Home » Айтарым бар » Алладан кейінгі құдіретті-Ана

Алладан кейінгі құдіретті-Ана

Адам баласы інгәләп өмірге келгенде көзін ашып алғашқы көретін ана ғой. Сол ананың құшағында дүниенің кеңдігін танып жетіледі, өмірдің өрісін өлшеп өседі. Өйткені ана саған тіршілікті сыйлап қана қоймай түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп, мәпелеп қарайды бар мейір-шапағатын төгеді. Бесігіңді тербете отырып, ана әлдиін айтып ән салып,еңбектегеніңе елжіреп тәй-тәйлағаныңа тамсанып, қылығың шыққанда қуанып айналасына жар салып, өзіңе өпектен шаттығыңа шаттық қосады, бар тәттісін саған ғана тосады.Алты жасқа толғанда мектепке ертіп барады да сол, сегіз жаста «Перзентім ержетті» деп қуаныштан көзіне жас алатында сол, кәмилет шаққа жеткенде, балалықтан өткенде, ақылын айтатында сол, қалыс бассаң сынмен қарап, түсіністікпен басын шайқайтын да сол, аңғалдығыңа  кіршіксіз ақ пейілмен күлгенде сол,бұралаң тағдыр жолында өз арнаңды тауып, сүрлеуіңді шауып, бағытыңды түзейтінде сол, сапарға шықсаң үйде отырып тілеуіңді тілейтінде сол асыл ана ғой, шіркін.Ұлы ержетсе үйлендіріп, бар сырын ұға алатын, қызы бой жетсе тұрмысқа шығаратын, біреуін үй болғанын тойлап, екіншісісінің болашағын ойлап, бойына бірде шаттық, бірде мұң алатында мың жасағыр анамыз біздің. Ия ана біз үшін отқада суғада түседі, керек болса шыбын жанын құрбан етуге дайын. Ал біз ше?

Тұрмысқа шығып,үйленіп, күйеу болып, келін болып, оңаша отау құрып, өз алдыңа шаңырақ орнатып, жанұяңды асырайсың, күнделікті күйбелең тірліктің  әрі аспайсың, сөйтіп жүріп анаңды ұмыта бастайсың.Бір қызыңа жақын тұрсаң, оның барып қолын алып, суын әкеліп отының шаппайсың, алыста тұрсаң сымтетік арқылы да хабарын білуге уақыт таппайсың, білгенің тек өз қамың, соны ғана баптайсың.Ал анаң сонда да саған ренжімейді, бала кезіңде әнтек қылығыңды қалай кешірсе, кешіріммен көңілді өсірсе, кейін де кемшілігіңді жасырып, артықшылығыңды асырып, перзентінің амандығын тілей береді,сөйтіп аналық парызының жетегінде түлей береді. Ал сол парыз біз үшінде қарыз екенін кейде ұмытып кетеміз. Ана Алладан кейінгі құдірет екенін ұмыта жаздаймыз.Есейсек болды, өзімізді үлкен санаймыз, ал ана үшін біз қырықтан ассақ та, елуге аяқ бассақта тіпті алпысты аттап, жетпісті таптай жүрсек те сол баяғы баламыз. Ия, көкірегіне бас қойсаң- Жәннәтқа барар есік ашылар, аяғына бас қойсаң Меккеге барар жол ашылар сол құдіретті Ұлы Ана менде де бар еді! Сол анам тағдырдың таудай таукіметін тартып, аяздай қарыған азабын көрсе де мойымай  айбаттанып, қиыншылыққа қажымай қайраттанып, біздің жүрегімізге үміт гүлін еккен жан, ақылмен, сабырмен мақсатына, жеткен жан, байлық мастанбай, молшылыққа астанбай, тәкәппарлыққа тәрк етіп, бірлік пен ынтымақ, ырыс құтты бағалап, жақсыларды жағалап, ерінбей жасаған еңбегінің жемісін , төккен төрінің қол жеткізген нанын адал тауып жеп,адамгершілікті жанына серік етіп, ақ үмітін үрлейтін көрік етіп, біздің болашағымызға сеніп  өткен жан, қарап тұрсам, қайсар, қайраң неткен жан.

Бәрін басынан бастасам, менің анам Саттарова Құрбанкүл соғыс біткенмен, сол ұрыс салған ел жарасы жазылмай, қиын-қыстау күндердің азабы арылмай, шаруашылықты көтеретін сау адам табылмай,жұрт есенгіреп жүрген 1949 жылдың 1-ші қыркүйекте шырылдап дүние есігін ашыпты. Әке-шеше мейріміне қандырмаған қу тағдыры ата-анасын үш жастан асар аспас алып кетіпті де жетімдіктің зардабын тартып өсіпті, жылап жүріп жетіліпті.Олардан қалған екі ұлы, екі қызы болғандықтан, екі ағасы қос қарындасын қолдарынан келгенше қамқорлық жасап, ешкімнен кем етпеуге тырысып, тәрбиелеп өсірді.Тағдыр тауқыметін бала жастан тап болған бой жеткен  бар ызасын еңбектен алып, жұмыспен жұптасып өсті.Сөйтіп жүріп Әкем- Әлқожаға жолығып, екеуі көңіл қосып, отау тікті.Балалықтан бал дәмін көрмей, аңғал шақта алаңсыз ойнап,құрбыларымен гүл теріп, көбелік қуып, сол дәуренін шалқып жүріп өткізу бұйырмаса да, ақ жаулық тартып келін ету нәсіп етіпті. Сөйтіп Жылға ауылына келін болып түсіп,ата-енесін өз әке-шешесіндей көріп, баяғы ала алмаған аналық мейірді  енесінен күтті, олардың көңіліне қарап, қабақтарын бағып, «Қарғыз алма- алғыс ал»қағидасын сақтап, әдептіліктен аспай, сол киелі шаңырақ астынан етегінен 5ұл, 5қыз өрбітті Шаңырақты шаттыққа бөлеп ибалы келін, он бала туған Батыр анаға айналады.Балалықтағы жетімдік шақ, қиналған кезең, тығырнаққа тірелген тұстар жылдар өте ұмытылып,оның есесін енді қайтара бастаған шақта, тағдырдың тағы да бір қара бұлты өмірінің ашық аспанын кенеттен торлап алды 2001 жылы өмірлік жары Әлқожадан мәнгілік айрылып, жарты жолды жесір қалды. Пісіп тұрған жемісінің дәмін татып үлгермей небәрі елу жасында  кенеттен қазаға ұшырап,соңына жақсы ат пен ұрпағын қалдырып,жалған дүниені тәрк етип кете барды.

Әке қазасы ешқайсымызға жеңіл соқпады, бәріненде бұрын анамыздың саулығын ойлай бастадық. Өткені асқар таудан айырылған соң анамыз тағы да белін буып, сол қайсарлығын салып қиналғанын білдірмей еңбегін жалғастыра берері даусыз еді.Біз үшін барлық нәрсеге дайын анамызды сыйлап,аялап ауырын жеңілдетуге тырыстық.Сағат тілі сырт-сырт етіп күнді аптаға ұлап,аптаны айға ұластырып,арадан  жылдар зымырап өте шықты.Бір емес бір неше адам басына ауыр болар қасіретті жеке,басымыздан өткізген анамыз әкемнен соң сүйікті ұлын да жер қойнына берді.

Анамның маңдайына түскен әрбір әжім  тағдыр тауқыметінің іздері екені айқын еді.Сөйте тұра тоғыз перзенті үшін еңсесін көтеріп аяққа тұрғызды.Сол үшінде ана алдында перзент қарызы мәнгілік екенін ұмытпаңыз.Біз үшін Алладан кейінгі-Ана екеніне сенімді едік.

Мен қазір 45 жастамын өзім де анамын, бес перзенттің тәрбиелеп өсіріп жатырмын. Баяғы анамның күнін кешіп, солардың жағдайын жақсартуға  тырысып жүріп,сол кезгі қиын шақтағы анамның басынап кешіргенін енді ұғынғандаймын. Асыл ана біз үшін не істемеді.Басын тауғада соқты, тасқа да ұрды, сөйтіп жүріп бізді жетілдірді,енді біз сол істі алға сүйреп келеміз.Біздің өмірге келіп тіршілік кейпіне дұрыс бағдар, жақсы бағыт алуымызға үлесін қосқан,аямай тәрбиесін берген ата-анама алғысым шексіз рахметім көп ризашылығым мол. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүргенімізде шілденің      алтыншы жұлдызында анамыз өмірден озды.Анаға деген сағынышымды осы ақ параққа сыйдыра алсам ғой шіркін.

Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам.Сондықтан Алладан кейінгі құдіретті-Ананың қадіріне жете білейік!

Алтын анам-жаның жәннаттан болсын, сіздің атыңызға кір келтірмей тәрбиелі отбасы болуға ұл-қыздарыңыз атынан сөз беремін!

 

Бақтыгүл Әліқожақызы
Сарағаш қаласы
ЖШС«Гүльжан» балабақшасының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.