Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнерлі оқушылары кезекті жетістіктерімен қуантты. Қаламызда «Үркер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала дарыны» атты Халықаралық өнер мен білім байқауына қатысқан 3 шәкіртімізде жеңіс тұғырынан көріне білді. 6 мен 23 жас аралығындағы өнерлі жастардың басын біріктірген байқау Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған.
Байқау 2 күнге созылып, үміткерлер 10 аталым бойынша бақтарын сынады. Солардың арасында «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша мектебіміздің 11 сынып оқушысы Ақбота Асқарбек, 8 сынып оқушысы Тахмина Мәрлен бақ сынаса, 9 сынып оқушысы Дильназ Қапезова «Эстрадалық вокал» аталымында өнер көрсетті.
Бір атап өтерлігі – шәкірттеріміздің барлығы мектепішілік болмаса, үлкен сахнаға алғаш рет шығып отыр. Тәжірибелерінің аздығына қарамастан, бар өнерлерін ортаға салған олар мектеп намысын абыроймен қорғады. «Талант – тас жарады», -деген осы болса керек.
Тіптен Тахмина Мәрлен домбыраның өзін енді ғана үйреніп жүр. Соған қарамастан, қысқа уақыт ішінде ұстазы Қуаныш Ахметбекұлының қолдауымен домбыра тартуды үйреніп қана қоймай, өткен ғасыр басындағы қазақ зиялыларының бірі Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап, жүлделі 2-орынға ие болды. Ал, Ақбота Асқарбек болса халық әні «Дудар -айды» нақышына келтіре орындап, 1-орынды жеңіп алды. Үшінші үміткеріміз Дильназ Қапезова «Туған жер» әнімен өз аталымы бойынша 2-орынды місе тұтты.
Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан берілген тиісті алтын, күміс медальдарымен бірге дипломдарға ие болды. Сонымен бірге дарынды оқушылардың танылуына жол ашқан ұстаздары Қуаныш Ахметбекұлы мен Руслан Касенов «Үздік жетекші» аталымдарын иеленді.
Мерейі артқан оқушылар мен ұстаздарды мектеп директоры Бағдан Қайыржанов қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Алдағы уақытта да биіктен көріне берулеріне тілеулестік білдірді.
Семей қаласындағы
физика –математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі