Home » Білім және тұлға » Қалқаман Сарин. Ұстазым үміт күткен ақындарының бірі едім…

Қалқаман Сарин. Ұстазым үміт күткен ақындарының бірі едім…

Қалқаман Сарин, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын:

 — Қалқаман Айымғазыұлы, әңгімені мектептегі жылдарыңыздан бастасақ. Мектепке алғаш барған күніңіз есіңізде шығар?!

— Әрине, есімде. Менің мектепке баруым қызық болған. Бір күні таңертеңгілік далаға шықсам қатарлас балалар мектеп формасын киіп, қолдарына шоқ гүлдерін алып, мектепке қарай бара жатыр. Ойын баласы 1-қыркүйек екенін қайдан білсін?! Аң-таңмын. Олар мектепке бара жатқанда мен қалай қалып қояйын?! Үйдегілерге «мектепке менде барамын» деп қиғылықты салдым. Бірақ құжат бойынша жасым келмейді екен. Туу туралы куәлігімде 1978 жылы туған деп тұр, алайда марқұм анам 1977 жылдың соңғы күндерінде туғансың деп айтатын. Сөйтіп мені Ұлы Отан соғысының батыры Серікболсын Бекбосынов атындағы білім беру ошағына мектепке дейінгі сыныпқа қабылдады. Кейіннен оқуға деген ынтам байқалды ма бірінші сыныпқа көшірді. Алғашқы ұстазым Лиза апай болды. Ауылға барған сайын көріп тұрамын. Бауырына басып, мәз болып қалады. Жасы 80-ге келсе де, әлі тың. Қартаймаған. Көзінің нұры, жүзіндегі жылылығы бұрынғысынша. Кейде ұстаздар қартаймайтындай болып көрінеді маған. Талайға әріп танытып, сарқылмайтын байлықты бергені үшін Алла оларды жарылқап қойған сияқты.

— Балалық шағыңыз қалай өтті? Қандай оқушы болдыңыз?   

— Шешем он екі құрсақ көтерген жан. Мен үйдің кенжесімін. Бұйырғанды жеп, ағаларымнан қалғанды киіп өстік. Заман солай еді. Асып-тасып жатқан ешкім болмайтын. Қолдан тағдыр жасап, қиындықтарды көп көрдім деп те айта алмаймын. Жұрт қатарлы өстік. Сол кездегі қазақ отбасылары кешкен тағдыр біздің де отбасымызда қайталанып жатты. Біріміз мектепті бітірсек, екіншіміз ЖОО түсіп жаттық, келесіміз әскерге аттанып, үлкеніміз үйленіп деген секілді кезекпен-кезек тіршілік алмасып жататын. Әрине, мұның бәрі ата-анама жеңіл болған жоқ. Қатарымыздан кем қалдырмас үшін аянып қалмады. Бар мүмкіндікті жасады. Біздерді жеткіземіз, жұрт қатарлы оқысын, шаңырақ көтерсін деп жүргенде көз алдымызда қартайды. Жоқтық қол байлаған шақта әкемнің қоңырайып отырып қалатын бейнесі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Жаман шәкірт те болдым демеймін. Өзім қатарлы балалармен деңгейлес оқыдым. Қоғамдық іс-шараларға жиі атсалысатынмын.

— Сізді ақындыққа баулыған мектептегі ұстаздарыңыз екен. Сол кісілер жайында айтып өтіңізші…

Бала кезден қара өлеңге ғашық болып өстім. Мектепте жүрген кезімнен-ақ, тығылып өлең жаздым. Оны ешкімге айтпай, өзіммен-өзім сырласамын. Айналамдағы тұмса табиғат, самал жел, саңқылдаған құстардың шуылы бәрі-бәрі өлең айтып тұрғандай сезілетін. Қателеспесем, 9-сыныпта оқитын кезімде мектепішілік оқушылар арасында айтыс өтетін болды. Сынып жетекшім Сәуле Тұрсынғалиева маған: «11-сыныптың оқушысымен айтысып көрші!», деп қолқалады. Мен: «Апай, мен айтысу тұрмақ, домбыра да шерте алмаймын», — деп сылтаураттым. Ол кісі менің алдымда оқыған ағам мен апа­йыма да сынып жетекші болған. Сондықтан «менің алдымнан өткен Сариндердің бәрі домбыраның құлағында ойнап, ән айтатын. Ауданның намысын қорғап жүрген өнерлі жастар болды. Сен неге домбыра шертпейсің?»,-деп зілді дауыспен сұрақ қойды. Негізі, домбыраны бала күнімнен шертемін. Қолым қалт еткенде, оңашада домбыра тартып, ән айтамын. Алайда оны көпшілік білмейтін. Әкем мен анама ғана аян еді. Осы өнерімді сынып жетекшіме әкем естіртсе керек. «Домбыра шертпегені қалай? Күнде үйде даңғырлатып отырады»,- депті. Ақыры не керек, сол айтысқа қатыстым. Ұстазымның үмітін ақтауым керек болды. Әлі есімде елу шумақ өлең жазып, өзімнен екі сынып жоғары оқитын қызбен айтыстым.

Адамға талантты Алла береді, алайда оны дамытуға, ұштауға ортаның әсері көп. Мектептегі ұстаздарыма алғысым шексіз. Сынып жетекшім Сәуле Тұрсынғалиева апайым да өнерден кенде емес еді. Ақындығы да бар болатын. Ол кісі әрбір баланың мінез-құлқын, көңіл-күйін бірден аңғаратын. Кез-келгеніміздің не нәрсеге икемді екенімізді байқап тұратын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Бақыт Тұрсынғалиева апа­йымды да ерекше құрметтеймін. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болған Төлеген Сүлейменов ағамыздың да мен үшін орны бөлек. Мені ақындыққа баулыған осы кісілер. Олар бойымдағы қабілетті аңғарды, ақындық талабымды ұштады. Өнерімді дамытуға қолдау көрсетті. Осы кезге дейін жеткен аз-кем еңбегім сол кісілердің арқасы.

Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп жүрсіз. Мұғалім ретінде өзіңізге қандай баға бересіз? 

— Бұрынғы ұстаздар, шынында ұлағатты деген теңеуге лайық еді. Бұған әріптестерім ренжи қоймас. Ол кездегі мұғалімдердің парасаты, білімі, таным-түсінігі бөлек еді. Кейде ойлаймын бұрынғы мектеп мұғалімдері бүгінгі университеттерде сабақ беріп жүрген профессор-оқытушылардан асып түспесе, кем түспейді деп. Ал жеке өзіме баға беру қиын. Оны студенттерім бере жатар. Шамамыз жеткенше ұстаз болып жүрміз.

— Сұхбатыңызға рахмет! Аз болса да, саз сөйлестік деп сенемін.

Әңгімелескен Н.ЕРБОЛАТ

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.