Home » Білім және тұлға » Ардақты ұстаз

Ардақты ұстаз

Бүгінгі мақаланың кейіпкері 30 жылдан аса саналы өмірін ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі қызмет еткен ұстаздардың бірі — Рая Ералықызы туралы болмақ.

Жалпы, ұстаздық мамандыққа келетін болсақ, бұл үлкен бір тәрбие жолы. Өз кәсібіне шын берілген ұстаздар әрдайым шығармашылық пен ізденісте болады. Сондықтан да ұстаздықты үлкен тағылымы терең өнерге балап жататыны да сондықтан болар? Мұғалім болу – әркімнің қолынан келеді. Ал, нағыз ұстаз болу үшін көп еңбек пен тер төгу қажет.

Осы мақалаға себепші болып отырған еңбек ардагері Рая апамызды осындай ұстаздардың қатарына жатқызамыз. Рая Ералықызы – 70-тің жетегінен асса да бүгінгі күнде қоғамнан өзін алшақ салмай, «өмірім-өнерім» деп табиғат берген әсем дауысымен «Ару Аналар» ансамблінде ән салып, ардагерлердің көркемөнерпаздар байқауына қатысып, үлкен сахналарда өнерлерін паш етіп жүрген топтың белді мүшесі. Ару аналармен бірге көптеген түрлі дәрежедегі байқаулардан жүлдегер атанып, олжалы оралып, көпшіліктің құрметіне бөленіп,  ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек жолында жүрген жанның қатарында. Шонай ауылында өтетін тойдың сәні болып, ақ тілегін айтып, шашуын шашып жүрген ардақты ана.

Ұлағат иесі Қарағанды педагогикалық институтының биология-химия факультетін бітіріп, еңбек жолын туған жері Баянауыл өлкесінде, Қ. Сәтбаев атындағы орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастады. Көп жылдар Екібастұз ауданы Қарасу мектебінде химия-биология пәнінен дәріс берді. Облыстық, аудандық білім жүйесіндегі жас ұрпақты оқытып, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбектері  еш кетпеді. Ол түрлі дәрежедегі мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарымен,  «Еңбек ардагері» медалімен оралды.

«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Рая апаның да шәкірттері бүгінгі күнде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгіп жатыр.

Сондықтан, ардагер ұстазды білімі мен біліктілігін шындау жолында игілікті  істер қалдырған ұлағатты ұстаздар қатарына жақызуымызға толық негіз бар. Өнегелі ғұмырында қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Рая Ералықызы – шәкірттерінің табиғат сұлулығына деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан. Әсіресе, осы іспен айналысу мақсатында көп іс-шаралар тындырды. Табиғатқа енжар қарамаған жан тірі табиғатқа сүйіспеншілік танытып, гүл өсіру, тал егу, жерді көгалдандыру жұмыстарымен айналысуға жас жеткіншектерді тәрбиеледі. Бүгінгі күнге дейін  бау-бақша егіп, ағаштар мен гүлдердің түрлерін егіп, немерелеріне білгенін үйретуде.

«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам-бақытты» — деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Рая Ералықызы – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже. Жолдасы Рысбек атамен 6 бала, 14 немере тәрбиелеп өсірді. Балалардың бәрі де жоғары білімді мамандар.

Жан-жағы ұрпағымен жайқалып отырған Рая апамызға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.

Бинұр Айнагулова,

Ш. Айманов атындағы ЖОББ мектеп-интернаты,

Павлодар облысы,  Баянауыл ауданы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.