Біздің алтын ұя мектебіміз — Шәкен Айманов атындағы жалпы білім беру мектеп-интернатына келер жылы 80 жыл толады. 1939 жылы іргетасы қаланған білім ордасының алғашқы ғимараты «Балапан» балабақшасына тиесілі. Алғашқы он жылдық қазақ мектебі болып құрылғаннан кейін, біраз жыл сол ғимаратта жұмыс жасайды. Уақыт өте келе бала саны көбейіп, орыс сыныптары ашыла бастайды. Содан қазақ мектебі Баянауылдағы алғашқы коммунист жастар мектеп үйінің ғимаратына көшіріледі. Бастапқыда қазақ мектебі қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің шоқ жұлдызындай жарқ еткен ақын Сұлтанмахмұт есімімен аталып, 1971 жылы актер, КСРО-ның Халық әртісі Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың есіміне ауыстырылды. Сол уақыттан бері осы атаумен аталып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы желтоқсанда мектеп жаңа екі қабатты ғимаратқа көшірілді. Ол ғимаратта қазір Баянауыл аграрлы-техникалық колледжі орналасқан. 2007 жылдан қазақ гимназия мектеп-интернаты, 2010 жылдан қазақ гимназиясы болып аталса, 2015 жылы Баянауыл мектеп-интернатымен біріктіріліп, Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты болып қайта құрылды. Мектебіміз ашылған уақытта ең алғашқы директоры жазушы Зейтін Ақышев болған екен. Мектебіміздің алғашқы түлегі әрі ардагер ұстаз Рамазан Жұмабеков 1939 жылы салынған қазақ мектебінің салынуына өз үлесін қосқандығын айтады. Сексен жылдыққа орай түрлі шаралар, конференциялар жоспарлануда.
Мектеп әкімшілігі 80 жылдыққа орай, ең алдымен, әр жылдары мектеп бітірген түлектердің тізімін жасап, анықтамалық ретінде қолданып,әр жыл түлектерінің топтасып түскен суреттерін жинап жатыр. Сондай-ақ, оларды біріктіріп, архивте сақтауды ойластыруда. Оған қоса, «Алтын ұя-мектебім, біліміңмен көктедім» атты кітап шығару ойда да бар.
2019 жылғы түлектер – Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының 80-інші түлектері. 11 «А», 11″Ә» сынып жетекшілері: Джанкулова Ботагоз Баймурзаевна мен Жусупбекова Айнагүл Қалымбекқызы.
Мектебіміздің 80 жылдық мерейтойымен орайлас, 80-ші түлектері атану – біз үшін мақтаныш! Барша мектеп бітіретін түлектерге және өзімнің сыныптастарыма келер жылы барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, ата-аналарымыздың үкілі үмітін ақтауларына тілектеспін. Мектебімізден ғылым кандидаттары, докторлар, академиктер, батырлар шыққан. Осы тұлғалардың асқан белестері мен жасаған еңбектері келешегі кемел жас ұрпаққа үлгі өнеге. Мен осындай керемет тарихы бар білім ордасында оқығанымды мақтан тұтамын.
ТӨЛЕГЕНОВА Аяулым,
Ш.Айманов атындағы
ЖОББ мектеп-интернатының
11-сынып оқушысы
Баянауыл ауданы, Павлодар облысы