Біздің мемлекетімізге дені сау, ерік-жігері мықты, бастамашыл, тәртіпті, сауатты, сондай-ақ еліміздің игілігі үшін білім алып, еңбек ететін жастар қажет. Өскелең ұрпақты елжандылыққа баулу патриоттық тәрбиенің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Патриоттық сезімді қалыптастыру мен дамыту тәрбие үдерісінің негізгі бағытын құрайды. Бұл бағытсыз адамның үйлесімді дамуы мүмкін емес.
Осы бағытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты базасында 2017 жылдың 6-17 наурызы аралығында «Алғашқы әскери дайындық жүйесінде оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың қазіргі амалдары» тақырыбында мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларына арналған облыстық біліктілік арттыру курсы өткізілді. Курсқа облыс мектептерінен келген алғашқы әскери дайындық пәнінің 19 мұғалімі қамтылды.
Курс барысында жаңаша білім беруге көшу жағдайында ақпараттық-коммуникативтік технологияны оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану, жаңа технологияны қолдану, педагогикалық қарым-қатынас стильдері, инновациялық технологиялар мен оқытудың жаңаша формаларын, білім мекемесіндегі оқу үдерісін, әдістемелік қызметті ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері туралы мағлұмат берілді. Теория мен практиканы ұштастырып, білімімізді шыңдауға үлес қосқан институт оқытушылары мен курс жетекшісі Б.Қожамберлиевке алғыс айтамын.
Курс аясында «Қоғамның әлеуметтік жаңаруы кезеңіндегі алғашқы әскери дайындық пәнін оқытуды ғылыми қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, оған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері, капитан А.Тоғызбаев және аға офицер, капитан Б.Кенжебаев, Қызылорда облысы 55-47 Әскери бөлімінің тәрбие орынбасары М.Таубаев, Қызылорда облысы 20-19 Әскер бөлімінің азаматтық қорғаныс бөлім подполковнигі А.Есенбаев, облыстық «Ерлік үйлестіру» кеңесінің төрағасы Қ.Баймахановтар қатысып, ой бөлісіп, тыңдаушылар өз сұрақтарына жауап алды.
«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады…» деп Елбасымыз айтқандай, білім жетілдіру курсына келген ұстаздар қауымы да жаңа біліммен қаруланып, алған білімдерін әрі қарай өз сабақтарында намысшыл, елжанды, патриот жастарды тәрбиелеуде пайдаланады деп ойлаймын.
Ділдабаев Самат
Қызылорда қаласы,
№212 мектеп-гимназияның
АӘД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы