— Амандық Ғаббасұлы, алдымен алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет айтқым келеді. Алғашқы сұрағым, қазіргі кезде Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Сіздер, Алматы облысы, еліміздің дамуына қандай үлес қосып отырсыздар?
— Иә, бірде бізге Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», – деп еді. Демек, ширек ғасыр ішінде жаңарудың, жаңғырудың үшінші кезеңіне аяқ басқан Қазақстанды дамыған елдер санатынан көргіміз келсе, жеке тұлғалардың ғана емес, тұтас халықтың бәсекеге қабілетін арттыру міндетін жүзеге асыруымыз қажет. Осы орайда, Алматы облысында дарынды балалармен жыл сайын кездесу өткізу дәстүрге айналған. Мен сол кездесуді асыға күтемін, себебі ол балалардың тың идеяларын және қол жеткізген жетістіктері туралы шаттана айтқандарын, бақытты жүздерін көріп қуанамын. Балалардың жетістіктері туралы мақтанышпен айтуға болады. Өткен оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада біздің оқушыларымыз 5 алтын, 11 күміс, 12 қола медаль иеленді. Қорытынды есепте облысымыздың құрама командасы жүлделі ІІ орынға шығып «Үздік олимпиадалық команда» атағын тағы да растады. Республикалық ғылыми жобалар конкурсына облысымыздан 23 ғылыми жобалар бойынша 34 оқушы қатысып, оның 10-ы жүлдегер атанды. Конкурста жоғары жетістігі үшін Кербұлақ ауданының №49 орта мектебінің оқушысы Абзал Айтмолданов «Үздік ауыл оқушысы» дипломымен марапатталды. Сонымен бірге республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына облыстан 242 оқушы қатысып, 95 медальді иеленді, оның 16-ы алтын, 41-і күміс, 38-і қола медаль. Әрине, балалардың осындай жетістіктерін көргенде болашақта ел үмітін ақтайтын білімді жас өсіп келе жатқанына риза боламын! Осындай балаларды оқытып, тәрбиелеген ұстаздарға деген алғысым шексіз. Жыл сайын өтетін «Жыл мұғалімі», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік балабақша» байқауларының жеңімпаздарына облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіледі, яғни бұл да мұғалім мәртебесін көтеруге ықпал ету, қолдау деп ойлаймын. Облыс орталығында салынған Оқушылар сарайында жеткіншектердің қосымша білім алуына барлық жағдай жасалғанын да айта кетейін. Ол жерде 4 бағытта (ғылыми- техникалық, көркем-эстетикалық, туристік-спорттық, декоративті-қолданбалы) 64 үйірме жұмыс жүргізеді, 3 мыңнан астам бала қамтылған. Сонымен қатар, «Жас техник» стансасының да жұмыс жүргізуіне қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, биылғы жылғы мектеп бітірген 100 түлекке облыс әкімінің гранты тағайындалды, оның ішінде 70-і педагогикалық мамандықтарға бөлінді.
— Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» жоспарын ұсынды. Жоспарда «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді енгізу, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру болып табылады» — делінген. Сұрағым, сіздердің осы бағдарламалық құжат аясында атқарып жатқан жұмыстарыңыз қандай деңгейде?
— Бүгінгі таңда адами капиталды дамыту, бәсекеге қабілетті болашақ ұрпақ тәрбиелеу, талапқа сай білім беру – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылықтың жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын меңгеруге дайын болуы тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделуі үшін бұл аса маңызды», – деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі маманы. Ол XXI ғасырда бәсекеге қабілетті әрі табысты болуы үшін еңбек нарығында сұранысқа ие болуы қажет. Оқушыларға классикалық білім берумен қатар, сыни, шығармашылық ойлауға, топ ішінде жұмыс жасауға үйрету керек. Балалардың бойына білімқұмарлық, ынталылық, табандылық, көшбасшылық сияқты қасиеттерді сіңіру – басты борышымыз. Қазіргі заман талабына сай жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты адамдарды қалыптастыруда білім беру мәселесі, оның оқыту жүйесін үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда. Соған орай ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және әрекетке дайын қабілетті, әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Оқушыға дайын білім мен идеяларды ұсыну емес, оқушылардың өздерінің білім мен идеялар құруға, яғни сындарлы оқыта отырып, функционалдық сауаттылығын арттыру. Яғни, оқушы мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қолдана білсе ғана ол табысты бола алады. Осы орайда, В.А. Сухомлинский «Баланы білім, ақиқат, ереже мен формулалар қоймасына айналдырып қоймас үшін оны ойланту керек», – деп айтқан сөзін ескерсек, заман талабына сай жаңа заман оқушысының функционалдық сауаттылығы жоғары болуы тиіс деп ойлаймын. 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облысымыздағы 2 мектепте бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын енгізуге дайындық мақсатында бастауыш білім беру стандарты және оқу бағдарламасының апробациясы жүргізілді. 12 жылдық білім беру моделіне көшуге дайындық барысында 1-ші қыркүйектен бастап мектепалды даярлық сыныбына арналған «Әліппе» оқулығы облыстағы 2 мектепте (Талдықорған қаласындағы Ш.Уәлиханов ат. ОМ және Панфилов ауданы Хамраев ат. ОМ) және 2 балабақшада (Талдықорған қаласындағы №42 балабақша, Жамбыл ауданындағы «Ұлан» балабақшасы) эксперимент ретінде оқытылатын болады. 12 жылдықтың үлгісін 2019 жылдың 1 қыркүйегінен енгізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, биыл кадрларды даярлау процесі басталады. Жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларымен бірге 2, 5, 7 сынып оқушылары да жаңа стандарт негізінде білім алып, бескүндік оқу аптасына көшті.
— «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қалай? Жалпы ауылға барған жас мамандарға тиесілі көмек ойдағыдай көрсетіліп жатқан болар?
— Иә, орынды сұрақ қойдыңыз! 2009 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен «Дипломмен ауылға!» жобасы жүзеге асырылуда. «Дипломмен ауылға!» жобасының ең басты мақсаты – қажетті мамандар жетіспейтін ауылдарға мамандарды жұмыс істеу және тұру үшін жұмылдыру. Осы мақсатта 2009–2016 жылдар аралығында 5132 маман көтерме жәрдемақысын алды, оның ішінде білім саласы 3554, денсаулық сақтау 1242 мәдениет 98, спорт 30, әлеуметтік қамсыздандыру 39 және 169 ветеринария мамандары. Тұрғын үй сатып алу бюджеттік несиесін 1594 білім саласы, 534 денсаулық сақтау, 58 мәдениет, 16 спорт, 24 әлеуметтік қамсыздандыру және 81 ветеринария мамандары, жалпы 2307 маман алады. 2017 жылы көтерме жәрдемақыны 158830 теңге мөлшерінде 550 маман, бюджеттік несие 3403,5 мың. теңге мөлшерінде – 205 маман алады. 2016–2017 оқу жылында облыс мектептеріне 1351 жас маман жұмысқа қабылданды, оның ішінде 1079-ы ауылды жерлерге орналастырылды. Жас мамандарға жан-жақты әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыста «Жігер» жас мамандар шығармашылық тобы құрылып, біліктілігін арттыру курстары, педагогикалық шеберлік байқаулары ұйымдастырылуда.
— Бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі – облыс бойынша мектеп пен балабақша. Осы тәрбие мен білім ошағы жеткілікті ме?
— Негізі жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына қатысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Талай жаңа ғимараттың ашылуының себепшісі де болып келемін. Шындығында, маған мектептер мен балабақшалардың ашылу салтанаты ұнайды. Себебі, бүлдіршіндердің күлімдеген жүзін көргенде бір ерекше сезімде боламын. Қарапайым ауылды жерде заманауи мектеп ғимаратына кірген ауыл балаларының бақытты сәтіне куә болғанда еңбегіңнің бағаланғанын сезінесің. Ал бүгінгі күні облыста «мектеп пен балабақша жеткілікті», – деп кесіп айту қиын. Өйткені, қазіргі таңда облыста, тіпті, тек біздің облыста ғана емес, республикада бала саны өсуде, әрине, бұл қуанарлық жағдай. Жаңа оқу жылының басында 24 мектеп пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін тағы 11 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл – облыстағы үш ауысымды мектептер мен оқушы орнының тапшылығын шешу мақсатында салынып жатқан білім мекемелері. Жыл сайын облыста білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін қомақты қаражат бөлінеді: 2016 жылы 28 мектепке, ал 2017 жылы 24 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сындарлы саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен республикамызда мектеп пен балабақша ғимараттары заманауи үлгіде салынып, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге жағдай жасалып жатыр. Әрине, еліміздің болашағы – жас ұрпаққа арналған ғимараттардың құрылысы алдағы уақытта да жалғасатын болады.
— Әкім мырза, дамыған Қазақстан елінің мектебін бір сәт елестетсек…
— Әрине, дамыған, жан-жақты 30 елдің қатарындағы Қазақстанды көру әр азамат арманы деп ойлаймын! Келешек ұрпақ білім мен тәрбие алатын білім ұйымдары күннен күнге жақсарып келе жатқанын білесіздер. Біз оқыған кезеңдегі мектеп пен бүгінгі күнгі білім беру ошақтарын салыстыруға тіптен келмейді. Сол уақыттағы мұғалімдер сабағында пайдаланатын көрнекі құралдарын қолдан жасап, тушьпен, перомен жазған кезі естеріңізде шығар. Ал бүгінгі күнгі мұғалімдерге сабақ өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Кең жолақты интернет желісіне мектептердің 84,7 %-ы қосылып, интерактивті тақтамен 83%, лингафонды 52,3%-ы, жаңа модификациялы кабинеттермен 47,1%-ы (323 (48,1%): химия кабинеті, 288 (42,9%) биология, 338 (50,3%) физика, 352 (52%) лингафонды-мультимедиялық кабинет) жабдықталған. 2016 жылы 109 шағын жинақталған мектепке әдістемелік қамсыздандырылған сандық білім беру контенті, 232 комплект мультимедиялық құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар, 2017 жылға мультимедиялық құрылғыларды 130 шағын жинақталған мектепке 2 комплекттен, ауылдық өңірдегі 280 орта мектепке 5 комплекттен алу жоспарланып отыр. Интернет желісіне білім беру ұйымдары 100%-ы қосылған. Олардың 629-ы (84,7%) кеңжолақты Интернет желісіне қосылып, 134 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы Интернетке қосылған. Интернет желісінің жылдамдығын 4-10 Мбит/с-қа кабельдік жүйе арқылы 238 мектеп, спутник арқылы 310 көтеру жоспарланып, жүзеге асырылуда. 613 (82,6%) мектепте 2483 интерактивті тақта орнатылып, сабақтарда толық қолданылып отыр. Білімі мен ғылымы дамыған елдің мәртебесі мен абыройы асқақтай беретіні белгілі. Дамыған Қазақстан елінің мектебін бір сәтке елестетер болсақ, ол бүгінгі күнгі заманауи мектептерден де артықшылығы көп болатынына сенімдімін.
— Айтыңызшы, Алматы облысының көркейіп, әсем болуы үшін болашақ ұрпаққа қандай міндет жүктер едіңіз?
— Қазақ жерінің кемел жаратылған бір бөлігі – Жетісу. Шыбық қадасаң шынар шығатын, шыққан талын орманға, жасыл қорғанға айналдыратын топырағы құнарлы мекен. Жетісу жері заңғар таулары мен өзен, көлдерден, егісті алқаптардан, жап-жасыл тал қорғандардан тұрады. Мен ең бастысы еліміздің осы тамаша табиғатының сақталғанын, тарихи құндылығы бар жәдігерлердің келер ұрпаққа жеткенін қалар едім. Болашағынан зор үміт күттірер жастарымыз аз емес, технологияның дамып, өркендеп тұрған уақытында мүмкін олар біз ойлағаннан да артығырақ тиімділікке қол жеткізер, талаптар да өзгерер. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканың сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, көліктік инфрақұрылымды жақсарту, инновацияларды дамыту және инвестициялар тарту, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту және жер телімдерін тиімді пайдалану, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өндірістерді құрумен өндірісті әртараптандыру арқылы өнеркәсіпті үдемелі дамытуды қамтамасыз ету, ауылдық аумақтарды дамыту сияқты бағыттардағы жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуді міндеттер едім.
— Енді ең өзекті сұрақтардың бірін қойсам. Қалай ойлайсыз, ұстаз мәртебесін қайтсек көтеріледі?
— Білесіз бе, білім беру маңызды салалардың бірі десек, келешек ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп жүрген мұғалімдердің қоғамдағы алар орны ерекше десем артық емес. Қандай адам болмасын, яғни бәріміз мұғалімнен білім алып, сол кісілер берген тәрбиемен жоғарғы оқу орнына түстік емес пе? Алаш азаматы Міржақып Дулатов «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деген. Ендеше, ел ертеңіне лайықты білімді ұрпақ тәрбиелеп жатқан ұстаз еңбегі – ұлы еңбек екені айтпаса да түсінікті. Білімімен мыңды жығатын жас ұрпақтың болашағы мұғалімдерге жүктелген зор міндет. Мұғалімнің мәртебесі бірнеше аса маңызды талаптан құралады деп ойлаймын. Біріншісі, жоғары кәсіби-шеберлік және соған сай өзінің білімін, тәжірибесін жас ұрпаққа беруге деген қажеттілік. Өзінің білігі мен білімін жетілдіруге ұмтыла білу қасиеті. Екіншісі, мұғалімнің бойындағы жоғары ізгілік құндылығы, патриотизмі мен адамгершіліктен айнымауы, мейірбандылығы, мақсатына жетудегі табандылығы. Міне, осындай қасиеттер бойына жинақталған мұғалім жастар үшін тек білімнің қайнар бұлағы ғана емес, жас адамдарды рухани тұлға болуға бастайтын шынайы тәлімгері болмақ. Үшіншісі, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ынталандыратын лайықты еңбекақы болуы тиіс. Төртіншісі, қоғамдағы құрметі мен жоғары абырой-беделі. Мұғалімдердің еңбекақысы айтарлықтай көбейе түсуде. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін белгілейтін тәуелсіз жүйені де қалыптастыра бастадық. Сөйтіп, жаңа жүйе бойынша біліктілігін арттырған педагогтар үшін де бұл алғашқы қадам болмақ. Мұндай дайындық курсын бітіріп, кәсіби сынақ тапсырған педагогтарға сертификаттар беріледі. Дамыған елдерде мұғалімге деген құрмет ерекше. Мәселен, корейлер үшін мұғалім барлық жақсы қасиеттерді бойына жиған тұлға болып есептеледі. Мұғалім қызға үйлену үлкен мәртебе саналатын көрінеді. Ал Финляндияда мұғалімдер жұмысқа тұру үшін арнайы конкурстан өтеді екен. Ол мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптан кем емес. Жапонияда да мұғалімнің еңбегі өте жоғары бағаланады. Жапондықтарда: «Сенсейдің (ұстаздың) көлеңкесін басып кетпе», – деген мақал бар. Сонда олар бұл мамандықты қадір тұтатыны, мұғалімді қасиетті санайтыны соншалық, оны абайсызда ренжітпек түгілі көлеңкесін басып өтуге де тыйым салады. Олардың жалақысы министрлердің жалақысынан кем емес. Міне, мұғалімнің мәртебесін жоғары қоюдың үлгісі. Біз де осы дәрежеге жетуіміз керек.
— Газетіміз республика аумағы бойынша жастарымыздың білім, ғылым, тәлім-тәрбиесін және ұлттың білім саласындағы қамын күйттеп жүрген баспасөз құралы. Енді осы «Білім айнасы» газетінің оқырмандарына тілегіңіз.
— «Білім айнасы» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, оқырмандарыңыздың саны арта берсін дегім келеді. Ал газет оқырманына айтарым: басылым беттерінен еліміздің жастарының білім, ғылым саласындағы жетістіктері туралы біліп, солар үшін қуана жүріңіздер. Мақтан тұтар жастарымыз көп болсын!
Сәния СҮЛЕЙМЕН,
Астана-Талдықорған-Астана