Көктемді қанатына қондырып, жан жылуын көкірегіне толтырып, аналардың дәстүрлі мерекесі 8-ші наурызда келіп жетті.
Құрметті де, ардақты әжелер, аяулы аналар және әріптестер!!! Өздеріңізді ізгі шуақты құлпырған қызғалдақтай әсем мерекелеріңізбен құттықтай отырып, «Анамның аялы алақаны!» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз.
Ендеше, кішкентай бүлдіршіндерімізді қарсы алыңыздар!
(Балалар қолдарына гүл ұстап, музыкамен залға кіреді. «Ана» әніне би билеп өздерінің қолдан жасаған арнайы гүл шоғын сыйға тартады.)
Жүргізуші: Балалар, әлемдегі ең жақсы, ең мейірімді, ең жүрегі жұмсақ кім екен?
Балалар: Ана! Ана! Ана!
Жүргізуші: Балалар, айтыңдаршы.
Бізді жақсы көретін,
Бар жақсыны беретін.
Баласы үшін әрдайым,
Мейірімін төгетін
Ол кім екен?
Балалар: Ана! Ана! Ана!
Жүргізуші: Жүрегіме жыр шашып,
Нұр төгетін Сіз екен.
Құтты болсын анашым,
Балалар: Құтты болсын мерекең!
Еркеназ: Армысың мейірімді аналарым,
Мейірбан ашық көңіл даналарым,
Гүл көктемнің алғашқы мейрамымен,
Құттықтайды сіздерді балаларың
Жазира: Армысың ақжаулықты әжелерім,
Ақылы дариядай кемеңгерім
Ардақты аналардың мейрамында
Арнайды бүлдіршіндер өлеңдерін,
Ән: «Ақ мамам»
Жүргізуші: Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Көктем!
Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар. Көктем мезгілінің ауа — райы ерекшеліктерін айтайықшы. (балалардың жауабы)
Ой, балалар, тыңдаңдаршы, бізге қонақ келе жатқан сияқты. Қызық!
Бұл кім екен?
(Әуенмен залға Көктем аруы кіреді)
Көктем: Сәлем бердім нәзік, сұлу қыздарға,
Сәлем бердім ержүрек бар ұлдарға.
Кездесуге асықтым мен сіздермен,
Биленсін би, айтылсын ән бұл залда.
Қуыршақпын сондай сұлу, әдемі.
Мерекемен құттықтағым келеді.
Ақ әжелер, аяулы бар аналар,
Мерекеміз құтты болсын балалар!
Жүргізуші: Сәлеметсің бе, Көктем аруы! Сен біздің аналарымыз бен қыздарымызды, әжелерімізді 8 наурыз мерекесімен құттықтауға асығып жетіпсің.
Көп рахмет саған! Төрлет, ән тыңдап деміңді ал.
Ана деген өмірдегі ұлы есім,
Бақ тілесе анадай – ақ тілесін.
Ана деген ардақты ат, сен оны,
Ана жайлы ән тыңдасаң білесің – дегендей, біздің кішкентай ғана Алина қызымыз аналарымызға арнап дайындаған әсем әнін тарту етеді.
Ән «Анашым» (жеке орындау Алина)
Көктем: Рахмет балалар! Әрине мен де бос келген жоқпын. Менің сіздерге сақтап қойған сыйлығым бар. Ол сиқырлы моншақтар. Қазір көрсетемін.
(- Қазір көресіңдер деп қорапшасын ақтарып қарайды, моншағы үзіліп қалған екен. Кейбір моншақтары шашылып, тек жібі ғана шығады.)
— Ой, ой, ой… Енді қайттім! Моншақтарымды жоғалтып алған сияқтымын. (жылайды)
Жүргізуші: Көктем, сен жылама! Балалар, Көктемнің көңіл күйі түсіп кетті- ау! Көктемнің көңілін көтеріп, би билеп берсек қалай болар екен?
Би: «Гүлдер» (ұлдар мен қыздардың орындауында)
Көктем: Рахмет, балалар! Бірақ маған моншақтарымды іздеуге көмектесіңдерші!
Жүргізуші: Біз сенің моншақтарыңды міндетті түрде тауып береміз. солай ма балалар? Орындықтарыңның астына домалап кеткен жоқ па? Қараңдаршы.
(Балалар қарайды, ештеңе таба алмайды)
Бірінші мама: (Шахмардан мамасы)
Мен бүгін балабақшаға мерекеге келе жатып мына моншақты тауып алдым.
Көктем: Ой, жақсы болды ғой, беріңізші онда моншағымды.
Бірінші мама (Шахмардан мамасы):
— Әрине қайтарып беремін. Бірақ моншақтарың шынымен сиқырлы болса, онда біздің қалауымызды орындасын! Мен балалардың құттықтау өлеңдерін тыңдағым кеп отыр. Осыған келісесің бе?
Көктем: :Әрине келісемін. Сіздер балалардың тақпақтарын тыңдағыларыңыз келеді ғой. Орындаймыз (сиқыр көрсетеді).
Жүргізуші: Біздің балаларымыз аналарына арнап көп тақпақтар жаттап келді. Балаларымыздың тақпақтарын қабыл алыңыздар.
Балалардың тақпақтары:
Бірінші мама (Шахмардан мамасы ):
Көктем моншағың расымен сиқырлы екен. Балаларға да көп рахмет! Ала ғой моншағыңды.
Жүргізуші: Көктем, моншағыңды ала ғой! Мүмкін екінші бір анамыз тағы бір моншағыңды тауып алған шығар.
Екінші мама ( Еркеназ мамасы):
Мен де бүгін тауып алдым бір моншақ,
Әдемі екен, мөлдір екен ол сонша.
Биші қыздар мен ұлдар,қане биге шығыңдар,
Сиқыры бар, билетеді бұл моншақ
Жүргізуші: Ендеше, көктемнің осы бір шуақты күнінде 8 наурыз мерекесі қарсаңында гүлдеп шыққан түймедақтарды қарсы алыңыздар! Тек қана Сіздер үшін «Түймедақтар» биі!
Көктем: Қане балалар биге шығыңдар. Мен моншағымды қайтарып алайын.
Би:«Түймедақтар»
Жүргізуші:Моншағыңды ала ғой. Түгендеп көр, моншақтарың әлі түгел емес сияқты ғой. Мүмкін, тағы сенің моншағыңды көрген аналарымыз бар шығар.
Үшінші анамыз (Дильназ мамасы):
Мен де мерекеге келе жатып, осындай әдемі моншақ тауып алдым. Моншағынның сиқырын көрейік. Балаларымыз ән айтты, би биледі, енді бір қызықты ойын болсыншы.
Ойын «Кішкентай көмекшілер» (аналары мен балалар қатысады)
Жүргізуші:Моншағың түгел ме екен? Ендеше тағы сұрастырып көрейікші. Мүмкін төртінші бір анамыз тауып берер? Біздің аналарымыз керемет жандар ғой.
Төртінші ана (Бектемірдің мамасы):
Мерекеге мен де моншақ әкелдім,
Біліп тұрмын сиқыры бар екенін.
Аналарға тағы ән айтып беріңдер,
Моншағыңды сонда қайтып беремін.
Көктем: Мен келісемін. Балалар, аналарға арнап ән айтып береміз бе?
Жүргізуші: Олай болса, аналарға арналған Шахмардан мен Бектемрірдің орындауында «Ақ мамам» әні. Қане ортаға шыға қойыңыздар.
Көктем: Ооо, моншақтарым толып келеді. Рахмет балалар өнерлеріне.
Жүргізуші: Ал, келесі моншағымызды кім тауып алды екен?
Әже (Бектемірдің әжесі):
Мен бүгін балалардың өнерлеріне қарап, риза болып отырмын. Бірақ бүгін әжелердің де мерекесі ғой. Әжелерге арналған қандай өнерлері бар екен?
Көктем: Дұрыс айтасыз, әже! Балалар, бүгінгі мерекемен әжелерімізді де құттықтап қоймаймыз ба?
Жүргізуші: Ия, «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Ендеше балаларымыздың қазыналы әжелерімізге арнап жаттаған жылы лебіздерін қабыл алыңыздар.
Балалардың тақпақтары:
Жүргізуші: Білесіздер ме, біздің балалар тек ана тілінде ғана сөйлеп қоймай орыс тілінде де ән әзірлеп қойды. «Бабушка моя» әнін тамашалаңыздар!
Ән : «Бабушка моя»
Жүргізуші: Құрметті Әжелер, сіздің немерелеріңіз бен ұлдарыңыз бүгінгі мерекеңізбен құттықтап, сіздерге тосынсый жасамақ. Олай болса алдарыңызда әжелеріміздің құрметіне арналған «Әке мен қызы» биі.
Жүргізуші: Моншақтар түгел ме екен?
Көктем: Ия, балалар. Міне, менің моншақтарым. Қандай әдемі. Балалар ал сіздер не қалайсыздар? Менің сиқырлы моншағым сіздердің барлық тілектеріңізді орындайды.
Балалар: Сыйлық!
Жүргізуші: Көктем бізге тосынсый жасамақшы.
Қуыршақ: Әдемі моншақтар сиқырлы,
Құлпырып кетіпті бір түрлі.
Сыйлыққа айналсын моншақтар,
Көріңдер ғажайып сиқырды!!!
(Көктем сыйлық салынған қорапшаға моншақтарды салып жіберіп «уф, уф, уф» деп сиқырлайды, қорапшаның ішінен балаларға арналған сыйлықтар алып шығады, үлестіреді)
Жүргізуші: «Күннің бетін бұлт шалса, дүние бұлыңғыр тартады. Сол сияқты Аналарымыз ренжісе, үйдің ішін қараңғылық кернейді. Ана жымиса, үй ішінен шашырап күн шығып келе жатқан сияқтанады. Ана күлкісі күннің шуағы тәріздес. Сондықтан балалар аналарымызды ренжітпей, аналарды құрметтеп, тілін алып әрдайым қуанышқа бөлеп жүру керек дей отырып, осымен 8 Наурызға арналған ертеңгіліміз аяқталды» дегім келеді. Ынта қойып тамашалағандарыңызға көп рахмет. Сау болыңыздар!
Айжанова Ботагоз Жиенбаевна
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы
МКҚК «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі