Еуропада қайта өрлеу дәуірі енді басталар шақта ғылым жекелеген ауқатты адамдардың қолдауымен дами бастағанын білеміз. Яғни, ғылымға, өнерге құштарлығы бар ақсүйектер талапты жастарға қолдау көрсетіп отырған. Сәл кейінірек алғашқы колледждердің ашылуына мұрындық болған да солардың ізбасарлары. XVII ғасырда құрылған бір белгілі университеттің тарихын еске алайық. Байлығының жартысын, сондай-ақ өзі жинаған 400 кітапты көмек ретінде колледжге берген ағылшын миссионері Джон Гарвард кейін сол колледж өзінің атымен аталып, әлемнің ең атақты университетіне айналатынын білмеген де еді…
Меценаттық, жанашырлық – қазақ даласында да ертеден келе жатқан дәстүр. Қолымызда бар нақты деректерге сүйенсек, XIX-XX ғасырлардағы Хасен Ақайұлы, Ике Әділұлы, Медеу Оразбайұлы, Жәңгір Бөкейұлы, Қаражан Үкібайұлы секілді, Маман байдың балалары сияқты, тағы да басқа көптеген есімдерге кезігеміз, әлі ашылмаған тұлғалар қаншама… Бұл өз алдына үлкен зерттеуді, насихатты қажет ететін шаруа. Ал бүгін біз сол дәстүрді жалғап келе жатқан бір меценат туралы айтпақпыз.
27 қазан күні Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында «Алтын жүрек» сыйлығының салтанатты түрде табыстау кеші өтіп, Жезқазған көлік және бизнес колледжінің құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды. Бұрын да «Бекзат ағадан көмек сұрадым», «Бекзат аға қолдау көрсетті» деген сияқты сөздерді жас өнерпаздардан, әсіресе ақын-жазушылардан естіп жүруші едік. Бұл жолы сол еңбегі ресми мойындалғанын көрдік. (Жүлде Бекеңнің жасаған көптеген қайырымды істері үшін берілді. Оның бәрін тізіп жатпаймыз. Және бұрынырақта да осы салада алған атақтарын айтып отыруды қажет деп таппадық).
Сол күні, Абай атындағы Опера және балет театрында айтулы сыйлықты алып тұрып Бекзат Алтынбеков мына мазмұнда бір сөз айтты: «Осы күнге жеткенім үшін, 41 жас ғұмырында бізге үлгі көрсетіп кеткен Ғомар әкеме, 37 жасында 13 баламен қалып, соларды өсірген асыл анам Қайынжамалға рахмет айтамын». Осы сөздерді айтылғанда сыйлықты ұсынып тұрған саясаттанушы Досым Сәтбаев ерекше ризашылықпен қол соқты, шапалақты жалғаған көпшілік те айрықша тебіренгені байқалды.
Бүгінгі меценат, үлкендерге ізетті іні, жастарға қадірлі аға болып жүрген Бекзат Алтынбековтің осы дәрежеге жетуі бірден бола салмағанын жоғарыдағы сөзінен аңғарған боларсыз. Он бір жасында әкесіз қалып, сол сәттен бастап отбасындағы өз жауапкершілігін сезіне бастаған, анасына сүйеніш, қорғаныш болуды мұрат ете білген, ерте оянған бала еңбекке де ерте араласады. Мектепті бітірген соң, кәсіби техникалық мектепке түспек болады. Алайда анасы үміт еткен ұлы жоғары білім алғанын қалайды, сол үшін де емтихан тапсыруға университетке аттандырады. Жоқ, бұл жолы түсу бұйырмай тұр екен. Бірақ бұған бозбала Бекзат қуанбаса, мұңаймайды. Оқуға жұмса деп берген ақшаға сол жылы тұрмысқа шыққалы жатқан апасының тойына керекті заттарды алып келеді. Бұл оның сәтсіздіктен жеңіспен, қиындықтан абыроймен шыға алатын қабілетін аңғартпай ма?
Сол жылы жүкші болып жұмыс істей бастапты. Дегенмен көп ұзамай бір кездері Ғомар марқұмның жақсылығын көрген аудандық газеттің бас редакторы жұмысқа шақырған екен. Бұл жаңа өмірдің, ағартушылық-қайраткерлік өмірдің басы еді. Одан соң бірнеше жыл өткен соң Бекзат Алтынбеков Жезқазған қаласына келіп, «Дидар» телеарнасына жұмысқа тұрды, Жезқазған университетін тарих мамандығы бойынша бітірді. Дипломы бар маман ретінде қызмет жолын мектепте бастап, ақыры жекеменшік оқу ордасын ашты. Ол оқу орнын барынша сапалы, бәсекеге қабілетті мекемеге айналдыру үшін бүгінде барын салып жүр. Алматы мен Астанадан елге белгілі тұлғаларды шақыртып, студенттерімен кездестіріп жүретіні соған бір дәлел. Ал оқытушылар мен студенттерді қалай қанаттандыратынына сәлден соң бір тоқталатын боламыз…
Былтырғы жылдың басында Бекзат ағамен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында таныстық. Мен оған дейін бұл кісіні меценат ретінде танып үлгергенмін, сөз басында айтқанымдай, сыртынан талай адамнан жақсы пікір естіп қалғанмын. Қызық болғанда, ол кісі де мені таниды екен. «Ұлытаудан шыққан жас жазушысың ғой, Мұқан, Баубектердің жолын жалғайды деп қуанып жүрміз» деп әрі арқаландыра, әрі мойнымдағы жауапкершілікті ескерте сөйледі. Сол таныстығымыз кейін күшейе түсті. «Бекзада» деп ат қойып, республикалық журнал аштық. Сол жылы екі нөмірін жарыққа шығарып үлгердік, көп басылымдардай болмайық деп, авторларға қаламақы да бердік. «Қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесіміз болсын, оның үстіне жағымсыз ақпарат көбейіп кеткен заманда құрметке лайықты адамдарды насихаттайық, жақсы сөз айтайық» деп бастама көтерген, кейін осындай қисапсыз шығынға тәуекелмен бас қойған, әрине мен емес, Бекзат аға…
Сол былтырғы 2015 жылы жазда Жезқазғандағы Бизнес және көлік колледжінің дәстүрлі жиыны өтті. Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрының ғимаратында колледждің ұстаздарына, студенттеріне, сондай-ақ қала мектептерінде оқитын оқушыларға Бекзат Алтынбековтің атынан степендиялар табысталды. Ең үлкен сыйлық – пәтердің кілті болды. Иә, бұл өтірік, не әзіл емес. Колледждің бір қызметкеріне Жезқазған қаласынан бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сөз кезегінде Бекзат Алтынбеков жыл сайын болмаса да, төрт-бес жылда бір рет осындай қомақты сыйлықты бір қызметкерге тапсырып тұруды жоспарлағанын айтты.
Бекзат Алтынбековтің түсінігінде қайырымдылық жасау – ерекше бір артықшылық емес, кәдімгі адамға тән табиғи қасиет. Өзі қиындық көрген адам мұқтаждың жағдайын жақсы түсінеді. «Бауырыңның мұқтажын ол өтініш жасағанын күтпей, қолыңнан келсе өтеп бер» дейтін Әзірет Әлінің сөзі еске түседі. Сәл мүмкіндікті пайдаланып абырой жинап қалу, қолдан келсе қарымта дәмету – жүрегі кең, санасы биік адамға жараспақ емес. Бұндай түсінік, Таласбек Әсемқұловша айтқанда, қондыгер қазаққа тән. Ұлы Даланы жайлаған көшпелі жұрт бұ дүниеге байланбай, өзара жомарттықта жарысып, сыйластықты бәрінен жоғары қойды ғой. Сол әдет Бекеңнің жеті атасынан өтіп, өткен ғасырдың соңында Ғомар әкесінен аманат болып қалғандай. Азаматтың берекесі арта түссін, көңіліне қаяу түспесін, жүрегі ауытқымасын деп тілейміз.
Арман Әлменбет