Елбасымыз Н.Әбішұлы Қазақстан халқына Жолдауында: “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі —жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын. Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Ендеше, тілге қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Мақсаты: балабақшадағы қазақ және басқа ұлт өкілдері балаларының қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылықтарын оятып, тіл үйренуге деген ықыластарын туғызу. Балалардың сөздік қорлары мен тіл байлығын дамыту. Ана тілі мен өзге тілдерді құрмет тұтуға, достыққа тәрбиелеу. Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» саясатын насихаттау.
Тіл –қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат.Өмірдің қырын, сырын түсіне білуіне басты себепкер- ана тілі. Бүгінгі күні біздің мемлекетімізде тілдердің үш тұғырлығы деген жаңа термин де пайда болды. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар ағылшын және орыс тілдерін де жетік білуді қазірде талап етуде. Жас ұрпақтың білім ордаларында осыған орай ағылшын тілін меңгеру үшін білім алып жатқаны да қуантады
Ұлы Абай атамыз айтқандай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», — деп баланың білімді болуы ақылына, санасына, зейініне байланысты болатынын айтады. Әсіресе, жас мамандардың педагогтік шеберлігінің дұрыс қалыптасуында баланың жас ерекшеліктеріне тән қабылдау және ойлау процестері, оның жеке басының даму заңдылықтары жөнінде білу өте маңызды. Бала өмірінің екінші жылында сөйлейді, жүре бастайды, заттармен әрекет жасаудың қарапайым тәсілдерін меңгереді. Ол әлі де ересектердің көмегін қажет етеді, бірақ сәбилерге қарағанда, осы жастағы балаларда талпыныс, ересектерге түсіндіре білуге деген ұмтылыс пайда болады. 2 жаста бала айтарлықтай қарқынды дами бастайды. Бала ересек адамдардың тілін түсіне бастайды және сөйлеу қабілеті, сенсорлық дамуы, ойнау кезіндегі заттармен әрекеттері, қимыл-қозғалыстары да дербес дамиды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында аталғандай мемлекеттік тілді еркін игеру дегеніміз- ол ойын жеңіл де қиындықсыз жеткізе білулік қабілеті. Осы дәрежедегі деңгейге жету үшін тілді үйрету жұмысы мектепке дейінгі кезеңнен белсенді білім, білік, дағды және қабілеттерімен бастау алуы қажет.
Тәрбие басы- тіл, сондықтан балабақшада қазақ тілін үйрету оқу-тәрбие жүйесінің барлық саласын қамтиды. Сәбилік кезден бастап-ақ саналы тәрбие ретінде қазақ тілін үйренуге тәрбиелеудің түп негізі- балабақшада қалыптасады.
Жас балапандарымыздың жан-жақты дамуына, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін балаларымыздың бойына сініріп, еліміздің бетке тұтар азаматы болып өсуіне ат салысып келе жатқан қаламызда мемлекеттік балабақшаларымыздың бірі №31 «Салтанат» бөбекжай-балабақшасы.
Біздің балабақшамызда әр топта ұлттық бұрыштары бар, топтарда ұлттық бұрыштары әр түрлі дидактикалық ойындармен, балалар әдебиет хрестоматиясы журналдарымен, техникалық құралдармен (бейне таспа, үн таспа сияқты) қамтамасыз етілген. Ұлттық бұрыштары арқылы біз балаларға қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақ халқының ұлттық ойындарын таныстырып, үйретеміз. Өйткені балалар қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуі қажет. Балалардың қызығушылықтарын арттыру үшін, балаларға қазақ халқының ертегілерін айтып , қазақ халқының ұлттық ойындарын оқу іс-әрекетінде қолданамыз.
Балабақшада жүргізілетін тәрбие, білім беру аясында дыбысқа байланысты жаттығулар кешенді түрде іске асырылады. Дыбыстардың ерекшеліктерін жете меңгеріп, дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру басқа да, тілдерін дамыту сабақтарында ғана емес, ән күй, дене шынықтыру сабақтарында да, сабақтан бос кездерінде балаларға ана тілінде өлеңдер, тақпақтар, көркем сөздер үйретіледі.
Қазақстан- көп ұлтты мемлекет болғанымен біздің балабақшамызда да басқа ұлттың балалары тәрбиеленеді. Сондықтан күнделікті тәрбие ,білім беру аясында балаларды бір-бірін сыйлауға, достық қарым-қатынасты нығайта білуге, бір-біріне көмектесуге, рухани адамгершілікке тәрбиелеу менің міндеттерімнің бірі болып табылады.
Осындай жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қазақ балаларының ғана емес, басқа да ұлт өкілдерінің балаларын «Мен қазақ тілін үйренемін, себебі мен Қазақстан Республикасында өмір сүремін» — деген сөздерін есту мен үшін әрине үлкен дәриже, мақтаныш. Сондықтан балаларды тәңертеңгі балабақшаға қабылдаудан бастап, барлық сабақтарда, серуенде, үйлеріне шығарып салу кезіне дейінгі уақытта, көркем сөздерді пайдалана отырып, бойларына адамгершілік қасиеттерді дарыта салса, келешекте саналы, өз елін, жерін, тілін бойына жақсы меңгерген азаматтарды, тәрбиелеп шығара аламыз. Қазіргі қазақ отбасындағы қос тілділікті болдырмау үшін жас ата- аналармен үнемі жұмыстар жүргіземін.Ата-аналарды да патриоттық сезімін ояту үшін ұсыныстар айтып, өткізілетін ашық сабақтарыма, ертеңгіліктер мен мерекелік кештерге шақырамын.
Бала-дегеніміз — болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
Қорыта келсек, бала өміріне немқұрайлы қарамай, балаға қазіргі заман талабына сай, мағыналы білім берсек қана, біздің бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқан болмақ. Бала отбасында дұрыс тәрбие алса,тәрбиелеудің нәтижесі жоғары болмақ.
Атақты Б.Момышұлы атамыз айтқан екен мен үш нәрседен қорқамын:
«Өзінің сәбиіне бесік жырын айтпаған анадан, немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, өз тілін құрметтемеген адамнан» деген екен. Міне, балаға отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз балаларымыздың ана тілде таза сөйлеуге, терең меңгеруге баулу және отбасымен ынтымақтастық орнатып, баланы жан-жақты тұлға ретінде тәрбиелеу.
Жабаева Алтынай Пернехановна,
№31 «Салтанат» бөбекжай- балабақшасының
тәрбиешісі,
Шымкент қаласы