«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының
аға оқытушысы
Даулбаев Махамбет Орынғалиұл
2014 жылғы 21-22 мамырда Халықаралық І Алматы мәдени форумында ғалымдар археологиялық — қазба, зерттеулер жұмыстарына сүйене отырып, Алматының ірге тасы қола дәуірінің соңында, темір дәуірінің басында қаланды деген шешімге келді. Форумға қатысушылар қазіргі Алматыны ТМД елдері арасындағы ең үлкен қала деп айтуға болатынын айтып, ТМД елдерінің мәдени астанасы деп атауға бірауыздан келісті. Себебі Алматы қаласының мың жылдық тарихы бар.
Бүгінгі күні біз Алматының талай дәуір сынынан өткенін, тіпті алысқа бармай ақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы қалада еліміз үшін ең маңызды шешімдер қабылданғанын білеміз. Алматы қаласында Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланды, Қазақстан Респубикасының Конституциясы елімізді мекен еткен халықтардың Референдум арқылы қолдауымен бекітілді. Ел рәміздері жасалып, өз тұғырына орнады. Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Қазақстанның орталығы, Еуразия кіндігі, Сарыарқа төсі Астанаға көшіруде осы жерден басталды.
Алматы қаласының мерейтойын тойлау түркі елдерінің өкілдерін шақырып наурыз мейрамын түркі халықтарының мұрасы ретінде тойлаудан биылғы жылғы 22 наурызда басталды. Осы наурызда Алматы қаласында «Мың жасаған шаһар» атты Халықаралық айтыс өтті. ЮНЕСКО Қазақстанның ұсынысын қолдап, Алматыны көне тарихы бар қала ретінде халықаралық күнтізбеге енгізді.
Қазақстанның, әсіресе Алматының халқы қыркүйектің үшінші аптасында қаланың мерейтойы күнін атап өтеді. Елбасының тапсырмасымен тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Алматының мың жылдығына арналып, универсиадаға дайындық барысында құрылыс жұмыстары аяқтала келген үлкен мұз айдындары, атлетикалық қалашық күзде халық игілігіне берілетіндігін бір баспасөз мәслихатында қала басшысы Б.Байбек тілшілерге берген сұхбатында айтқан.
Екі миллионға жуық халықтың көрікті мекені, мәдениеті мен экономикасы өрлеген, адам баласын сұлулығымен тамсандырған бұл Алматы — біздің Оңтүстік астанамыз. Тылсым табиғатымен тамсандырған, Жер жанаты Жетісудың төрі, Таулары аспанмен таласқан, Алатау шыңдарын қар басқан, күні түгел, түні де әсем Алматы республикалық маңыздағы әсем қала, қазақ халқының зиялы қауымы тұратын мәдениеттің қаласы. Алматы қаласының ТМД елдерінің мәдени астанасы болуы қазақ халқы үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, Мұнайлы астана Атырауда тұратын біздер үшін де үлкен қуаныш.
Оңтүстік астанамыз Алматының 1000 жылдық мерейтойы құтты болып, Мәдениеттің астанасы Алматы қаласының абыройы асқақтап, күннен күнге өсіп, өркендей берсін демекпіз!