Болашақ Астанасындағы Наурыз кездесулері
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Болашақ қаласы: елорда сәулеті» атты Наурыз кездесулері өтті.
Оқушылар үшін ғылыми алаңға айналған Наурыз кездесулеріне Республика бойынша Зияткерлік және жалпы білім беру мектептерінен жиналған 200-ден астам оқушы қатысты.
Наурыз форумының басты оқиғаларының бірі белгілі қазақстандық және шетелдік архитекторлардың қатысуымен өткен «Астана геометриясы» атты дәріс және тәжірибелік сабақтары болды . Іс-шараға Италияның профессоры, «Sergio Ferrandi Bureau» бас сәулетшісі Серджио Ферранди, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Сәулет және құрылыс институтының директоры Болат Құспанғалиев, ҚазБСҚА-ның ректоры Ерік Бесімбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері «Хазірет Сұлтан» мешіті мен «Триумфальдық арка» жобаларының авторы Сағындық Жамболатов, «Астана-Жұлдызы» стелласы мен «Бәйтерек» монументінің авторы Саматбек Бүкебаев және басқалар қатысты.
Оқушылар елорданың сәулетіне арналған өзекті бағыттар бойынша 90 жоба көрсетті. Ақылды және қауіпсіз қала, Астананың 2050 жылғы футуроүлгісі, ЭКСПО-ның мұрасы ретінде елордадағы жасыл энергия және экологиялық таза технологиялар, сәулет саласындағы хай-тек, елордалық қала құрылысына инклюзияны енгізу жобалары – Наурыз кездесулерінде қазіргі жастарға болашақтың Астанасын түсінуге мүмкіндік берді.
«Астана геометриясы» тәжірибесі Наурыз кездесулерінің басты оқиғасы болды. Онда елорданың сәулет жобаларының басты онының нобайын, яғни макетін жасау жүзеге асты. National Geographic телеарнасының «Астана – болашақ қаласы» атты фильмі көрсетілді.
Іс-шараға қатысушылар «Нұр Әлем» мұражайына, ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасына, Астана Опера, Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев Университетінің Инженерлік мектебіне, «Астанабасжоспар», Қазмедиаорталық және Ұлттық академиялық хареографияны аралап көріп, жас дарындар елорданың белгілі ғимараттарының сәулетшілерімен кездесті.
– «Биылғы Астананың 20 жылдығы Зияткерлік мектептердің құрылуына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Наурыз кездесулері осы жылдар аралығында оқушылардың ғылыми ізденімпаздық әлеуетін арттыратын ашық алаңға айналды. Наурыз кездесулерінің жеңімпаздары халықаралық олимпиадаларда Қазақстан намысын жоғары дәрежеде қорғап, ғылыммен белсенді айналысып, әлемнің үздік университеттерінде оқиды», – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Наурыз кездесулеріңіз сегіз қатысушысы Қазақ бас сәулет-құрылыс акедемиясының грантын ұтып алды. Ерасыл Тұраров «Осал балаларға арналған Инновациялық энергия үнемдегіш ойын алаңы» (Қарағанды), Сания Муканова «Астана қаласының маңайындағы сортаң жерлерге мыс және мырыш электродтарын қолданып электр тогын алу және соның нәтижесінде сортаң жерлерді құнарландыру» (Астана), Нұрдаулет Таумергенов «GloveSpeaker» мылқау жандарға арналған қолғап (Ақтөбе), Владислав Конников «Интерактивная поверхность «ActivePanel» (Қостанай), Роман Голь «HelixTower» инновациялық архитекторлық кешеннің құрылысы (Петропавл), Камила Исакова және Аида Науанова «Азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу: биогаз өндірісі» (Талдықорған), Әсем Мылтықбай «BOMBER JACKET W+S» (Шымкент) сынды жобалар үздік деп танылды.
ҚазБСҚА ректоры Ерік Бесімбаев жеңімпаздарды құттықтап, оларға еліміздің үздік құрылыс ЖОО-да білім алуға мүмкіндік беретін сертификат ұсынды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметкері