Home » Балабақша » Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы!

Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы!

Амирова Нургуль Ануарбековна

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,

Құрық ауылы МКҚК «Болашақ»

балабақшасының тәрбиешісі

 (балалар әуенмен кіреді «Көктемгі вальс билейді)

Жүргізуші: Армысыздар! Ардақты әжелер, Аяулы аналар, қыздар!
Міне, жыл аралатып көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8-наурыз халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер — ана бусанып, тіршілік атаулыға жаңаша нәр беріп, қар астынан бәйшешек қылтиып, көктем лебі сезіліп, айнала нұрға бөленген шақта жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған аналар мерекесі қатар келіп, көңілдерге қуаныш сыйлауда. Мерекелеріңіз құтты болсын!!!

Ән: «Көктем келді»

Жүргізуші:

Ана дегеніміз — әлемнің жан-дүниесі, оның бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Анамызға деген көңіліміз, мейіріміз ұшан — теңіз. Аналарымызға арналған тақпақтарын қабыл алыңыздар.

Адия:

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың,
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.

Ерасыл:
Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,
Махаббатың жүрегімде жүр менің
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!

 

Ақнұр:

Дүниедегі ең ардақты асыл жан,
Анам менің мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам қуанады ол бірге,
Мен қиналсам табылады қасымнан.

Әліби:
Маған қымбат жан жоқ сірә анадан ,
Бар жақсылық аналардан тараған
Жер бетіне өмір нәрін себуші
Ана алдында борышты ғой бар адам.

Ақдидар:

О, анам, Алатаудай асқарымсың,
Жазылмаған өлеңім, дастанымсың,
Кеудеме сыймай жүрген жұмбақ сырым
Әрдайым өзің үшін ақтарылсын.
Мен үшін орның бөлек бұл өмірде,
Анашым, нұр шашасың жүрегімде.
Амина:

Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған,
Бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған.
Әлемде сен болмасаң осылайша
Туар ма еді, жүрегімде биік мақсат, игі арман.

Жүргізуші:

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын.
Би билеп сағыныштан ақтарылмай.

Би: «Ана мен бала»

 Жүргізуші:

Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған әсем әнді қабыл алыңыздар.

Ән: «Анашым анажаным»

 Жүргізуші:

Ата — ана тәрбиелеп балапанын
Әлдилеп, аялаған алақанын.
Болашақта бақ тілеп тұрасыңдар,
Ойлауменен алдағы бала қамын — дей отырып аналарымызға арналған тақпақтарымызды тыңдаңыздар.

Нұржан:

Өмірдің иесі сіз, ғазиз Ана.
Келтірген дүниеге нелер дана
Анасыз батырда жоқ, ақында жоқ
Өмірдің алтын кілті сонда ғана.

Альбина:

Бал бөбегін баптаған.
Анам  үшін мақтанам!
Аялайтын біздерді,
Көп жасасын жақсы адам. (шығып кетеді)

Мейрлан:

Құтты болсын осы шаттық күніңіз
Бақытты да ұзақ өмір сүріңіз
Қуанышты жүзіңіз бен әрдайым
Бұл өмірде күліп қана жүріңіз.

Бибіжамал:

Жарқыраған қызыл гүлдей
Болсын әсем өміріңіз
Сәуле шашқан әсем күндей
Көтерілсін көңілдеріңіз. (шығып кетеді)

Фатима:

Бәрімізге анасың, —
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мейрамың
Құттықтаймын анашым!

Ернат:

Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың.
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме анашым.

Жүргізуші:

Ана – бар мұратын отбасының игілігіне жұмсайтын, әлемдегі ізгі адам. М.Әуезов айтқандай: «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуші жандар» осы аналарымыз.

Бейнетаспа: «Ардақты әже, аяулы ана қымбаттымсың»

 Әкелермен ойын:  «Кім шапшаң?»

Мақсаты: Берілген тапсырмаларды уақытында орындау, аналардың атқаратын қызметін дәлелдеу.

 Жүргізуші:

Бойыңа бар сұлулық жиналғандай,
Мүсінің ақ мәрмәрдан құйылғандай.
Жарқ етіп шыға келген ел алдында,
Биші  қыздар  ғажап еді билерің қандай!

Би: Қыздар-ай

Жүргізуші:

Анам менің, асылым, лағыл әнім,
Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,
Жұлдызындай көгінде жағыламын.
Алыс кетсем аңсаймын, сағынамын деп,
Ақнұр мен анасының орындауында «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.

Ән: «Анашым»

 

Жүргізуші:

Қадірлі аналар көңілді,
Көктемдей жайнап гүл ашсын.
Бақытқа толып өмірі,
Шаттыққа, шаттық ұлассын деп, ары қарай тақпақтармен жалғастырамыз.

Ақерке:

Мәпелейсің мені, анам
Қолыңдағы құсыңдай
Құлпыра өсіп дем алам
Құшағыңда қысылмай.

Ислам:

Ана — көркі көгімнің
Ана — нұры жерімнің.
Ана — бағы баланың
Мақтанышы елімнің.

Жібек:

Жан анам, құттықтаймын, мейрамыңмен,
Көктемнің құлпыра бер нарт гүлімен.
Өрлесем елің берген бақыт бағың,
Жазбасын шат көңілің, шат күйінен.

Абылай:

Әлемдегі ақылды адам,
Бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе ,мен де,
Батырларша батылданам.

Кәусар:

Жарқын жүзді жан анам,
Сендей болсын бар адам.
Сендей болса бар адам,
Шаттық кетпес баладан

Қасымхан:

Өмірге бізді келтіріп,
Жарық дүние сыйлаған.
Жамандыққа баласын.
Ешқашан да қимаған.

Алихан:

Халқымызға билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар.
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін
Сізден жақын адам бар ма аналар?!

Көрініс «Көктем патшалығы»

Автор: Ерте, ерте, ертеде жерден қар кетіп, жердің түрі түрленіп тұрған уақытта, көңілді «Көктем» атты патшалық болыпты. Осы құлпырған, көңілді патшалықты еліне сыйлы, ақылды хан басқарыпты. Ол ханның қайсар да қайратты ұлдары болыпты.
Сол патшалықты басқарған хан өз ұлдарының ішінен мұрагерін іздейді. Сөйтіп оларды сынамаққа бел буды.

Хан-Алмаз: Ұлдарым ! Мен қартайдым, сендерге қояр талабым бар. Соны орындағандарың менің мұрагерім боласың  және  осы патшалықты басқарады.

Автор: Хан ұлдарын қасына жинады.

Хан-Алмаз: Балам, үйдегі алтын қазық кім?
1-баласы-Абылай: Үйдегі алтын қазық – бала. Ол – мен.
Хан-Алмаз: Жоқ балам, үйдегі алтын қазық сен емес, ол – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ананың мейірімі – көзінде, ақылы – сөзінде.
(Патшаға қария келеді)
Қария-Руслан: Дат, тақсыр!
Хан-Алмаз: Датың болса, айт!
Қария-Руслан: Менің айтпағым балаларыңда. Балаларым, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
2-бала-Айсұлтан: Ата ашты тоқ, жоқты бар ететін мейірімді әке.
Қария-Руслан: Жоқ, балам! Әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін – ол ана. Анасыз бала ұйықтамайды. Қатықсыз айран ұйымайды.
Хан-Алмаз: Жоқ, сендердің жауаптарыңа менің көңілім толмады.Теледидарды қосыңдар!!!

(теледидар қосылып, бейнетаспа қойылады) Бұл не деген сұмдық?  Кенже баламды шақырыңдар!
3-бала-Нұраддин:  Әке, не бұйырасыз?
Хан: «Көктем» патшалығына не болған? Кім орнына келтіреді?
Бала: Ананың ыстық алақаны жүрекке жылы тиіп, әр сөзі адамзат баласына өшпес нәр береді. Ортаға аналарды шақырайық. Өздерінің жылы сөздерін айтсын.

Ойын: «Аналардың жылы сөздері»

(аналар шығып өздерінің жылы сөздерін айтып, «Көктем» патшалығын ерітеді)
Бізге осы жарық дүниені сыйлаған ана!
Түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегін бөлеген ана!
Адамға өмір нәрін себуші құдірет иесі сіздер!

Біз мәңгі сіздердің алдарыңызда борыштармыз.

Жүргізуші:

Әжелерді  сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз деп әжелерге арналған тақпақтарымызды  қабыл алыңыздар.

Ажар:

Армысың әжелерім, аналарым.
Мейірбан аппақ көңіл даналарым
Гүл көктемнің алғашқы мейрамымен
Құттықтайды сіздерді балаларың.

Өркен:
Мені әжем жыр әжем.
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десең
Айтып берер тағы әжем.
Амира:
Әже деген көп шығар.
Әжемдей менің жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі.
Қандай әсем күлкісі.

 

Сымбат:
Ертегісі  қандай көп еді.
Күнде айтып береді.
Қуанатын балаша.
Әжем менің тамаша.

 

Жан:

Алақаны ақ самал,
Мәпелеген жан анам.
Көкте күнім батса да,
Өзің күнсің балаға.

Жүргізуші:

Балалар, сендердің әжелерің барма?  Әжелеріңді жақсы көресіңдер ме? (Балалардың жауабы)
— Дұрыс ақ, әжелеріңді жақсы көрмесек болмайды, олар қайырымды, сүйікті адамдар. Әжелерің сендерді өте жақсы көреді және де сендерге ертегі оқып береді.

Ән: «Әже, әз әже» (ер балалар шығу)

Жүргізуші:

Ана десем шешек ашып жанары,

Өмірімнің бастау алар ажары.

Ана деген тіршілікке пана боп,

Әрбір үйде жұлдыз болып жанады деп ары қарай ойынмен жалғастырайық.

Ойын: «Өз балаңды қолынан таны»

Мақсаты: Әр ата-ана өз баласын қолынан сипап сезу арқылы тану.

 

Жүргізуші:

арша ана құтты болсын мерекеңіз,

Әрқашан ана сізбен берекеміз.

Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,

Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып Мадина қызымыз өзінің жүрекжарды тілектерін ұсынады.

Ана туралы монолог:

Ана шырақ ұрпағымен жағылған

Өз анасын бар періште сағынған

Құдіретін сезінгендер бас иеді

Ана деген үш әріпке бағынған

 

Аман болса ана деген ардағым

Күндей болып нұрланады жан-жағым

Қуанышпен бар қайғысын өмірдің

Ана ғана көтереді салмағын

 

Ана деген жылағанды жұбатқан

Ана мөлдір жаралғандай бұлақтан

Қорған болып аймаласа перзентін

Тәңірінен амандығын сұратқан

 

Ана деген түн ұйқысын төрт бөлген

Ана ғана өткізеді өткелден

Жадыратса жаздай етіп жаныңды

Шуағы ыстық алмайтұғын көктемнің

 

Ана болса жүзіп өтер кемен бар

Анаң болса қартаймайсың деген бар

Тірі кезде қадірлесең анаңды

Шын өкініш жауламайды санаңды

 

Ұзақ өмір жасай берсін аналар

Аналарын қадірлесін балалар

Шаңыраққа шаттық нұрын сыйлаған

Аман болсын ақ жаулықты аналар

Жүргізуші:

Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашанда ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз деп ер балаларымыздың сән үлгісін тамашалаңыздар..

 «Сән үлгісі» көрсетіледі

Ән: «Қыздар-ай»

Жүргізуші:

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,

Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,

Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,

Сіздер —  жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Ағылшынша тақпақ:

Ән: «Мамми»

 Жүргізуші:

Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен таралғанСондықтан құрметті асыл аналар, өздеріңізге арналған өлеңді  қабыл алыңыздар.

Ән: «Мама»

Жүргізуші:

Ана – перзент тәрбиелеуші.
Ана — қызметкер.
Ана – ғалым.
Ана — тіршіліктің гүлі.
Анаға арналар ән ешқашан бітер емес. Бүгінгі шуақты мерекеде дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға жақсылық, береке, бірлік тілейміз! Мерекелеріңіз мерекеге ұлассын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.