Мақсаты: Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі, қырман басы тазаланып, бау-бақша жиналып, құс базары тарқайтын тамаша күз мезгілін паш ету.
Керекті құрал жабдықтар: Музыка залы мерекеге орай безендірілген, күз тақырыбында баннер ілінген.
Кейіпкерлер: Күз ханшайымы, аю, шаруа
«Күз тамаша» әнін хормен айтып ортаға шығады. (әнге балалар би билеп, орындарына отырады).
Жүргізушілер ортаға шығады.
Каусар: Армысыздар, құрметті ата-аналар және қонақтар! Күз мерекесіне арналған ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Мадина: Уа, халайық,
Мұнда назар салайық!
Мерекесі халықтың,
Алтын күзге арналған
Кешімізді бастайық..!
Каусар: Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді. Ендеше ортаға, жайдарлы күз!
Мадина: Жомарт күз!
Каусар: Аяулы күз!
Мадина: Алтын күздің белгісі — Күз ханшайымын
Каусар, Мадина: қарсы алайық!
(күз ханшайымы келеді)
Күз ханшайымы (Адина):
Сәлем, өрен достарым
Алақанды тос бәрің.
Қымбат сыйлық алыңдар.
Қызығыма қаныңдар,
Ән салыңдар, күліңдер.
Жайнап гүлдей жүріңдер.
Келіңіздер, күз тойын тойлайық.
Би билейік, ойнайық!
Нариман:
Армысың сары алтындай Алтын күзім.
Күн нұрын төккендей боп жапырағың.
Қарсы алып біз өзіңді тұрмыз міне,
Алтын күз деп өзіңе айдар тағып.
Төрлет, Күз ханшайымы, біздің қонағымыз бол!
Шахризат:
Күз – жазира даланың дархан дастарханы. Күз дегеніміз – байлық, молшылық. Күз дегеніміз – қауырт еңбек кезеңі. Олай дейтініміз, бұл мезгілде жеміс-жидек, астың пісіп жетілуі, күзде мал да, аң мен құстар да қоңданып, семіреді. Күзде қыс қамы жасалады, сондықтан адам да, жануарлар да, өсімдіктер де қысқа әзірлік жасайды. «Шаруа мен аю» ертегісін тамашалаңыздар!
Автор: Шаруа шалқан екпекші болып, жер жыртып жүреді.
Аю билеп кіреді.
Шаруа (Олжас): Мені құрта көрмеші, аюжан, онан да бірігіп шалқан егейік. Сабағын түгел сен ал, маған түбірін берсең болды.
Аю: Сен өзің ек! … Мен күзде келіп алып кетем.
Автор: Күз келді. Жел соқты…
Би (күз мезгілін сипаттайды): «Жел»
Шаруа шалқан қазуға барады. Шаруа жапырағының бәрін аюға жинап береді, өзі шалқанды алып, кете барады.
Аю шалқанның жапырағын жек көреді.
Аю (Алихан): А- а! Сен мені алдап соқан екенсің. Түбірдің тәтті екенін айтпадың.
Автор: Келесі жылы шаруа сол жерге бидай еккен екен.
Ернат: Дала біткен жайдары
Құлпырыпты, түлепті,
Ақ бидайды айдарлы
Жапан түзге кім екті.
Елжас: Диқан бабаң екті де,
Еңбектен еш қайтпады.
Алдыңа кеп төкті де
Нанды үйіп тастады.
Мұхаммедали: Нағыз сары алтындай сары күз — қыркүйек айы. Ол – еңбек айы. Күзгі маусымның екінші айы – қазан. Бұл ай – мереке басы. Диқандар бұл айда сабантой жасайды.
Аю: Енді сенің алдауыңа көне қоймаспын. Бидайдың басын сен аласың, түбірін мен алайын.
Автор: Шаруа бидайдың дәнін қаптап алады.
Аю бидайдың тамырын жек көреді.
Ал аю бидайдың тамырын жеуге болмайтынын енді біліп, қатты ашуланады. Міне содан бері шаруаға аю ренжіп қалыпты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».
Ән: «Ақ бидай»
Тәрбиеші: Ендігі кезекте қызықты шағын жарыс ұйымдастырсақ. Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың өнерін тамашалап отырсыздар, кезек сіздерде.
(Көкөністер мен жемістеhl3 пайдалана отырып бір бейне жасап шығару керек)
Мадина: Қараңдаршы, көзің тоймас қарасаң. Күз деген — бір жақсы уакыт. Ой да, қыр да, бір молшылық жатқан шалқып. Неге айтамыз алтын күз деп?
Томирис: «Алтын күз» деп
Біз айтамыз сол үшін де,
Сары алтындай, сары қауын
Көп піскен соң бақ ішінде.
Қарақат:
Жаңа піскен алмабаққа
Көзің тоймас қарасаң да,
Қараңдаршы, сары алтындай
Жапырақты қайың, талға.
Мұны көріп күзді қалай,
Теңемессің сары алтынға.
Каусар: Міне, балалар, әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар.
Мадина: Еңбекті талап ететін күз мезгілі бізді дәрумені көп көкөніс жемістерге байытады.
Каусар: Егін орып, сары алтындай бидайымыз жиналады.
Мадина: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Тәрбиеші: Бүгінгі мерекеге жиналған қауым, бұл – барлығымызға ортақ молшылықтың, байлықтың мерекесі. Мереке құтты болсын! Нан болса ән де болады. Айшаның орындауында
«Күз бояу» әнін қабыл алыңыздар.
Құттықтау сөз балабақшамыздың әдіскері Алиева Гулсая Көшербайқызына беріледі.
Осымен мектепалды «Жұлдыз» тобының «Алтын күз әсем айналам, еліне береке сыйлаған» атты ертеңгілігіміз соңына да келіп жетті. Сау болыңыздар!
Әбіш Әсел Қайратқызы,
№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,
Мектепалды даярлық «Жұлдыз» тобының тәрбиешісі,
Астана қаласы