Home » Шығармашылық бұрышы » Алматы алмасымен ғана атақты емес…

Алматы алмасымен ғана атақты емес…

Алматым, аңсарым-ай, ардақ құсым,
Алаштың баласының арманысың.
Аспанға Алатауым қол созады,
Арманың ақындардың жалғау үшін.

Саған ән де арнағым келеді, ақпа-төкпе күймен тербетіп, ағынды жырдың тасқынына да орағым келеді. Шамам келгенше, кеудемдегі ең отты сезімдерімді сен туралы шығарма-ескерткішіме сыйғызсам деймін. Алматым, сенің мың жылдық мерейтойың да атап өтілді. Алматым, әсем қалам, шағын шығармамды теңізге тамған тамшыдай көріп, қабыл ал!..

Сенің асқар тауларың мен сарқырап аққан өзеңдерінді әрқашан мақтан тұтамын. Талай-талай ақын-жыраулар саған арнап жалынды өлең жолдарын жазған. Қаншама мықты батырларымыз сені қорғаймын деп жандарын құрбан етті. Менің Отаным ̶ Қазақстан болса, туған қалам   ̶ Алматы. Саған деген махаббатым шексіз! Мен әрқашан, қай елде жүрсем де, өзімнің қазақ екенімді, Алматының қызы екенімді мақтанышпен айтамын.

Бірінші сынып оқушысы болғанда сүйікті қалама өлең жолдарын да арнағанмын.
Алматы әсем қала,
Алматы нұр қала.
Өзіңмен бірге әрқашан,
Өсемін кең дала.
Шамдары жарқыраған
Алматы қаласы.
Шымбұлақтай таулары
Қызықтырар адамды.
Алматының алмасы,
Жесең дәмі кетпейді.
Алматының алмасына
Ешбір алма жетпейді!
Ал, енді, сүйікті қаламның тарихы туралы аздап сыр шертсем деп едім. Б.з.д X-IX ғ.ғ қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған дәлел ̶ ерте кездегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы. Б.з.д VII ғ. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. X-XIV ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланыстарына айналды.
1867 жылдың 11 сәуірінде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталды. Содан кейін, өзімізге белгілі Алматы қаласы деп өзгертілді. Алматы деп бекер айтылмаған. Апорт алмасының астанасы ̶ біздің қаламыз табиғи байлықтарымен ерекшеленеді. Ғажайып көрініс, ұшақ қарлы шыңдарды бетке алып ұшып келе жатқанда еріксіз таңданасың. Кез- келген туристті Көктөбенің сұлулығы, Медеу мен Шымбұлағымыздың естен кетпес бейнелері таңдандырмай қоймайтыны анық. Шымбұлақ ̶ Іле Алатауындағы шыңға көтерілудің ең кереметінің кереметі деуге болады. Оның шыңынан бүкіл Алматыны алақандағыдай көруге болады. Осы Шымбұлақ арқылы қала сел тасқынынан қорғалды. Сондықтан да туған жеріміздің әсем табиғатын, қазба байлықтарын қорғап, аялап, қамқор болу ̶ әр Қазақстанның азаматының парызы деп ойлаймын.

Қазіргі таңда қаламыз одан әрі гүлденіп, өсіп келеді. Қазақстанның екінші астанасы болып саналады. Неше түрлі ойын-сауық, сауда-саттық орталықтары, курортты аймақтар ашылып, мемлекетімізде туризм дамып келе жатыр. Оған Алматының да үлкен үлесі тиіп жатыр. Өткен 2017 жылы оңтүстік астанамызда қысқы Универсиада ойындары болып өтті. Ол да біз үшін үлкен мәртебе.

Туған жер, қасиетіңнен айналдым, сен дегенде кішкене ғана жүрегім тулап қоя береді. Туған елін, туған жерін сүйген біздің елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын біз, жастар, қолдай отырып, әрбір ел басқару жұмысындағы қадамдары бізді таң қалдыра отырып, жаңаша бастама, жаңа ой тудыруы бізге үлгі. Міне, енді, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы нағыз елін сүйген азаматтың үні деп қабылдаймын. Өзге жасөспірімдер де дәл осы ойда деп ойлаймын. Мен өзімнің туған елге деген сүйіспеншілігімді Қасым Аманжоловтың «Туған жер» атты өлеңінен үзінді келтіре отырып аяқтағанды жөн көрдім.

Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің!
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердін маған барынды,
Мен де аямай барым саған беремін.

Молдабаева Диана Баймолдақызы,
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы,
№87 жалпы білім беретін мектептің
11 «А» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.