Home » Жаңалықтар » Армысың, әз Наурыз!

Армысың, әз Наурыз!

Жарық жалпы орта білім беру мектебінде бастауыш сыныптар арасында «Армысың, әз Наурыз!» атты Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік кеш болып өтті. Кеш екі ауысымда, екі тілде, 1-2 сыныптар «Абай» ауылы және 3-4 сыныптар «Сәкен» ауылы болып, ауылдар арасында думанды да мазмұнды кеш өз жалғасын тауып жатты. Ата-аналар ұлттық киіммен  мектептің дәлізінде жайылған дастарханға қазақтың ұлттық тағамдарын қойса,  оқушылар өз өнерлерімен мерекенің сәнін келтірді. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай келген мектеп директоры Г.А.Кызылова жүрекжарды лебізін білдірді. Кешті бастауыш сынып мұғалімдері А.Ж.Касымова мен К.Б.Балгабекова жүргізіп отырды.

Күн ана өзінің Көктем аруы және Наурыз батырымен, ата-бабалардың сөзімен айтқанда, «Ақ түйенің қарны жарылған» күнге ризашылықтарын білдірді. Салт-дәстүрді берік ұстанған халық екендігімізді, әр ауылдың «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Тоқымқағар» сияқты дәстүрлерін көргенде тағы бір мәрте сезіндік десек артық айтпаған болар едім. Ертеден ұмытылып калғандай болған «Саумалық», «Шөміш қағу» дәстүрлерін 2-3 сынып ата-аналары көрсетті. 1 орыс сынып оқушыларының сүйінші сұрай келіп, 2 сынып оқушысының әжесі сатып әперген киіміне екі ауылға киімін көрсетіп байғазы сұрауы да салт-дәстүрдің жалғасын тауып жатқандай әсер қалдырды. 4 сынып оқушыларының жарапазандары, «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» көріністері көрермендердің көңілдерінде қалды. Ақ жаулықты әжелеріміз де келіп, мерекенің ұлттық тағамы «Наурыз көженің»  дайындау жолдарын айтып, барлықтарына дәм татқызды. «Арқан тартыс», «Сақина салу» сияқты ұлттық ойындар да кешті әсерлі қылды. Биден шашу шашылып, әннен маржан төгілді. Жеті шырақ көрінісі көрсетіліп, Қыдыр ата келіп ақ батасын берді.

Кеш соңында мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша тәрбие ісінің орынбасары Ж.К.Даткина сөз алып, барлық ата-аналар мен оқушыларды, ұстаздарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай келе, кештің ұйымдастыруына мұрындық болған 3 — сынып жетекшілеріне алғысын білдірді. Ата-аналар тарапынан Наурыз мерекесін дәл осындай үлгіде өткізу дәстүрге айналса деген ұсыныс тілектер айтылып, мерекеге жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарасып жатты. Бұндай 500-дей халықтың басын біріктірген ауқымды шаралардың әлі де жалғасын табатындығына кәміл сенемін.

Алтайбаева Гүлімжан Кенжетайқызы
бастауыш сынып мұғалімі
Жарық жалпы орта білім беру мектебі
Шет ауданы С.Сейфуллин кенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.