«Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес,
сонымен қатар ана тіліміздің болашағы»
Н.Ә.Назарбаев
Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ана тілі – ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Тәуелсіз мемлекеттің ең басты белгісі – оның ана тілі. Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. «Тілден тілдің кеңдігі болмағанымен, кемдігі жоқ»,-дейді дана халқымыз. Тіл біздің тұтастығымыз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы керек.
Қазақ тілі – өте кең, жайдары да жалпақ тіл. Еліміз Қазақстан Республикасы егемендік алғалы бері ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Президентіміздің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды. Біздің Абай ауданымыздың «Аққу бөбекжайы» да тілдер мерекесіне қызу дайындық үстінде. Балабақшамызда түрлі мерекелік іс-шаралар жоспарланып өткізілуде. Кішкентай бүлдіршіндерімізді ана тілінде білім нәрімен сусындатып, қазақи тәрбие бере отырып, ұлттық мәдениеттің гүлденуі, өзінің болашағы ана тіліміздің дамуына зор үлес қосудамыз. Туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезеңнен басталуы тиіс. Айнала қоршаған әлемді танып білу, туған тіліңді білуден басталады. Бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз – ана тілімізді сақтап, өркендетіп, келер ұрпақтың бойына сіңіру әрбір адамзаттың парызы деп білемін.
Фазилова Қ.К
Қарағанды облысы
Абай қаласы әкімдігінің «Аққу бөбекжай» КМҚК
психологы