Өмірдің нәрі-су. Тіршіліктің бастауы-Ана. Қаны менен жаны, жары менен жады бар барлық жаратылыстың да негізі сол. Ананың түйсігі ұрпағы үшін құрбандыққа баратын жұмбақ құбылыс. Асыл ананың перзентіне деген махаббаты тұрақты, мейірімі шексіз, жүрегі кешірімшіл, еңбегі риясыз екендігіне күмән жоқ. Адамның адал баласы қашан да ананы ардақтаған. Арғы бір алтын дәуірде біздің байтақ далада алтын мүйізді ат мініп, алтын тұғырлы тақ мініп, алтын сауыт киініп, алтын қанат қырандай келген жауға түйіліп Тұмар деген ана өткен. Ата қоныс жер үшін, сақ жатқан сансыз ел үшін, айбарлы ұлдың кегі үшін дұшпанға қанын жұтқызып, кеудеден бөліп кәлласын қанжығаға бөктерген. Бірақ кейде бұл күнде, белгі де қалмай өткеннен, шешені көрдім өзінен туған сәбиді өлтірмек болып кектенген. Иә, қазір шақалақты көше менен қоқысқа лақтырған бедірей бетпақ пен жеткіншек қызы көтерген жазықсыз сәби-жиенін желкелеп жолға лақтырған безбүйректер шықты. Ондай тіршілік иелеріне Ана, Апа, Әже деген қасиетті аттарды қия алмадым. Себебі ботасынан айрылған бозінгеннің зары да қазақтың көңілін қаяу түсіретін еді бір кезде. Аруананың азалы үнін қарағай қобыздың қылы мен қара домбыраның шегіне күй қылып салушы еді сонда бабалар.
Жаратқан азулы айғыр мен ақырған арыстанға, көк бөрі мен көп китке терең түйсік берген, сондықтан олар өз баласына шаппайды, сөйтіп тектілігін сақтайды. Ал адамзатқа асыл сана силаған, бірақ содан кейбіреулер құр қалғандай көрінеді. Күнәсіз сәбиді періштеге теңеп, оның жұпарын жәннатың иісіне балап, дін исламды ұстанған алты Алаштың баласы жетімін жылатып, жесірін тентіретпеген ешқашан. Қара қазан, сары баланың қамы үшін талай тәуекелге басын тікпеп еді баһадүр бабалар мен ақылды аналар. Өлген қайта тірілмес Алладан әмір келмесе, өткен қайта жаңғырар тәрбиемен емдесе. Сондықтан қоғам болып тәрбиесіз надан қылықты тәк деп тимасақ, тамырымызды тереңге жібере алмаспыз. Осы орайда бүлдіршін-балдырғандарды баулып, баптайтын балабақшалардың еңбегі зор. Солардың бірі қасиетті Қарқаралы қаласындағы тамырлы тарихы бар «Жас терек» бөбекжай-балабақшасы «Ана махаббатымен жылытылған жүрек» атты шара өткізді. Дөңгелек үстел түрінде өткен тәжірибе алмасуға тек көп балалы аналар қатысты. Балабақша меңгерушісі Айнұр Абзалованың бастамасымен, әдіскер Маржан Қабиеваның жетекшілігімен жасалған ізгілікті іс ата-ана, бүлдіршін, балабақша арасындағы байланыстың тамаша үлгісін көрсетті. Ақ дастархан басында емен-жарқын отырған аналар пікір таластыра отырып, көптеген өзекті мәселелердің бетін ашты. Өмір теңізінің айдынына бір кемемен сапарға шыққан бұл топ бірінші аялдама — «Бала өмір жалғасы», екінші аялдама — «Тәрбие басы отбасы», үшінші аялдама-«Баламен сөйлесудің он ережесі», төртінші аялдама-«Адамгершілік — жылы жүректен» аралдарына соғып, бесінші аялдама-«Қорытынды» ойдың құрлығына жетті. Музыкалық залдың төрінде өткен келелі отырысқа балабақша тәрбиешілері Торғын Сламжанова мен Арайлым Ізбасарова және «Балапан» тобынан Сыздықова Меруерт, Байешова Жанагүл, «Балдырған» тобынан Омарбекова Дүрия, «Қонжық» тобынан Темиржанова Динара,«Жұлдыз» тобының Мерсалимова Дана, Байешова Жанагүл, Омарбекова Камила, «Қызғалдақ» тобынын Иманбаева Қарлығаш, Жаппар Жазира, «Айгөлек» тобынан Мезгілбай Әйгерім сияқты көп балалы аналар қатысты. «Тағылым» атты желкенді кеменің жолаушыларын қарсы алған балабақшаның психологы Бақытжамал Мағди танысу тренингін ұйымдастырды.«Мысалға Айдай сұлу-Айсұлу сияқты, есімдеріңіздің жанына екі сын есім қосып айтып бір-бірімізбен жақынырақ таныса отырайық» деген психологтың ұсынысына, бар өмірін балапандарына арнаған аналардың кейбірі қысылыңқырай келісті. Аздан соң өздерін еркін сезінген олардың барлығы белсенді ойыншыға айналды. Сөйтіп, аналар фрегаты бірінші аялдамаға келіп жетті. Бұл «Бала өмір жалғасы» тұрағы еді. Бүлдіршіндерінің дүниеге келген күндерін, еңбектеп жүргенін, уілдеп күлгенін, есіне алған аналар қауымы нәзік әуеннің ырғағымен сәбилерінің тәтті қылықтарын есіне алды. Одан әрі жылы ағыстың жетегімен екінші «Тәрбие басы отбасы» аялдамасына келіп жеткен қатысушылар «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген тақырыпта жүргізушілердің қойған мына он сұрағын талдады:
- Ата-анамен бала арасындағы махаббатты қалай түсінесіз?
- Бақытты жанұя қандай болады?
- Бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлі?
- Ата-анамен балабақшаның ынтымақтастығы дегенді қалай түсінесіз?
- Балаңыздың өнері, қандай да бір іске қызығушылығы, бейімділігі байқалса, не істер едіңіз?
- Баламен сөйлесе білу де үлкен өнер, Мысалы: түн неге қараңғы, күн қайда кетті, ұшақ қалай ұшады,… деген сияқты таусылмайтын сауалдар көп. Сіздің балаңыз да сондай сауадардыкөп қоятын болса, жауап беруге тырысасыз ба, әлде елеусіз қалдырасыз ба?
- Сізге балабақшадағы тәрбиешіден, не басқа ата-анадан «Сіздің балаңыз балаларды ұрады» деген бірнеше шағым айтылса. Бала іс-әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?
- Кей адамның баласына «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың», — деп айтып жататынын байқаймыз. Соған көзқарасыңыз?
- Балаңыздың тәртібі жайлы білгіңіз келіп, балабақшаға келіп тұрасыз. Тәрбиешісі сізді қатулы қабақ, ашулы күймен қарсы алды. Сіздің әрекетіңіз?
- Балаңыз қандай да бір теріс іс-әрекеттер көрсетсе, сіз қандай шара қолданасыз?
Бұл тұрақта аналар да, тәрбиешілер де ашылып өз ойларымен өмірлік тәжірбиелерін ортаға салды. Жіберген қателіктерін бағамдап, дұрыс таңдауларына қуанды. Қазір мектеп қабырғасында оқитын тұла бойы тұңғыштарын тәрбиелеудегі әжелер көмегін де айтып өтті. Отбасындағы әке мен ананың қабағындағы кірбің перзент жүрегін жаралайтынына барлығы да бір ауыздан келісті. Баланың меселін қайтармай, қайта керісінше жігерін жанып қойған сұрақтарына жауап беру керектігін де дұрыс деп тапты. Желкенін жел үрлеген кеме үшінші аялдамаға да келіп жетті. Мұнда ұстаздар бала мен сөйлесудің он ережесі жайлы әңгіме өрбітіп, аналар қауымына да тәрбиелік талаптар ұсынды. Олар мыналар еді:
- Үйге ашығып келмеңіз, ашыққан адам сабырсыз, ашушаң келеді. Мұндай сәтте бала жүрегіне қаяу түсуі мүмкін;
2. Өте шаршап, қажымаңыз. Шамадан тыс физикалық, ақыл — ой жүктемелері өзіңізді жайсыз сезінуге әкеледі;
3. Қызметіңіз туралы айтқанда баланы одан кейін қойып сөйлемеңіз;
4. Баламен сөйлесу бәрінен де маңызды екенін естен шығармаңыз;
5. Бала — көмекші, отбасының тең құқылы мүшесі. Оны ұнамсыз жұмыстармен мазаламаңыз;
6. Баламен біліміңізді салыстырып сөйлемеңіз. Ол да өзінің ойын түйе алатынын естен шығармаңыз;
7. Бала тек өзінің естігенін емес, көргенін жасайтынын ұмытпаңыз. Ісіңіз бен сөзіңіз бір жерден шықсын;
8. Тыңдай біліңіз. Өзін тыңдамаған бала қапаланып өседі.
9. Баламен кеңесіңіз. Қуанышыңыз бен уайымыңызды бөлісіңіз. Тек бала жүрегін жаралап алмаңыз.
10. Балаңыз сізге материалды тәуелді екенін ешқашан айтпаңыз. Бұл оның жүрегінде сызат боп қалады. Қарттық шағыңызда өз алдыңызға келуі мүмкін.
Мұхит толқынын қақ жарып, төртінші «Адамгершілік жылы жүректен» аялдамасына жеткен ақ желкеннің теңізшілері ата-әже, әке-ана, ағайын-бауырға деген жанашырлық пен қамқорлықты ту қылып көтерді. Ұрпағымен бірге өзін де тәрбиелеп, рухани ұлт-құндылықтарын бойға сіңіріп отыру керектігін сырласа түйген сырғалы жандар уақытпен бірге кемелдену керектігін түсінді.
Жағалаудағы бесінші «Қорытынды» аялдамасына жетіп зәкір тастаған ақ кеме тілектің шамын жақты.Бір-бірімен ұрпақ тәрбиесі жайында өзекті әңгімені қозғаған аналар мен педагогтар, сүбелі сөз бен қонақжай дастарханның дәмін татып, отбасы деген терең сөздің жылуын ұғынды. Алдарындағы ақ парақтағы ағашқа суретіне отырыстан алған сезімдерін, тілектері мен ойларын жапырақты стикерлерге жазып жапсырды.Балабақша тарапы үлкен отбасын айрандай ұйытып отырған сұлулуарға арнайы тартуларын сыйлап, базарлы жанұяларға бақыт тіледі. Қойылған мақсаты орындалып, көңілдері жадыраған нәзік жандылар қуанышпен тарқасты.
«Ұлың жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші — иманың,
Екінші — жиғаның,
Үшінші — ырысыңның тұрағы» — дейді дана Төле. Сондықтан ұлт мінезін ұрпаққа дарытатын асыл аналарға деген құрметті насихаттаған «Жас терек» балабақшасы ұжымының біліктілік- білімі мен мейірім-ықыласына тәнті болдық. Еңбектеріңіз жанып, өркендеріңіз өссін!
Құрманғазы Өтебай,
Қарағанды қаласы,
«Білім айнасы»