технологиясы бойынша жұмыс істеймін. Сабақта оқыту материалының ерекшелігіне сай проблемалық жағдай туғызып, оқу үдерісінде дамытушылық сипатты қажет ететін пікір-талас, ой қорытындыларын жасауға үйретемін. Мысалы, мәтінді тек қана тыңдатып қоймай, сол мәтінге байланысты суреттерді, бейнефильмдерді көрсетемін. Тіпті болмаса ертегілердің кейіпкерлерін қуыршақ ретінде әкеліп, қолдарына ұстатып, ойнатқызамын. Немесе балаларға бірнеше бөлімге бөлінген мәтін беремін. Әр бөлімді жеке-жеке оқытып, әрқайсысын аяқтатамын. Сондай кезде балаларға: «Сенің өмірінде осыған ұқсас жағдай болды ма? Сол кезде сен не істедің? Мына кейіпкердін орнында сен қалай істер едің?» – деген сұрақтар қоямын. Немесе табиғат туралы шығармаларды оқыған кезде алдын-ала оқушыларды табиғатқа экскурсияға шығарып, сол білімдерін кейін сабақта қолданатындай жағдай жасаймын. Оқушыларды алған әсерлерін сөзбен ғана емес, сурет күйінде де жеткізуге бағыттаймын. Бала бойына еркіндік, белсенділік қасиеттерді дамыту мақсатында қолданылатын дамыта оқыту технологиясы арқылы оқушыларды тақырып бойынша қосымша ақпараттар мен де үйретемін.
Оқушылардың тақырып бойынша алған білімдерін пысықтап, жинақтап, жаңа білім дағдыларымен толықтыру, есте сақтау қабілетін дамыту мақсатында тірек белгілері арқылы оқыту технологиясының элементтерін пайдаланамын. Өйткені, көрнекі құралдарды тиімді қолдану арқылы ғана білімді жетілдіруге болады. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы негізінде оқыту оқушылар бойында іскерлік пен дағдыларды қалыптастырады. Этнопедагогика элементтері негізінде ойын, сахналау әдісі баланың ойлау жүйесін дамытып, сабақтың мазмұның тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Қазақ халқының дәстүрін, әдет-ғұрыпын насихаттау оқушылар бойында адамгершілік, ізеттілік, инабаттылық қасиеттерін дамытуға септігін тигізеді. Коммуникативтік дағдысын дамыту, ұйымшылдыққа, ынтымақтастыққа тәрбиелеу мақсатында топтық, өзара оқыту әдістері айтарлықтай үлесқосады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану оқушылардың берілетін білімді игерулеріне септігін тигізеді, сабақ материалын балаларға жеткізуді жақсартады, сабақты түсіндіргенде оның көңіл-күйлік, эстетикалық және ғылыми маңыздылығын арттырады. Компьютерді сабақта қолдану оқушылардың сол пәнге, оқытушыға деген көзқарасын өзгертеді, тәртіп пен үлгерімді де жақсартады. Ақпараттық технологияны қолдану арқылы пәнді оқыту оқушыларға сабақ барысында мұғалімнің жалаң сөзін тыңдап қана қоймай, көптеген мағлұматты өз көзімен көру арқылы қабылданған ақпаратты есінде жақсы сақтап қалуына мүкіндік береді. Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі – ол қазақ тілі, оқу және тіл дамыту сабақтарында пәнаралық байланысты күшейтіп, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қорыта келе, сабақта әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануды жетілдіру ілiм мен бiлiмнiң дамуы адамзат өркениетiнiң өлшемi. Олай болса, арнайы бiлiм беру үрдісі үнемi жетiлiп, жаңарып отыруды қажет етеді. Жаңа технология мен әдіс-тәсілдердің көмегімен білімді, іскерлікті, дағдыларды игеру процесінде тұлғалық қасиеттің дамуында нәтижелі шешімге жету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Зиятында ауытқуы бар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, дүние танымын қалыптастырады.
Абдукадырова Гүлсара Айтөреқызы ОҚО Білім Басқармасы,
облыстық әдістемелік кабинетінің
арнайы білім беру бағдарламасы
бойынша әдіскер