Home » Мақалалар » Ана тілім – ар ұятым

Ана тілім – ар ұятым

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген Елбасы сөзінен кейін мемлекеттік тілді өркендету, оған деген қажеттілікті сезіндіру, өзге ұлт өкілдеріне үйретуде жаңа бағыт-бағдар беріліп жатыр. Өз тілімізге деген қажеттілікті сезіндіру арқылы қазақ тілін сұранысқа ие бола алатындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретерде жаңа  бағыттағы жаңа мүмкіншіліктер арқылы салт-дәстүрімізді, тәлім-тәрбиемізді бере отырып, тілдік деңгейді көтеру парыз болып саналады. Қазақстан жаңа белестер кезеңінде, жаңа биіктерге көтерілу кезінде өз тілімен өркендей алатын мүмкіншіліктерге жету керек.

Тілді өркендетуді баланың тілі шыға бастаған кезден бастау керек дейді. Қазіргі кезде мемлекеттік тілге бет бұрып жатқан өзге үлт өкілдері баршылық, балабақшаға балаларын орналастыра алмай жатқан ел қаншама, ал орналастырғандар мемлекеттік тілді меңгеру үшін емес, баламыз балабақшаға барса болды деген ұғыммен береді. Балабақшада жүріп қазақ тілінде үйренгенімен, шыға бере өз тілдерінде сөйлесіп бара жатқан ата-аналар мен балаларды көресін. Өйткені ата-анасының баласына тілді үйрету үшін жұмыс жасап үйренбегенімен қоймай балаларымен өзара ана тілінде емес, өзге тілде шүлдірлесетіндер де кезігіп жатады. Осындай кездейсоқ жағдайлар алға басқан адымымызды кері тартып жатса оған не дейсің? Бұл да көп ұлтты мемлекетімізге сыртқы жақтан жасалып жатқан, санамызды жаулап алған саясат сияқты емес пе? Бұл жерде еш нәрсе тындырып жатқан жоқпыз деп айтпақ емеспіз, бала бойына сіңіре, қайталап отырамыз: мемлекеттік тіл қай тіл? Отанымыз қалай аталады? Біздің рәміздеріміз қандай? Елбасы кім? Ұлттық ойындарымыз қандай?

«Ана тілім –ар ұятым» деген сөз ұранға айналатындай кезең жетті. Ендеше ана тілімізді дамытуда шорқақтық таңытпай алға сенімді, нақты қадам басу қажет. Өткен тарих пен бүгінгі заманның ерекшеліктерін болашақ ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз. Бүгінгі болган оқиға — ертеңгі шежіре. Осы шежірені ертеңгі ұрпақтың қай тілде немесе қандай түсінікте қабылдайтыны бізге белгісіз. Қасиетті тілімізді ары қарай дамыта түсу, бұрынғы бар байлығы мен қалыптасқан қағидасын бұзбай сақтау бүгінгі парызымыз ғана емес, ертеңгі ұрпақтың алдындағы жауапкершілігіміз.

Омарханова Светлана Имангалиевна

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды

облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының

Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бойынша

бөлімінің жетекші маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.