Өзге біреу еркелетсе баласын,
Мен өзіңді аңсап тұрам, анашым,
Жүрегіме жылу құйып тұратын
Сағындым ғой көздеріңнің қарасын.
Сабағымнан сәл кешіксем алаңдап,
Күтіп ылғи тұрушы едің жолымды.
Жалын ұрып құшағыңнан тұрушы ед,
Кимесең де киіз-пима, тоныңды.
Балама деп маңдай тер ед төккенің,
Бақтым, қақтым, өсірдім деп сөкпедің,
Мына өмірден қандай рахат көрдім деп
Ешкімге де айтпапсың-ау, өкпе-мұң.
Кешір ана, сендей асыл жоқ екен.
Бергенім жоқ, ал, алғаным көп екен,
Нұр бейнеңді есіме алған кезімде
Көз жасымды жасыра алмай көл етем.
Анаға сыр
Құлап, тұру – өмірдің заңы ма, ана?
Жүрегімде жалғыздық зары ғана.
Мен бақытты болғым келгенменен.
Асау тағдыр, ол маған бағына ма?
«Тасынба, бір сәттік мақтан көрсең,
Жамандықтан ада бол, сақтан деуші ең»
Жақсы-ақ адам едім ғой, бірақ ылғи,
Көңілімде қоңыр күз, астаң-кестең.
Тіршіліктен кей сәтте налып кетем,
Бойыма дарығандай намыс бөтен.
Тіршілік дер тынымсыз жәрмеңкеде
Бақытымның базары алыс па екен?
Мойымаймын, бірімін мықтылардың,-
Деймін дағы орнымнан нық тұрамын.
Қыл үмітім қиылып кетпесе екен
Жақсылықты аңсайды күпті жаным.
Тым әппақпын демеймін ар алдында,
Мұңайып жүруге жаралдым ба?
Өз қолыммен орнатқан қасіреттің
Өзім кеп торына қамалдым ба?
Култаева Ботагөз,
Күйші-композитор Т. Момбеков атындағы жалпы
орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
ОҚО, Созақ ауданы, Тайқоңыр елді мекені