Мұстафин Бақыт Мұтәллапұлы 10.12.1937 қазіргі Есіл ауданы Еңбек ауылында туған. Журналист, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚазМУ-ді (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) 1959 жылы бітірген.
Еңбек жолын облыстық «Ленин туы» газетінде (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») бастаған. Газетте бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып істеген.
1988 жылдан 2004 жылға дейін осы газеттің бас редакторы қызметінде болды. Бақыт Мұстафиннің жеке жинағы 1976 жылы «Жайнаған жер» деген атпен жарық көрген. Балаларға арналған «Тәтті сәбіз», «Жаңарған өлке», «Егістікке рахмет», «Жарқын жол», «Диқан жолы», «Досыңды шақыр» т.б. әңгімелердің авторы.
Б. Мұстафин тарихы тоқсан жылға таяп калған «Солтүстік Қазақстан» газеті эстафетасын жиырма бірінші ғасырға өз қолымен тапсырып, аманаттаған һәм басылымның жаңа ғасырдағы жаңа шежіресінің жаңа парағын өз қолымен ашқан бақытты редактор. Оның үстіне еліміздің солтүстік өңіріндегі тарихы тереңнен бастау алатын бағалы басылымның халқымыздың көп ғасырлар бойғы арманы болған мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі тұңғыш редакторы.
Мыңжылдықтар тоғысымен тұспа-тұс келген өміріндегі таңғажайып өзгерістер, санадағы сілкіністер мен іркілістер кезінде тәуелсіздік талабына сай жаңа газет шығару оңай емес еді, әрине. Жас егемен мемлекетіміздің аяғынан қаз тұрып, берік бой түзеуі бүкіл қоғамнан зор күш-жігер мен төзім-тегеурін талап етсе, жаңа тұрпатты басылым жасау үшін журналистер рухани сілкініс, сергек серпін мен шарт сынбас шыдамдылық танытуы қажет болды.
Алғашқы қиындықтар кезеңінде Солтүстік Қазақстан тәрізді қазақы оқырмандар онша көп емес өңірде басылымды, оны шығарып келген ұжымды сақтап қалудың өзі үлкен игі іс болатын. Газет шығару ісін нарықтық жағдайға бейімдеу, жазу-сызудың мән-мағынасын, тақырыптық бағыт-бағдарын мүлдем бөлек арнаға бұру, оқырмандардың газет сөзіне деген талайдан қалыптасып калған таптаурын көзқарасына жаңаша жан беру екінің бірінің қолынан келмейтін еді. Ал, Б. Мұстафин бастаған «Солтүстік Қазақстан» газетінің журналистері бұл сыннан мүдірмей өтті. Жаңа сүрлеуге түсті. Жаңа серпілістерге жол ашылды.
Соның бәрінде редактордың басшылық біліктілігі творчестволық тегеурінділігі мен биік адамгершілігі айтарлықтай ықпалды фактор болғандығы даусыз. Творчество адамдарына құрметпен қарау, өз шығармашылық деңгейіңнің биікте болуы, қанға сіңген қарапайымдылық пен биязылық қана шынайы бедел мен құрметке жеткізеді. Б.Мұстафиннің басшылық біліктілігінің негізінде тап осындай қасиеттер жатыр.
Публицистикалық шеберлігі төрт мәрте Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен марапатталған Б. Мұстафин көркем прозада да өз қолтаңбасымен таңылған талантты қаламгер болатын. Бірнеше жинақ шығарып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне кабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2001 жылы екінші дәрежелі «Достық» ордені, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби туындылары кезінде көпшілік көңілінен шығып, сыншылар тарапынан жоғары баға алды. Басқа халықтардың тілдеріне аударылды. Республикалық деңгейде аталып, автордың абыройына абырой қосты. Жазушы шығармашылығы жөнінде әр кезде Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов, Мағзум Сүндетов, Кәкімбек Салықов, Герольд Бельгер және басқа белгілі қаламгерлер жылы лебіз білдірді.
Жалпы журналист-жазушы Б. Мұстафин — ұзақ жылдар бойы Қызылжар өңіріндегі әдеби-творчестволық процестің, халықтың көркем шығармашылығының дамуына тікелей өзі белсене араласып қана қоймай, ұйымдастырушы ретінде де жемісті әсер еткен тұлға. Оның творчествосы мен қоғамдық белсенді іс-әрекеті Есіл өңірінде қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, беделін арттыруға айтарлықтай үлес болып қосылғаны анық.
2004-2005 жылдары Б. Мұстафин жоғары оқу орнында ұстаздық етуге арнады. Ол бұл іске айырықша ыждаһаттылық танытып, студент жастарға өзінің бүкіл саналы ғұмырының мәніне айналған сүйікті журналистикасының қыр-сыры жайлы қызықты лекциялар оқумен ғана шектелмеді. Түрлі оқу-әдістемелік құрал шығарып та үлгерді. Бақыт ағамыз қара басының қамын ғана ойламай, елі үшін аянбай тер төккен талант иесі. Б. Мұстафин — сондай өнегелі ғұмыр иесі тірі болғанда 80-нің төріне шығар еді. Оның өміршең өнегесін ұрпақтар жадында жаңғыртып, елжандылық тәрбие еншісіне айналдыру- өсіп келе жатқан келер ұрпақтың парызы.
Көкбас Жазира
Білім айнасы
Петропавл