Скакбаева Гульнур Рятовна,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы әкімдігінің
Білім бөлімі «№56 орта мектебі» КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мақсаты: оқушыларға ана тілін білудің маңызын түсіндіру, ана тілі туралы жазылған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқи білуге дағдыландыру, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, тіл мерекесіне орай шығарылған газет, бейнетаспа.
Барысы:
Жүргізуші: Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Ал біздің Қазақстан Республикасында қазақ тіліне мемлекеттік статус берілген. Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен ана тілімізді дамытуға күш салғанымыз жөн. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – біз өз ана тілімізде таза сөйлеуіміз және оны жақсы біліп, туған анамыздай сүюіміз керек деген сөз.
21 ақпан- Халықаралық ана тілі күні
«Әр халықтың ана тілі — білімнің кілті,
Тіл – көңілдің тілмашы» демекші, әрбір адамның өзінің ана тіліне қарап, оның мәдени дәрежесі ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеті жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Яғни, тіл дегеніміз — әрбір адамның жаны, тәні, бар болмыс — бітімі. Сол себепті өз ана тіліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін бір адамдай жұмылып, өз байлығымызды асқақтатуға күш салуымыз керек. Біздің асыл қазынамыз, сөз жеткісіз жауһар құндылығымыз-ол тіліміз.
Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Қазақ тілі-дамыған, жетілген, бай тіл. Бұл сөзіміздің растығын кезінде шығыстанушы, этнограф В.В. Радловтың сөзіне аңғаруға болады: «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұраққа жауап беруге келгенде, таңғаларлықтай оралымды сөйлейді». Бұл тұрғыда кезінде ұлы Абай да:
Өткірдің жүзі, кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас,— деп ата тіліне таңырқап, жоғары баға берген. Сол себепті де өз ана тіліміздің қадір-қасиетін бағалай отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмаған саф таза күйінде жеткізу — барша адамның парызы.
Олай болса,Балалар, құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан,
Тіліне зер салыңдар бұрынғының, — дей келіп, бүгінгі «Ана тілі – мәңгі құламайтын бәйтерек» атты сыныптан тыс іс шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.
«Ана тілім»
Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем.
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім,
Арыңа дақ түсірсем.
Көрініс:
Патша: Уа жараңдар, жараңдар! Бәрің маған қараңдар! Мен Жоңғарлардың патшасы Батыр қоңтайшы осы уақытқа дейін жан- жағымдағы елдермен соғыстым, талай бейбіт тұрғындар қаза болды. Енді мен әр елдің мәдениеті мен әдебиетін, тұрмыс тіршілігін, салт – дәстүрін меңгергім келеді.
Уәзірлері: О, хан ием олай болса жүріңіз, ел – елді аралап көрейік.Ұнаған, көңіліңізге жаққан ел болса, шұрайлы ,байлыққа толы шүйгімді жері болса, соғыссыз ақ жаулап алу қамын жасайық.
Жүріңдер ендеше…
Жүргізуші: Осылай ел – елді аралап жүріп, бір күні «Мәңгілік ел» шаһарына келіпті.
Тұрғындар: Қараңыздар, қараңыздар! Біздің елімізге қонақтар келе жатқан сияқты. Жүріңіздер қарсы алайық.
Патша: Армысыздар! Біз құдайы қонақ едік. Ел – елді аралап, саяхат жасап, бүгін мына сіздердің де шаһарға кеп қалдық.
Тұрғындар:- Келіңіз, кіріңіз! Біз “Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Ендеше, төрлетіңіздер! «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, біз «Халықаралық ана тілі» мерекесін тойлап жатырмыз.
Патша:- «Мәңгілік ел» патшалығына саяхат жасауды көптен көңіліме түйіп жүр едім.Соның сәті бүгін түскен сияқты. Мен қазақ тілі туралы білсем деймін.
Тұрғындар: Олай болса, «Мәңгілік ел» шаһарының тұрғандарының өнерін тамашалаңыздар.
Ақын – жазушыларымыздың тіл туралы өлеңдері.
1 – оқушы.Начало формы
Ана! — десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
* * *
2- оқушы.Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!
* * *
3 – оқушы.Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
* * *
4-оқушы.Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
* * *
5-оқушы.Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
* * *
6-оқушы.Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
М.Әлімбай
«Ән – көңілдің ажары». Құлақтан кіріп, бойды алған әсем әнмен тербетейін қауымды- дей келе ортаға 8- сынып оқушысы Кенжебек Айдынның орындауында «Жаса қазақ тілім» әні.
Конец формы
Начало формы
Конец формы
Начало формы
Ана тілі туралы қанатты сөздер:
Тілін білмеген түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, емірентем деп егілтеді, жұбатам деп жылатады.
Ғабит Мүсірепов
Қазаққа сөз дарыған,
Бір сөз үшін семіріп,
Бір сөз үшін ауырған…
Асан Қайғы
Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы — елдің елдігін, жұртшылығын, мәдениетін, жауынгерлік дәстүр — мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөздің дәлелді мөлшері.
Бауыржан Момышұлы
Қазақ тілінің байлығы-қазақ халқының, қазақ ұлтының байлығы. Осы байлықты бағалай білу керек. Сонда ғана біздің Қазақстан кез келген жұртпен иық теңестіре алатын іргелі ел бола алады.
С. Аманжолов
Қазақ халқы тіл өнерін жоғары бағалаған. Ол өнердің ұшар биігі де, қонар жайсаңы да біздің қазіргі өміріміз.
М. Балақаев
Тіл- өмірмен өзектес жанды құбылыс.
Рабиға Сыздықова, ғалым
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» дегендей біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек.
Келесі кезекте бейнебаянға назар аударайық.
Н.Ә Назарбаев «Қазақ тілі».
Тілсіз бидің құдіреті шексіз. Би өнері де атадан-балаға жалғасқан ұлт қазынасы. Сахнаға биші ұл-қыздарымызды шақырамыз!
«Қара жорға» биі
Тілім менің-тірлігім
Тіл жайында толғанбайтын кім бүгін?
Тіл жайында үгіттейді кімді-кім?
Тілім менің-тілім менің тірлігім!— деп ақын- жазушыларымыз жырлағандай, «Мәңгілік ел» шаһарының жас ақындары тіл жайында толғандырған ойларын бізбен бөліссек дейді.
Патша: Мен — елдің ертеңінің жарқын, еркіндігі мен бақытының баянды болғанын армандап, жердің түкпір-түкпірін аралап, жайлы қоныс табудың жолын іздеген данышпан патшамын. Менің аңсағаным елді орнықтыратын жайлы мекен тауып, елдің мәңгілігін жаңғырту еді. Іздеген жерұйығымның мәні халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтайтын, ел-жұрты бейбіт өмір сүретін, адамгершілік пен бауырластықты ту етіп, татулықта ұйысып өмір сүретін құтты қонысты табуда болды.
Сендерге үлкен рахмет. Мен құтты қонысты осы «Мәңгілік ел» шаһарынан таптым. Мен осы шаһардың тұрғандарымен бір шаңырақ астында тұрсам деймін.
Тұрғындар: «Егемендігімізді сақтап, мұратымызға жете білейік». «Мәңгілік ел» жасасын!
Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына»,-деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыз жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі, мақтаныш сезімі болуы керек.
Тілімізді құрметтей білейік! Ана тілі – жасасын! Мәңгілік ел – жасасын!
Осымен, «Ана тілі – мәңгі құламайтын бәйтерек» атты іс – шарамыз өз мәресіне жетті.
Назарларыңызға рахмет!